23 Маусым 09:59

Вирусолог: Иммунитет қалыптаспайынша, вирустың жеті атасы шыға береді

Фото:

Қазірдің өзінде коронавирустың бірнеше штамы тарап үлгерді. Соның ішінде ең қауіптісі – «үнді» штамы. Мұны ғылыми тілде SARS-CoV-2 (B1.617) вирусы немесе «Дельта» штамы деп атайды.  Бұл штамм басқаларға қарағанда жұқпалы әрі өте жылдам тарайды екен.

Маусым айының басында министрлік «Үнді» штамы елімізге келген жоқ» деп мәлімдеген. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласында сынамасы алынған 54 науқастан «үнді» штамының ықтималдығы анықталды. Яғни, анализі тексеруге жіберілген пациенттердің 56 пайызынан үнді штаммы алдын ала расталған. Осыған орай елордада қосымша карантиндік шектеулер енгізіледі.

Бүгін халыққа ескерту жасаған министр А.Цой: «Коронавирустың «Дельта» штамы өте жұқпалы және анықталған штамдарға қарағанда 60%-ға тез жұғады, оның инкубациялық кезеңі 7 күнге дейін қысқа. Бұл кезде жаңа клиникалық белгілер – буындар мен іштің қатты ауруы, ішектің көріністері, есту қабілетінің төмендеуі байқалады. «Дельта» штамы әлемнің 74 елінде анықталды», – деді.

А.Цой. 

Үнді штамының анықталуына байланысты ВАК мынадай шаралар қабылдауды ұсынды:

– Вакцина алмаған қызмет көрсету саласы мен ірі ұжым қызметкерлеріне жұмысқа кіруге шектеу енгізу;
– Екпе алудан бас тартқан қызметкерлер үшін міндетті ПТР-тестілеу талабын енгізу;
– Ashyq жобасына ойын-сауық орталықтарын, сауда үйлері мен азық-түліктік емес базарларды қосу.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында сауда орталықтары, ғимарат ішіндегі қоғамдық тамақтану орындары сенбі-жексенбі күндері жұмыс істемейді. Ашық ауада өткізілетін бұқаралық шараларға 100 адамнан артық қатысуға тыйым салынады.

Nege.kz тілшісі Алматыдағы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының Вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы Айдын Қыдырмановтың пікірін білді.

– Күзде коронавирустың тағы бір толқыны келуі мүмкін бе?

– Әбден мүмкін. Бұл халықтың тікелей өзіне байланысты. Өйткені, бар уақытты пайдаланып, вакцина салғызу керек. Қандай мутация болсын, тек екпе ғана қорғайды. Жұрттың пікіріне қарасаң, екпені құдды біреу үшін алатын сияқты.

Бірінші, адам өз денсаулығын ойлау керек емес пе? Жалпы, халық қаңқу, керітартпа сөздерге ермей, белсенді түрде вакцина алу науқанына қатысуы керек.

Қазақстандағы 5 млн халық вакцина алғанның өзінде мутациялық штаммдардың таралуы азаяды. Бұл жаңа індет ошақтарының пайда болуы мен басқаларға жұғу қаупін төмендетеді. Сондықтан мүмкіндігінше вакцина алуға үндеу керек. Қазіргідей баяу әрекет етсек, әлі бұдан да жұғу қаупі жоғары мутациялар пайда болады. Өйткені, иммунитеті жоқ жерге неше түрлі вирус үйір болып, қолайлы ортаға кіріп алып, әрі қарай дами береді. Мысалы, індет алғаш шыққан кезде вакцина жоқ еді. Бір жылдың ішінде әлемнің дамыған елдері жасап, дайындады. Қауіптің алдын алып, тоқтату да өзімізге байланысты.

Қазір 2 млн-нан астам адам екпе алыпты. Соған қарамастан вирус жұқтыру неге азаймай тұр?

– 1-2 млн адамда иммунитет табиғи жолмен, ал келесі 1-2 млн адамда  вакцина арқылы пайда болды. Ал тағы 2-3 млн симптомсыз ауырған адамдарда да иммунитет бар. Сонымен, 3-4 млн адамда иммунитет бар дегеннің өзінде эпидемиологтар халықтың ересек тобының 25 пайызында ғана иммундық жүйе бар екенін айтады. 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді есептемейміз. Қалған 5-6 млн адам әлі «ноқтасыз» жүр. Олар не симптомсыз ауырмаған, не екпе алмаған. Сондықтан бізде әлі де вирус жұғып, ауыратын адам жетерлік. Мүмкіндігінше, аурудың алдын алып, екпе салдыру керек.

– «Үнді» штамы өте қауіпті дейді. Бұл мутацияланған вирус жөнінде не айтасыз?

 – Бұл да табиғи жолмен пайда болған. «Дельта» штамы халық тығыз қоныстанған Үндістанда неге өршіп кетті? Бұл да вакцина жоқтығынан тез тарады. Оның үстіне бұл елде адамдар гигиена сақтай бермейді. Осының бәрі жинақталып келіп, штамның тууына әкеп соқтырды.

Яғни, ұжымдық иммунитет қалыптаспайынша, вирустың жеті атасы шыға береді. Вирус ағзаға кіріп алған соң оның зардабы да көп, емдеуі де шығынға алып келеді. Осыған журналистер де керітартпа әңгіме таратпай, жақсы мысалдар келтіріп, үлес қосса деймін.

Байқауымша, халықтың пікірі әлі ХІХ ғасырда қалып қойған. Неше түрлі мифтерді ойдан шығарып алған. Негізі қазіргі жағдайда бізді вакцина ғана сақтап қалады.

– Бізде екпенің үш түрі салынып жатыр. Қайсысы тиімді?
– Егер жұрт қорқып, неше түрлі қиял-ғажайып әңгімеге сенсе, онда білмеймін. Тіпті, біреулер «чип» енгізеді екен деп жүр. ХХІ ғасырдағы сауатты адамдардың сөзі ме осы? Бұл надандық па, сауатсыздық па? Егер сенбесең, қорықсаң, бізде қазір таңдау мүмкіндігі бар. Консервативті адам болсаң, қытайдың екпесін ал, оған күмәндансаң, Қазақстанның екпесін салғыз. Екеуі де бұрынғы вакциналар сияқты классикалық технологиямен дайындалған.

Бұлар вирустың барлық белогы мен спектріне қарсы антидене береді. Дүниежүзінің қаншама елі салғызып жатқан ресейлік екпе де жақсы. Мұны бізде тегін салып жатса, әлемнің кейбір елі бұл екпеге қол жеткізе алмай жүр. Мұның да технологиясы «AstraZeneca» екпесімен бірдей. Алдағы уақытта ресейлік вакцина да ДДСҰ тарапынан мақұлданады деп ойлаймыз. Сондықтан таңдау әркімнің өз қолында.

Тегтер: