24 Қаңтар 19:00

Еуропа футболының болашақ 10 жұлдызы

Фото:

Еуропа чемпионаты – жас перілердің жасыл алаңда ойқастап жүріп өнер көрсететін, күллі дүние жанкүйерлеріне танылатын ұлы мүмкіншілік майданы. Зидан, Рауль, Роналдулар талайды тамсандырып, көгілдір экранға телміртіп қойғаны күні бүгінгедей көз алдымызда. Алайда, Зидан қазір Еуропаның алдыңғы қатарлы бапкері, Рауль болса жас ұрпақты жетелеп жүріп тәрбиелеуді қолға алды. Тек, Роналду ғана тісқаққан кәрі тарлан ретінде әлі де жанкүйер қауымды сүйсіндіріп жүр, оның өзі әне-міне ақпан айында 35-ке толып, үлкен спорттан кетудің аз-ақ алдында жүр.

Біз қазақстандық жанкүйер қауымды Еуропа футболының болашақ он жұлдызын таныстырғымыз келеді.

1. Микель Оярсабаль (Испания, "Реал Сосьедад"), шабуылшы, 23 жаста.

«Эйбар» клубының түлегі. «Реал Сосьедад» командасының жастар құрамасына 2011 жылы қосылған. «Реал Сосьедадтың» негізі құрамы үшін алғаш рет жасыл алаңға 2015 жылдың 25 қазанында Ла Лига матчында «Леванте» командасына қарсы шыққан. 2016 жылдың 9 сәуірінде «Барселонаға» гол соғып, жанкүйерлердің көзайымына айналды.

Микель - пас беру шеберлігімен, жылдамдығымен және сол аяқпен қақырата доп тебуде өте мықты ойыншы. Пример лиганың 22 матчында соңғы минуттарда айып алаңына байқатпай кіріп кетіп, соққан алты голы өзінің алғашқы маусымындағы ең керемет көрсеткіші болды. Өлшемі 47 размерлі аяқкиім киетіндіктен «Қар адамы» деген лақап атқа ие болған.

22 жастағы футболшы өз клубының «аңыз адамына» айналуға әбден лайық. Бұдан бөлек, оны 2019 жылы «Атлетико» клубы өз қатарына шақырғанда да, Микель сан-себастяндықтардан кетуден бас тартқан. Қазір оған Еуропаның «Реал», «Атлетико», «Тоттенхэм», «Интер», «Наполи» секілді топ-клубтары ерекше қызығулықпен қарауда.

2. Уссем Ауар (Франция, "Лион"), жартылай қорғаушы, 22 жаста.

Ауар - «Лион» академиясында 11 жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқан тәрбиеленушісі. Чемпиондар лигасының жастар құрамында да, қосалқы командасында да ерекше ойын өрнегін көрсете білген. Жастайынан көзге түскен ол негізгі құрамға 17 жасында қабылданып, қазір француз клубының белді ойыншысы деген атқа ие болды.

Ойын барысында ең ұшқыр әрі техникалық шебер жартылай қорғаушы және алаңның орталық бөлігі мен сол жақ қапталын сауатты қорғайтын ойыншы. Жылдамдық жағынан көзге түспесе де, ойын барысын тиянақты түсініп ойнайтын, жақсы пас беруші әрі соққысы жолға қойылған қорғаушы ретінде бағаланады. Мемфис Депай мен Набиль Фекирмен жақсы түсінісіп ойнайтын оны қазірде еропалық топ-клубтар өздеріне тартуға ынтық.

Уссем жасыл алаңдағы өзінің кумирі ретінде «лиондық» Жуниньо Пернамбуканоны мақтанышпен атайды. Футбол сарапшылары Уссем Ауардың ойын мәнерін ауыр жарақаттан соң футболдық карьерасын тастаған француздың әйгілі жартылай қорғаушысы Хатем Бен Арфаға ұқсатады.

3. Дайо Упамекано (Франция, "РБ Лейпциг"), қорғаушы, 22 жаста.

Упамекано Париждің батысынан 96 шақырым жерде орналасқан Эврё қаласының тумасы. Жергілікті жастар командасының барлығында дерлік ойнап шыққан. 2015 жылы жастар арасында өткен Еуропа чемпионатында көзге түсіп, австриялық «Зальцбург» командасына шақырту алған. Өзінің шетелдік алғашқы маусымын Австрия чемпионатының екінші дивизионында жалдамалы боп өткізіп, «Зальцбургке» қайта оралған. 2017 жылдың қаңтарында «РБ Лейпциг» командасына он миллион еуролық келісім-шартпен ауысты.

Дайо баспен жақсы ойнайды, алаңда позицияны сауатты ұстанады және орталық қорғаушы бола тұра қорғаныс аймағынан суырыла шығып, қарқынды шабуыл ұйымдастыруға шебер. Жас та болса, Упамекано шеберлік жағынан және тәуекелшілдігі тұрғысынан Рафаэль Варан мен Матс Хуммельс секілді тісқаққан ойыншыларды көз алдыңа елестетеді. Орталық қорғаныстан өзге, қауіп төнген сәтте оң жақ қапталды қорғаумен қатар, қарқынды шабуылдай алатын ойыншы.

Ойын мәнері Поль Погбаға көбірек келетін Дайо француз құрамасының ең үздік футболшысы ретінде «үздік ондықтан» ойып тұрып орын алатын спортшы.

4. Кай Хаверц (Германия, "Байер"), жартылай қорғаушы, 21 жаста.

Хаверц өзінің «Байердегі» алғашқы ойынын 17 жасында ойнап, Бундеслигада тұсауы кесілген ең жас ойыншы ретінде футбол тарихында қалды. Қорғаныс пен шабуылды әдемі ұштастыра білетін хавбек Кай жастығына қарамастан, алғашқы аяқ алысынан-ақ құраманың белді ойыншысы ретінде өзін көрсете білді. 2016-17 жылдардағы маусымда «Байер» құрамында 28 матч өткізіп, 4 гол соқты және гол соғылған 6 әдемі пасты шығарып берді. Өзінің көптеген ойынында Хаверц оң қапталдың қорғаушысы ретінде өнер көрсетті. «Байер» командасының тарихында ол 9 ай 22 күн ең жас 17 жасар футболшы әрі Бундеслигте гол соққан ойыншы ретінде қалды.

2016 жылы 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен футболдан Еуропа чемпионатында Германия жастар құрамасында ойнап, командалық есепте жартылай финалға дейін шықты. Турнирде бес кездесу өткізіп, бір гол соққан. Кай жан-жақты шебер әрі жартылай қорғаушыға тән барлық қасиетке ие. Сырт келбеті сылбыр ойыншыдай көрінгенімен, өте шалт қимылдайды. Ересек Кай қазір Германияның ең ұшқыр әрі гол соғылатын сәтті керемет болжай білетін футболшысы ретінде жақсы бағаланады.

Хаверц «Реалдың» жартылай қорғаушысы Тони Кроосты пір тұтады. «Кроос – тамаша жартылай қорғаушы, мен өзімді оған ұқсатамын. Оның спорттағы мәнсабы кісі таңғаларлық. Тони тек құрметке лайық футболшы», – дейді ол. Немістің ұлттық құрамасының бапкері Йохаим Лев Хаверцті Германияның ең талантты футболшысы деп атап отыр. Қазіргі таңда жиырма жастағы жартылай қорғаушы Ливеркузендік команданың беткеұстары.

5. Райан Сессеньон (Англия, "Тоттенхэм"), жартылай қорғаушы, 20 жаста.

Райан Сессеньон жайлы 2016 жылдың жазында өткен Чемпионшип матчында гол соққанда 16 жастағы жас пері ретінде айтыла бастады. «Фулхэм» сапында «Лидске» қарсы ойында алаңға шыққан ол, төрт күннен кейін «Кардифф» қақпасына әйгілі голын соғып, көзге түсті. Сол маусымда чемпионатты бес голмен және Англия Кубогын екі голмен аяқтады. 2017 жылы 21 қарашада «Шеффилд Юнайтедке» қарсы ойында өзінің алғашқы хет-тригін тіркеп, 2019 жылы 27 миллиондық келісім-шартпен «Тоттенхэм» қатарына өтті.

Сессеньон – жиырма жасқа толмай жатып жасыл алаңда допты құйындай үйірген кәсіпқой футболшы атағын алған ең жас пері. Ол ойынды ғажап түсініп ойнау мәнерімен, салқынқандылығымен, қай кезде не істеу керектігін өте жақсы білетін алғырлығымен және қорғаныста, жартылай қорғаныста, сондай-ақ, шабуылда да ерекше шеберлік таныта білетіндігімен келешегі зор ойыншылар есебінде.

6. Эрлинг Холанн (Норвегия, "Боруссия Д"), шабуылшы, 20 жаста.

2019 жылдың 30 мамырында күллі әлем Холлан жайлы күмбірлеп кетті. Сол кезде жасы небары 18 жастағы шабуылшы жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатының бір ғана матчында 9 гол салған жас шебер ретінде тез танылды. Рас, қарсыласы Гондурас құрамасы болғанымен, бір ғана футболшы осындай қойылым жасау – оңай көрсеткіш емес!

«Зальцбург» қатарында өткізген 23 матчта ол 31 гол соғып, оның ішінде Чемпиондар лигасында сегіз голын қақпаға тоғытқан. Артынша-ақ, Холанды өз қатарына тарту үшін еуропалық клубтар бірінен кейін бірі кезекке тұра бастады. Эрлинг команда таңдауда дортмундтық «Боруссияға» ниеті ауып, ақырында 20 миллион еуроға келісім-шарт жасасты.

Осы жылдың 18 қаңтарында норвегиялық сұрмерген өзінің жаңа клубтағы алғашқы ойынының екінші таймында алаңға шығып, матчтың 22 минутында хет-трик тіркеді. Сарапшылар оның бұл ойын өрнегін футболда "Роберт Левандовскидің жаңартылған нұсқасы пайда болды" деп бағалады.

Эрлинг бойы 194 см бола тұра өте жылдам әрі әбжіл қимылдайтын шебер. Ең бастысы, алаңда мықты позицияны тез таба білетін, жұмсақ қозғалатын және соққысы мықты футболшы. Болашақта Роналду мен Мессидің гол соғу рекордын жаңалау қабілетіне толық ие.

7. Каллум Хадсон-Одои (Англия, "Челси"), жартылай қорғаушы, 20 жаста.

Ағылшынның ең үздік футболшысы, қазір белгілі бапкер Фрэнк Лэмпард жаңа маусымда жас футболшылардың жарқырап көрінуіне көп жол ашып отыр. Педро, Жиру тағы басқа тісқаққан ойыншыларды алға оздырмай, әлі де толық ашылмаған, тәжірибесі қалыптасып үлгермеген жастарды алаңға шығарды. Солардың қатарында «Челси» үшін тер төгіп, жұлдызын жарық ете алатын футболшылардың бірі – Каллум Хадсон-Одои. Ол 2018-19 жылғы футбол маусымында, Маурицио Сарридің тұсында үлкен алаңда өзін еркін сезіне білген, әзірге анау-мынау жарақат ала қоймаған ойыншы.

Хадсон-Одои – шабуылдаудан танбайтын үлгілі жартылай қорғаушы. Шапшаң әрі бірбеткей, екі аяғымен де алма-кезек доп соға алатын жас шебер. Бетпе-бет келсе, кім-кімді де шаң қаптырып кете аларлық қабілеті бар. Қақпаға доп соғуда талмай шабуылдайтын оны сарапшылар әйгілі Эден Азарға теңейді. 2017 жылы ол Англия құрамасы сапында U17 әлем чемпионатын жеңсе, 2018 жылы УЕФА-ның жасөспірімдер лигасында тек «Барселонаға» ғана жол берген жас перінің бірі.

Еуропа лигасы мен ішкі ойындарда Каллум соққан голдар оны ағылшын құрамасына жеткізді. Чехия құрамасына қарсы ойында ол 1955 жылдан бері алаңға шыққан ең жас ағылшын ойыншысы ретінде де танылды. Үлкен алаңға шыққанына үш-ақ күн өте салысымен, Хадсон-Одои келешегінен зор үміт күттірер бағалы ойыншылар қатарынан көріну бақытына ие болды.

8. Джейдон Санчо (Англия, "Боруссия Д"), жартылай қорғаушы, 20 жаста.

Санчо Лондонның оңтүстігінде дүниеге келгенімен, 11 жасында «Кеннингтон» командасынан кетіп, «Уотфордқа» табан тіреген. Клубтың академиясында өзін көрсете білген жас футболшы үш жылдан соң «Манчестер Сити» тізімінен бір-ақ шықты. 2017 жылы 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатында ағылшындар финалға шығып, сол турнирден кейін Санчо «Ситиден» кетіп, «Боруссияның» қатарына тұрақтады.

Джейдон дриблинг жасаудың шебері. Оның тағы бір қасиеті – тұрған орнынан ытырыла шығып, көз ілеспес шабуыл ұйымдастыруымен де ерекшеленеді. Өткен маусымда оның командаластары Санчоны пастың астына алған сайын, ол өзінің жылдам да желаяқ қимылымен ең күрделі сәттерде команда абыройын сақтап қала білді. Алаңның қос қапталында еркін шабуылдап, сауатты қорғана білетін одан мамандар алда тамаша футболшы шығады деген пікірде.

9. Эдуарду Камавинга (Франция, "Ренн"), жартылай қорғаушы, 18 жаста.

2019 жылдың 6 сәуірінде «Ренна» командасының түлегі Камавинга 1-Лига ойынында «Анжемен» болған кездесудің соңғы минуттарында алаңға шығып, өз клубының тарихында өнер көрсеткен ең жас футболшы ретінде қалды.

«ПСЖ» мен кездесіп, 1:2 есебімен «Ренн» жеңген күннің ертесіне ол матчтың ең үздік ойыншысы деген атқа ие болды. Оның «Ренн» үшін барын аямаған ойындарын әйгілі Зинедин Зиданның өзі қалт жібермей, қадағалап отыруды әдетке айналдырды.

Алаңның орта тұсында әлеуетті ойын өрнегін ұйымдастыру үшін футболшыға шабуыл мен қорғанысты дұрыс жүргізуден өзге, ептілік, агрессиялық ұмтылыс, шапшаңдық пен жедел шешім қабылдайтын қабілет болуы керек, ал осы айтқандардың бәрі Эдуардудың өн бойында бар. Ол өте еңбекқор футболшы.

Эдуарду Камавинга – «Ренн» командасының талантты жас буын өкілі. Оны Усман Дембелеге ұқсатқанымен, қазірдің өзінде ол бір кездері осы жасында шеберлігімен танылған Дембеледен озық тұр.

10. Ансу Фати ("Барселона"), шабуылшы, 18 жаста.

Ансу Фати Гвинея-Бисауда дүниеге келіп, алты жасында шешесімен бірге Севильиядан 120 шақырым жерде орналасқан Эррер қаласына, әкесінің қасына көшіп барады. Жастайынан футболмен шындап айналыса бастаған ол 10 жасында «Барселонаның» жастар командасына мүше болады. Өткен жазда оны 19 жасқа дейінгі жас футболшылар тобына ауыстырып, Лионель Месси, Луис Суарес, Усман Дембелелердің алған жарақаттары жас Фатиге үлкен футболға жол ашты. Былтырғы желтоқсанда «Интердің» қақпасын қақыратқаннан кейін-ақ ол Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас ойыншы боп шыға келді.

«Барсаның» бұрынғы бапкері Эрнесто Вальверде Фати туралы «Ол өзінің қамқоршысын дел-сал етіп кете алатын ойыншы, ол өте шапшаң және жекпе-жекте қарсыласын сан соқтырғанды жақсы көреді», – дейді. 2019-дың күзінде Фати Испания құрамасы сапында ойнауға шақырту алды.

Дәл әрі әлеуетті соққы беру, допты дұрыс бағындыра білу, табан астында шешім қабылдау және гол соғар сәтті дәл есептеу, кез-келген позицияда қорғана да, шабуылдай білу – міне, Фатидің басты қасиеті. Қазір оның спортта жарық жұлдыз болуына барлық жағынан мүмкіншілігі зор, Фати мықты ойыншылар мен сауатты бапкерлердің ортасында. «Барселонада» ұлы шабуылшылар қашанда болуы керек, Ансу Фати соның бірі де, бірегейі болуыға мүмкіндігі мол.

Тегтер: