Суицид: Күйзеліске түскен адамға қалай көмектесу керек?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әрбір 40 секунд сайын әлемде бір адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. Демек, әр минут сайын біреу өз-өзіне қасақана қол жұмсауға әрекеттенеді.
Қазақстанда өткен жылдың қорытындысы бойынша, өз-өзіне қол жұмсағандардың жалпы саны 3,4%-ға өсті. Оның ішінде жасөспірімдер арасындағы суицид отыз пайызға артқан. 15 пен 24 жас аралығындағы жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері мен фактілерінің айтарлықтай өсуі мәселені одан әрі қиындатады. Өткен жылы елімізде 169 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған. Оның 27,8 пайызы балалар болса, 72,2 пайызы жасөспірімдер. Сонымен қатар өткен жылы әйел адамдарға қарағанда ер адамдар көп суицид жасаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша суицид – бұл денсаулық пен әлеуметтік әл-ауқаттың бірегей көрсеткіші, суицидтің жоғары деңгейі қоғамдағы дағдарысты көрсетеді.
Өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің көбеюін тек әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен түсіндіруге болмайды. Суцидке итермелейтін факторлар өте көп. Бір қарағанда адам қалыпты өмір сүріп жатқандай көрінгенмен, оның жан дүниесі күйзелісте болуы мүмкін. Суицид жасауға оқталған адамға дер кезінде көмек көрсетілмесе, арты қайғылы жағдаймен аяқталып жатады.
Суицидке итермелейтін ой қаншалықты қауіпті? Тығырыққа тірелген сәтте одан шығудың жалғыз жолы – суицид емес екенін қалай түсіндіруге болады? Осы сұрақтар төңірегінде мамандар әртүрлі кеңес береді.
Өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алудың ең маңыздысы – ақпараттандыру және психологиялық көмек. Тіпті, балалардың мектепте оқып жүрген кезінен бастап суицидтің тығырықтан шығаратын жол емес екенін айтып, саналарына сіңіру керек. Адамдарға бала кезінен олардың психикасы қалай жұмыс істейтінін, суицидтік ойлардың қайдан және қалай пайда болатынын түсіндіру қажет. Сенім телефондары, тегін психологиялық көмек көрсету орталықтарының үздіксіз жұмыс істейтінін және ол жаққа бару қалыпты және тіпті дұрыс екенін айтып отыру керек.
Біреуден өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін деп күдіктенсеңіз не істеу керек?
Әр адамның өзіне тән ерекшелігі, мінез-құлқы болады. Жақын адамыңыздың бойынан өзгеріс байқасаңыз оған бей-жай қарамаңыз. Көбінесе депрессиялық көңіл-күй суицидке алып келеді. Жақын адамның іс-әрекетіне әрқашан мұқият болу маңызды. Зерттеулер көрсеткендей, өз-өзіне қол жұмсаған адамдардың іс-әрекетінен жақындары өзгеріс байқаған. Мысалы, бұрын адамдармен араласып, көңілді жүретін адамдар тұйықталып қалған, әлеуметтік желіде өмір туралы жазбалар көп қалдыратын болған, көңілсіз музыка тыңдай бастаған, түсініксіз хоббимен айналысып кеткен. Өзіне тән емес мінезін байқаса да көп адамдар оған мән бермейді. Не болып жатқанын өзінен анықтауға тырысыңыз: жанында болыңыз, тыңдаңыз, көмектесуге тырысыңыз. Егер жақын адамның мінез-құлқы күрт өзгеріп, бірақ ол байланысқа түспесе, суицид қаупі болуы мүмкін. Сол себепті бірден психологпен байланысуыңыз керек.
Ал кейбір адамдар өзінің өлгісі келетінін жиі айта бастайды. Мысалы: «Мен бұған шыдай алмаймын. Мен енді өмір сүргім келмейді. Мен өз-өзіме қол жұмсағым келеді», - деген сынды мәлімдемелерді естіп қалып жатамыз. Бұған әрине мін береміз. Алайда, жай айтылған шығар деп түп-төркінін сұрауға тырыспаймыз. Өз-өзіне қол жұмсауды ойлап жүрген адамнан мынадай сөздер шығады: «Мен үшін алаңдамаңдар», «Мен саған қиындық тудырғым келмейді», «Менің ұйықтап, оянғым келмейді», «Жақында бұл ауырпашылық та басылады», «Мен оларды тастап кеткенімде олар қатты өкінетін болады». Ескертетін жағдай жақын адамыңыздың аузынан шыққан мұндай мәлімдемелерді ескерусіз қалдырмаңыз.
Қалай көмектесу керек?
1. ТЫҢДАҢЫЗ. «Мен сені тыдап тұрмын». «Барлығы сен ойлағандай жаман емес», «Сен жақсарасың», «Олай етпеу керек» сияқты жалпы сөздермен жұбатуға тырыспаңыз. Оған сөйлеуге мүмкіндік беріңіз. Сұрақтар қойып, мұқият тыңдаңыз.
2. ТАЛҚЫЛАҢЫЗ. Мәселені ашық талқылау күйзелісті жеңілдетеді. Бұл туралы айтудан қорықпаңыз. Суицид туралы ашық сөйлесіңіз. Адамдардың көпшілігі суицид туралы сөйлесу ыңғайсыз деп ойлайды. Әңгімелесу мен оны талқылау өз-өзіне қол жұмсауды туындатпайды, мәселенің ақ-қарасын түсінуге кқмектеседі.
3. МӘН БЕРІҢІЗ. Өз-өзіне қол жұмсауға күдікті жағдайларда жанама көрсеткіштерге де мән беріңіз. Мысалы, әзілдеп айтқан әрбір сөзге мұқият болыңыз.
4. СҰРАҚ ҚОЙЫҢЫЗ. Мінезінен өзгеріс байқаған жақыныңызға осы мәселеге қатысты ашық сұрақ қойыңыз. Егер ол өз-өзіне қол жұмсағысы келетінін айтса, барлығын нақтылап сұраңыз. Олардың сізге айтқанын мұқият тыңдаңыз.
Күйзеліс адамды суицидке итермелейді. Күйзелістің салдарынан адам болашағынан үміт күтпейді, ертеңі бұлыңғыр болып көрінеді. Ол көңіл-күйдің өзгеруі ғана емес.
Суицидтен болатын өлім-жітім барлық өлім себептерінің ішінде 5-ші орында. Ол жол-көлік оқиғаларынан болатын өлімді де басып озып тұр. Көбіне суицидке жастар барады. 15 пен 34 жас аралығындағылар арасында суицидтен болатын өлім бірінші орында тұр.
Өз-өзіне қол жұмсау туралы жиі айтатын адам психикалық ауруды бастан кешіріп жатқанын есте ұстаған жөн. Ол осылайша көмек сұрап, өз жағдайынан хабардар етеді. Мұндай жағдайды ешқашан назардан тыс қалдырмау керек.