1 Маусым 19:07

Тұрсынғали Еділов: Азия біріншілігіне қатысудың қажеті жоқ еді!

Фото:

Дубайда өткен Азия біріншілігінде қазақстандық боксшы қыздар сегіз алтын алып, мерейімізді өсіріп тастады. Жігіттерден де осындай қарқын күттік. Финалға жолдама алған бес боксшымыз да осал жаңғақ емес-ті. Бірақ, қанжығаға тек күмістер мен қола байланды.

Алты құрлықтың бас бәйгесі – Жазғы Олимпиада ойындарының алдында өткен Азия біріншілігі төңірегінде дау көбейді. Жанкүйерлердің дені «ерлер арасында өткен финалдық жекпе-жектер кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер көп болды» деп, әлеуметтік желіде жазып жатыр.

Расымен де 75 келі салмақта өнер көрсеткен Әбілхан Аманқұл өзбек қарсыласының есін аударғанына қарамастан, қазылар жүлдені өзбекке ұстатты. Василий Левидтің ұпай саны бойынша алға шыққаны бір қарағанда байқалып тұрған, бірақ ол да ұтылды. Қамшыбек Қоңқабаев та көңілімізден шықпады.

Шаршы алаңдағы тартысқа жанкүйер болып берген баға мен кәсіби маман бағасы жер мен көктей болуы мүмкін. Сол себепті бокс сүйер қауымға жақсы таныс, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділовпен арнайы сұхбаттастық. 

– Тұрсын аға, ассалаумағаллейкум! Амансыз ба?! Әңгімемізді Дубайда өткен Азия чемпионатында төрелік еткен төрешілер әділдігінен бастасақ. Жұрт әділетсіз өтті деп шулап жатыр, сіздіңше қалай?

– Бұрмалаушылық, әділетсіздіктің болғаны рас. Мәселен 75 келіде Әбілхан Аманқұл тәп-тәуір өнер көрсетті. Нокдаун болды. Бірақ, есеп өзбек боксшысын алға шығарды. Василий Левидте де солай. Отандасымыз басым түсті. Бұл жерде біздің де қателігіміз бар. Команданы, боксшыларды алға сүйрейтін, жанашыр ұйымдастырушы, азулы маман жетіспейді. Әділетсіздік бола қалса, әділдік талап етілсе, төрешілер де қаймығады.

В.Левит. Фото: olympic.kz 

– Сонда Қазақстанның бокс Федерациясы әділетсіздікке бей-жай қарады ма?

– Басшылық барлық жайтты есепке алу керек. Сайыстың басы-қасында жүріп, әділтікті талап ететін Бекет ағамыз (Бекет Махмұтов – ред.) сияқты мамандар жоқ. Тікелей эфирде комментаторлар: «Шіркін-ай, осындай кезде Бекет ағамыз болғанда ғой» деп еске алып жатыр. Осы сөз мені біраз ойға жетеледі. Шын мықтыны қиын сәтте еске алып, көмек керек болғанда ғана іздейтініміз жаман. Әйтпесе, бізде жақсы мамандар жетерлік.

Б.Махмұтов.

Сосын, осы Азия біріншілігіне барудың қажеті шамалы. Жарақат алу қаупі бір басқа, үлкен доданың алдында боксшылардың психологиясына сақ болған жөн. Кешегі сайыс оларға қатты соққы болып тиді. Жеңіліс оңай емес. Ол әділетсіз болса тіпті қиын. 

– Азия чемпионатына фавориттерді алып бардық қой. Олардың боксы көңіліңізден шықты ма?

– Абылайхан Жүсіпов алғашқы раундта қабағын жарып алды. Бокстың қазіргі ережесіне сүйенсек, кем дегенде екі раунд өтуі керек. Ал кеше ол ереже бұзылды.

Абылайханның боксына баға бере алмаймын. Бірақ, ол неге қабағын жарғызып алды? Техникасы мен тәжірибесіне тағар мін жоқ. Десе де, әлі де піспей тұрғаны байқалады. Қабағын жарғызып алуы сөзімізге дәлел. 

Әбілхан Аманқұл жайлы айтсақ, айқын басымдықпен ұтуы керек еді. Жеңіп тұрды. Бірақ, аяқты аз қолданады. Өзбек боксшыларының артықшылығы осы. Шаршы алаңда өзін жақсы көрсетеді. Үнемі қимыл-қозғалыста. Бұл жерде жауапкершілік федерацияға артылады. Олар осылай боларын алдын-ала білді. Соған қарағанда стратегиялық жоспар жоқ-ау.

Ә.Аманқұл 

– Бұл жеңіліс боксшылардың сағын сындырып тастаған жоқ па? Олимпиада ойындары кезінде кері әсерін тигізбей ме?

– Әрине, барлығын айтуға болмайды. Таза жеңген өзбек боксшылары да бар. Жалпы, өзбектердің Рио олимпиадасынан кейін қанаттары ашыла бастады. Ал кешегі сын қазақ боксшыларына үлкен сабақ болды. Осы арқылы әрқайсысы қателіктерін көреді. Соны жақсартуға тырысады деп ойлаймын. 

– Олимпиаданың басталуына аз ғана уақыт қалды. Өзіңіз кімге үміт артып отырсыз?

– Боксшыларымыз олимпиададан алтынсыз келмеген. Біз 1999 жылдың өзінде Өзбекстанда өткен біріншілікте Ермаханға үміт арттық, ол үмітті ақтады. Азия мен олимпиадада алтын алды. Ал қазір «мынау алтын алады» деп нақты айта алмай отырмыз. Көп нәрсе айтуға болады.

Маған салса, құрамды 70 пайыз жаңартар едім. Жанып тұрған боксшыларымыз олимпиадаға бармақ түгілі, федерацияның есігінен сығалай алмай жүр.

Енді бәрі бапкерлердің қолында. Әр боксшымен жеке жұмыс істеу керек. Әзірге ешнәрсе айта алмаймын. 

– Әңгімеңіздің бір ұшы бокс федерациясына тиіп жатыр. Олардың жұмысына көңіліңіз толмай ма?

– Федерация, сосын бапкерлік құрам да үлкен рөл ойнайды. Бапкерлер қырағы болуы керек. Кешегі чемпионатта Қамшыбек Қоңқабайдың көңілсіздігі ұнамады. Левит жеңді, бірақ, 4 жыл бұрын қандай болса, әлі сол қалпы. Тіпті, артқа кетіп барады. Спортшының деңгейі уақыт өткен сайын өсіп отыру керек. Мен Қоңқабайдан да, Левидтен де мұны байқамадым.

Қ.Қоңқабаев

Жүсіпов қабағының жарылғаны себепті алтынды өзбектің қолына ұстатып берді. Бокста ұпай алып, жеңіске жетуден бұрын өзін сақтау маңызды. Мейлінше соққы жібермеу керек. Абылайханның ең үлкен қателігі – осы. Азия біріншілігінде жұлдыздай жарқырай алмаса, әлем мықтылары жиналған жерде бәрі қиынға соғады. 

– Өзіңіз боксшыларды олимпиада алдында қалай дайындадыңыз? 

– Лицензия алғаннан кейін мен әр боксшымен жеке жұмыс жүргізуді негізге алдым. Олимпиадаға дейінгі 4 жыл ішінде кім қанша кездесу өткізді, қаншасында жеңді, кімді жеңді, кімнен жеңілді, неге жеңілді, бәрін сараптайтын едік. Кездесулер саны, тәжірибе жетпей жатса, әрмен қарай жарыстан-жарысқа салып, шыңдадық. Физикалық тұрғыдан шаршап қалғандарды қайта қалпына келтіру үшін арнайы жоспармен жұмыс істедік. Тек қана бапкер емес психолог та, дәрігер де болдық. Бір мақсат үшін барымызды сарп еттік. 

– Қазір қайдасыз, аға? Немен айналысып жүрсіз?

– Қазір де сол – бокстамын. Үйдің қасынан кішігірім зал ашып, жасөспірім балаларға бокстан тәлім беріп жүрмін. Өзіммен-өзім, ешқайда кіріспеймін.

– Федерацияға шақырса барасыз ба?

– Жоқ, бармаймын. Жасым келіп қалды, шынын айтқанда, мен сияқты адамдарды федерацияға шақырмайды. Себебі, біз шындықты тура айтамыз. Барды – бар, жоқты – жоқ дейміз. Бас бапкер дегеніміз, стратег әрі еркін болу керек. Баяғыда онымызға түсіністікпен қарайтын. Ал қазіргі басшылыққа біз секілділер ұнай бермейді. 

Тегтер: