27 Шілде 08:50

Англия Премьер-лигасы мәресіне жетті

Фото:

Бүгін футболдан Англия Премьер-лигасы мәресіне жетті. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биылғы доп додасында «Ливерпуль» бірнеше тур бұрын чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Алматы, NEGE. Естеріңізге сала кетелік, «Ливерпуль» 30 жылдан кейін жеңіс тұғырынан көрініп тұр. Олар соңғы рет 1990 жылы чемпион атанған еді. Биыл екінші және үшінші орын манчестерлік қос клубқа бұйырды. «Манчестер Сити» екінші, «Манчестер Юнайтед» үшінші орынға табан тіреді. Ал «Челси» төртінші орынға тұрақтады. Айта кетерлігі, аталған төрт команда биыл UEFA Чемпиондар лигасында бақ сынайды. Ал UEFA Еуропа лигасында «Лестер Сити» мен «Тоттенхэм Хотспур» командалары ойнайды. Ал сегізінші орынды місе тұтқан «Арсенал» биыл еурокубоктан тыс қалды.

Премьер-лигамен «Борнмут», «Уотфорд» және «Норвич» командалары қош айтысты. Олардың орнын чемпионшипте алғашқы екі орынға ие болған «Лидс Юнайтед» пен «Вест Бромбич Элбион» командалары басты. Тағы бір жолдама плей-офф кезеңі бойынша анықталады. Бүгін Англия Премьер-лигасында соңғы тур ойналды. Сырт алаңда «Ливерпуль» «Ньюкасл Юнайтедті» 3:1, «Манчестер Юнайтед» «Лестер Ситиді» 2:0, өз алаңында «Челси» «Вулверхэмптонды» 2:0, «Манчестер Сити» «Норвичті» 5:0 есебімен тізе бүктірді. Англия Премьер лигасының алдағы маусымы 12 қыркүйекте басталады. Ол 2021 жылдың 23 мамырында мәресіне жетеді.

Тегтер: