16 Қаңтар 09:06

Токио-2021: Не күтеміз?

Фото:

Тарих қайталанып отырады деген рас-ау, сірә! Өткен жылы Токиода өтуі керек болған жазғы олимпиада ойындары осымен екінші рет кейінге шегерілді. 1940 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен XII жазғы олимпиада ойындары өтпей қалды. Ал XXXII олимпиада короновирус енгізген пандемия себепті биылғы жылға ауыстырылды. 

Олимпиада тарихында 3 рет жазғы ойындар өтпей қалды. VI жазғы олимпиада ойындары 1916 жылы Берлинде өткізілуі керек-тін. Дүниежүзілік соғыс әсерінен олимп алауы сөнді. XII-XIII ойындар қарсаңында екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатты. Олимп алауы спорт алаңдарында емес, майданда жанды. Одан өзге олимпиада ойындары жаһандағы экономикалық, саяси құбылыстарға қарамай уақытында өтті. 

XXXII жазғы олимпиада ойындарының жөні бөлек. Токио әлем спортшыларын қабылдауға 10 жыл дайындалды. 2011 жылы өтінім  жіберді, 2012 жылы ресми үміткер болды, 2013 жылы шешім шықты. Токио-2020 олимпиадасына жоғарыда атап өткен пандемия кесірін тигізді. Енді Токиодағы дода ХОК шешімімен биыл 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтпек. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Жапониядағы спорт сайысы ең инновациялық олимпиада болмақ. 206 құрама команданың 11090 спортшысы спорттың 33 түрінен 339 медаль үшін сынға түседі. Осы 11090 спортшының 49 пайызы қыз-келіншектер екенін айта кеткен жөн. 

Ел намысын кімдер қорғайды?

Қазақстан құрамасы сапындағы 39 спортшы осы жазда Токиоға аттанады. Қазаққа олимпиадалық спорттың ең оңтайлысы бокс десек, артық айтпаспыз. Былғары қолғап шеберлері тоғыз салмақта жолдама жеңіп алған. Олар қазір оқу-жаттығу жиында АҚШ-та жүр. 

Сәкен Бибосынов (1997 ж. 52 кг), Серік Теміржанов (1998 ж. 57 кг), Зәкір Сафиуллин (1986 ж. 60 кг), Абылайхан Жүсіпов (1997 ж. 69 кг), Әбілхан Аманқұл (1997 ж. 75 кг), Бекзат Нұрдәулетов (1998 ж. 81 кг), Василий Левит (1988 ж. 91 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (1991 ж. +91 кг), ал қыздар арасында Надежда Рябец қана (2000 ж) бақ сынайды. 

Қамшыбек Қоңқабаев.

Жеңіл атлетшілер Айман Ратова, Георгий Шейко және өткен біріншіліктің чемпионы Ольга Рыпакова, әртістік жүзу сайысынан Александра мен Екатерина Немич, еркін күрес палуандары Нұрислам Санаев, Әлішер Ерғали, Данияр Қайсанов пен Дәулет Ниязбеков, грек-рим күресінен Асхат Ділмұхамедов пен Мейрамбек Айнағұлов, әйелдер күресінен Валентина Исламова мен Эльмира Сыздықова ел намысын қорғайды. 

Одан өзге қазіргі бессайыстан Павел Ильяшенко мен Елена Потапенко да жүлде үшін барын салмақ. Стенд ату спортынан Сәрсенкүл Рысбекова Токиоға жолдама алды. Классикалық садақ ату, жекелей және командалық жарыс түрінен 3 бірдей спортшымыз Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин мен Санжар Мұсаев, нысана көздеуден Юрий Юрков жарыс көрігін қыздырмақ.

Рио олимпиадасының чемпионы, жүзгіш Дмитрий Баландин де фавориттер қатарында. Биыл олимпиада ойындары қатарына қосылған құзға өрмелеу спортынан Ришат Хайбуллин, каратэ өнерінен Дархан Асаділов жүлдеден үмітті.

Елсияр Қанағатов, Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы:

Олимпиада чемпиондарына 100 миллион теңге тағайындалды

Спортшылар тынбай еңбектенсе де, мемлекет тарапынан қолдау болмаса бәрі бекер. 1990 жылы құрылған Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті жемісті еңбек етіп келеді. ҰОК Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов Ұлттық құраманың дайындығын айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті. 

– Ұлттық олимпиадалық комитеті атқарып жатқан шаруалар жайлы аз-кем айта кетсеңіз. 

– Жалпы, пандемияға байланысты жағдай белгілі. Бірақ, спортшылар дайындалмаса, нәтиже болмайды. Сондықтан ҰОК арнайы штаб аштық. Ол жерде оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар жайлы талқы болады. Пандемияға байланысты өзіміздің тәртіптерімізді кіргіздік. Шетелдегі жарыстарға бару тәртібі қаралды, оның бәрі аталған штабта бекітілді. 2019 жылы 600-ден астам оқу жаттығу жиындары өтсе, былтыр коронавирус кесірінен 500-дей жиын өтті. Қазіргі таңда командалар жаттығуды тоқтатпады. 12 қаңтардағы мәлімет бойынша, 18 құрама Қазақстанда, 8 құрама шет мемлекеттерде дайындалып жатыр. 

– Алда қандай мақсаттар бар? Жолдамалар тағы бұйыра ма?

– Көптеген халықаралық федерация жолдама берілетін жарыс кестесін жариялай бастады. Мәселен боксты алсақ, ерлер арасындағы барлық салмақ дәрежесінде жолдама алдық, қыздар арасында әзірге біреу. Тағы 2 жолдама алу жоспарда бар. Ол жарыстар Францияда өтеді. 9-11 сәуір аралығында Алматыда, 6-9 мамыр аралығында Болгарияда өтетін күрес түрлерінен жолдама алу жоспарда бар. Мәселен, есу спортынан наурызда Қытайда жарыс өтеді.Осылардың бәрін бақылап, спортшыларды жаттықтырып, дайын отырмыз. Қазіргі таңда 17 спорт түрінен 39 спортшы 42 жолдама алды. Бұл сан әлі көбейетініне сенімдіміз. 

– Спортшылардың денсаулығы қаншалықты бақылауда?

– Медицина жағынан әрбір құрамада дәрігер, массаж шебері бар. Олар оқу-жаттығу жиындарында бірге еріп жүреді. Өзіміздің жергілікті жерлерде жақсы спорттық базалар аккредитациядан өтті. Мәселен, Ақбұлақ олимпиада орталығының жанынан спорттық-медициналық заманауи орталық ашылды. Нүр-Сұлтан қаласында бар, Түркістанда жоспарланып отыр. Соңғы уақытта спорттық-медицинаға назар аударып жатырмыз.   

– Осы жолы жеңімпаздардың сыйақы мөлшері қандай болады?

– Сыйақы үкімет тарапынан тағайындалады. Мәселен, алтын медаль иегері мен бапкеріне 250 мың доллардан беріледі. Екеуіне жеке-жеке. Яғни, 100 миллион теңгеден астам қаржы. Күміс жүлде иегері мен бапкері 150 мың АҚШ доллары, қола жүлде еншілеген спортшыға 75 мың, төртінші орынға 30 мың, бесінші орынға 10 мың, алтыншы орынға 5 мың АҚШ доллары тағайындалады. Ескере кететін жайт, бапкер де жаттықтырған шәкіртінің сыйақысы көлемінде қаржы алады. Жалпы, жоспарда 30-ға жуық спорт түрлерінен жолдама алу жоспарымызда бар. 

Ғалымбек Кенжебаев, Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:

Токиоға кіл мықтыларды алып барамыз

Тілшіміз бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевпен сұхбаттасты. Бапкер Осы жылғы жазғы олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылардың тұғыры биік, жұлдызы жарық болатынына сенімді. 

– Төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсеке жақындап қалды. Спортшыларды жеңіске жетелейтін қандай тәсілді пайдаланып жатырсыздар?

– Біз үнемі дайындықтамыз. Білесіздер, жуырда Қазақстан біріншілігін өткіздік. Нәтижелер жақсы. Осы айдың басынан оқу-жаттығу жиындары басталды. Қазір бапкер Марат Жәкиев бастаған боксшылар АҚШ-тың Майами штатында жаттығып жүр. АҚШ-қа аттанған боксшылар қатарында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит, Азия чемпионатының жүлдегері Зәкір Сафиуллин, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов, Айболды Дәуренұлы бар. Олар 31 қаңтарға дейін сонда жаттығады. Қалған боксшылар Куба сапарына дайындалуда. 13 қаңтардан 31 қаңтарға дейін құрамамен бірге мен де Кубада боламын.

Жалпы айтқанда, Токиоға дайындықты қарқынды түрде бастап кеттік. Ақпан айында оқу-жаттығу жиындарын елде жалғастырамыз. Оған Ұлыбритания, Франция, АҚШ спортшыларына шақыру жібергенбіз. Көршілес Өзбекстаннан да келеді. Алда халықаралық жарыстар күтіп тұр. Болгария, Испания мен Германияда болатын бәсекелерге спортшыларды бөліп-бөліп апарамыз. Наурыз айында – Ресей сапары. Ол жерде де 4 құрама бақ сынайды. Осылай оқу-жаттығу жиындарынан жарысқа, жарыстан оқу-жаттығу жиындарына жүріп, Токио олимпиадасының уақыты да жетіп қалады. Спортшылар бабында болуы үшін теория мен практика қатар жүру керек. 

– Токиоға сапар қай уақытқа жоспарланып отыр?

– Шамамен бір апта бұрын баруымыз мүмкін. 

– Климаттық жағдай әрі боксшылардың психологиялық дайындығы үшін бір апта жеткілікті ме? 

– Әрине, жеткілікті. Өйткені Токио Азия құрлығында орналасқан мемлекет қой. 7-8 күн әбден жеткілікті. Тәжірибеде болған. Басқа командалар да сол уақытта келеді. Жапон жерінде де жарыстың алдында оқу-жаттығу жиыны жоспарланған.

– Боксшылар арасынан алтын алады деп кімдерді айтасыз? 69 келі салмақта жұдырықтасатын Абылайхан Жүсіповтың тәжірибесі алдыңғы буын жолын жалғауға жеткілікті ме?

– Спортта, оның ішінде бокста күтпеген жайт көп кездеседі. Бәрі болуы мүмкін. Біз Токиоға кіл мықтыларды алып барғалы отырмыз. Ешқайсысына сен күміс, сен қола аласың демейміз. Бәрі де алтыннан дәмелі. Біз де солай болса дейміз және соған сенеміз. Өз басым барлығының алтын алатын мүмкіндігі барын жақсы білемін. Бокста барлығы 8 салмақ болса, осы 8 салмақ дәрежесінде де қазақстандық боксшылар бар. Тоғызыншы жолдама – қыздар арасындағы бокс. Ел намысын Надежда Рябец қорғайды.

Абылайхан Жүсіповке келсек, өте тәжірибелі боксшы. Әлем чемпионатының екі рет қола жүлдесін жеңіп алған. Бұл салмақ дәрежесінде қарсыластары да өте мықты. Ресейден әлем чемпионы келеді, жапондық азия чемпионы бар, жаңадан өзбек боксшысы қосылды, жалпы барлық салмақта солай. Олимпиадаға осал спортшы бармайды. Бастысы техника мен психология астасуы керек. Сенімді болу керек. Біз соған дайындап жатырмыз. 

– Қандай кемшіліктер бар?

– Кемшілік сол – пандемия. Бәрінде солай деп ойлаймын. Оны да ақырындап еңсеріп келеміз ғой. Былайша барлығы жақсы. Спортшыларға да, бапкерлерге де жағдай жасалған.

Тегтер: