11 Шілде 12:22
...

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтап қалды

базалық мөлшерлеме
Фото: Ұлттық Банк

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Алматы, NEGE. Жылдық инфляция маусымда 11,8% болды. Барлық компонент бойынша бағада өсім байқалады. Тарифтік реформаларды іске асыру аясында реттелетін қызметтердің, сол сияқты нарықтық қызметтердің қымбаттауы есебінен қызмет секторы (16,1%) бұрынғыша баға өсіміне себеп болып отыр.

Сонымен қатар импорттық тауарлар мен ауылшаруашылық өнімдерінің негізгі түрлері қымбаттауына байланысты азық-түлік инфляциясы (10,6%) да айтарлықтай үлес қосты.

Инфляцияның айлық динамикасы 0,8%-ға дейін баяулады. Инфляцияның орнықты бөлігіндегі көрсеткіштер біршама өсті: базалық инфляция – 0,9%, маусымдық факторларды ескермегендегі инфляция 1,0% болды. Бұл тарифтік реформалардың жалғасуы, фискалдық ынталандыру және жеке кредиттеудің жоғары өсу қарқыны қолдап отырған орнықты тұтынушылық сұраныс аясында инфляциялық қысым сақталғанын көрсетеді.

Алдағы 12 айға халықтың инфляциялық күтулері төмендеді, бірақ олар әлі де жоғары және құбылмалы.

Негізгі сауда-серіктес Ресейде инфляцияның баяулауына байланысты сыртқы инфляциялық қысым біршама әлсіреді. Азық-түліктің (дәнді дақылдарды есепке алмағанда) әлемдік бағасы жоғары болып қалып отыр. Дамыған экономикаларда инфляция жыл басынан бері төмендеп келеді, алайда, орталық банктер белгісіздік күшейіп келе жатқанын айтады. Осыған байланысты жетекші орталық банктер өз саясатында сақ және ұстамды. ЕОБ экономикалық белсенділікті қолдау үшін мөлшерлемелерді төмендету үрдісін тоқтатқан жоқ. Алайда, баға қысымына тәуекел артқанын атап өтті. Ал ФРЖ сауда және фискалдық саясаттағы өзгерістерге байланысты белгісіздік жағдайында мөлшерлемелерді төмендетуді тоқтатты. Инфляцияның баяулауына байланысты Ресей Банкі маусым айында негізгі мөлшерлемені 20%-ға дейін төмендетіп, 2026 жылы инфляцияны нысанаға қайтару үшін қажет ақша-кредит шарттарының қатаңдығын қамтамасыз ететінін атап өтті.

2025 жылғы қаңтар-мамыр айларында экономикадағы өсім 6%-ды көрсетті. Жоғары өсу қарқыны көлік саласында (23,1%), құрылыста (15,4%), саудада (7,8%) байқалады, сонымен қатар тау-кен (7,8%) және өңдеу (6%) өнеркәсібінде іскерлік белсенділік артып келеді.

Тауарлар мен қызметтерге ішкі сұраныс жоғары. Оған тұтынушылық кредиттеудің жоғары қарқыны да ықпал етеді (мамыр айында ж/ж 32,4%). Бөліп төлеу құралының сұраныста бар екені, белсенді маркетингтік акциялар, кредит алудың оңайлығы және орнықты жоғары инфляциялық күтулер секілді сұранысты қолдайтын бірқатар фактор да сақталып отыр. Жеке инвестициялар, сол сияқты бюджет қаражаты есебінен инвестициялық белсенділік үздіксіз қарқын алып келеді (қаңтар-мамыр айларында – 18,2%).

Сонымен бірге, ішкі ортада базалық мөлшерлеменің дезинфляциялық әсері іске асырылып жатқан алтын-валюта операцияларын «айналау» шаралары, минималды резервтік талаптарды (МРТ) қайта қарау және тұтынушылық кредиттеуді төмендетуге бағытталған макропруденциялық шектеулерді енгізу есебінен күшейетін болады. Үкімет жариялаған коммуналдық қызмет тарифтерінің өсу қарқыны мен мерзімін қайта қарастыру қосымша оң әсерін беріп, ақылы қызметтер бағасының өсуін реттеуге мүмкіндік береді.

Үкіметпен арадағы үйлестіру шараларын күшейту инфляциялық қысымды төмендетуде ерекше рөл атқарады. Бұл ең алдымен фискалдық шоғырландыруды және макроэкономикалық балансты нығайтуға бағытталған бірлескен шараларды іске асырумен байланысты.

Қазіргі жағдайда ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты Ұлттық Банктің қосымша шараларымен бірге инфляцияның өсуін тежейтін болады. Жеке кредиттеу нарығын «салқындату» бойынша қабылданып жатқан микро және макропруденциялық шаралардың әсері біртіндеп күшейеді деп күтілуде.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім болжамды раундтың нәтижелеріне негізделетін болады, оның аясында макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдары да жаңартылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 29 тамызда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.