6 Тамыз 13:22

Талапкерлер жоғары балл жинаса да НЕГЕ грантқа түсе алмады?

Студенттер
Фото: ЖИ

Бұл сұраққа Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында жауап берді. 

Алматы, NEGE. Алдымен министр қандай мамандықтарға грант көп бөлінгенін, қай мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс аз болғанын түсіндіріп берді. 

«Қазір әлеуметтік желіде екі сұрақ көтеріліп жатыр. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың балалары жоғары ұпай алғандардың грантын алып алды деген ақпарат тарап жатыр. Мемлекеттік тапсырыс мемлекетке қажет мамандықтарға бөлініп жатыр. Инженерлік-техникалық, педагогикалық, IT мамандықтар, сондай-ақ биылғы су тасқыны, орман өртінен кейін су шаруашылығы, орман өрті мамандықтарына бөлінді. Біз жоғары балл алып, грант иегері атанбай қалғандарға анализ жасап көрдік. 10607 түлек 90 баллдан жоғары балл алған, бірақ грантқа ілінбей қалған. Су басқан өңірлерден 20 мыңнан астам түлектің жартысынан көбі жалпы конкурс бойынша өтті. Зардап шеккен облыстардан талапкерлер үшін барлығы 5 112 грант бөлінді. Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжаттарын тапсыру үшін мерзімі кеңейтілді, және конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілді», - деді Саясат Нұрбек. 

Министрдің айтуынша, талапкерлер мамандық таңдайтын кезде грант санына мән бермеген.

«90 балдан жоғары жинап, мемлекеттік білім беру гранттарын ұта алмай қалған 10 607 талапкерді мұқият қарастырайық. Бұл абитуренттер қандай мамандыққа тапсырған? Бірінші, ең көп адам тапсырған мамандық – Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. 3052 адам бұл мамандық бойынша грант ала алмады. Себебі біз бұған биыл 600 ғана грант бөлгенбіз. Тағы бір 941 адам грант ұта алмай қалған мамандық – Сән және дизайн. Биыл бұл салаға 205 грант бөлінген, ал тапсырғандар саны 1624 адам. Сурет өнері мен сызу пәніне дайындық мамандығына 120 грант бөлсек, 713 адам өтініш білдірген. Жоғары балл алып грант ұта алмай қалғандардың 70 пайызы мемлекетке сұраныс тудырмайтын мамандыққа тапсырған», - деді министр.