20 Қаңтар 13:11

Тоғжан Қожалиева: Кем дегенде, партиядан «Нұр» атауын алып тастау керек

Фото:

Елімізде дүрбелеңнің қалтарысында үлкен өзгеріс болып жатыр. Билік өкілдері «Жаңа Қазақстан» ұранын көтере бастады. Істі неден бастаған абзал? Қоғамның көкейіндегі басты сұрақ – осы.  Азаматтық қоғам өкілдері осы уақытқа дейін бұл сауалға нақты жауап іздеп, ұсыныстарын билікке жеткізіп те үлгерген. Соның бірі – ХАҚ қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тоғжан Қожалиева.

Ұсыныстары тәп-тәуір. Осы бастамалар төңірегінде толығырақ қоғам қайраткерінің өзімен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Сіздің ойыңызша, елдегі өзгеріс неден басталуы тиіс?

– Ең бастысы – қоғамға үміт беру керек. Бұл не? Кадрлық тазалау жүрмей, алысқа ұзай алмаймыз. Өйткені, барлық жерде лауазымды адамдардың туысқандары қызметте отыр.

Бірінші қадамды Тоқаевтың өзі бастады. Жиенін қызметінен кетірді. Бұл бастама тек Президентпен ғана шектелмеуі тиіс.

Мамин, Нығматулин және басқа да лауазымды адамдардың, министерлердің туыстары, күйеу балалары бар. Сара Назарбаеваның да туыстары жайлы орындарда отыр. Билікте отырған адамдардың туысқандары лауазымды қызметтерін босатқаны жөн.

Жастардың жаппай көшеге шыққанының бір себебі осыда жатыр. Туысың, тірегің болмаса, бізде мәнсапқа қол жеткізу мүмкін емес.

Биік мінберлерден бірқатар экономикалық өзгерістер жайлы айтылып жатыр. Саяси өзгерістердің де құлағы қылтиып келеді...

– Бәрін экономикалық өзгерістерден емес, саяси өзгерістерден бастау қажет. Кезінде саяси себептермен тұтқындалған адамдарды босату керек. Өйткені, көбісінде жалған айыптаулар бар.

Бәрін ақтау керек дейсіз бе?

– Иә, ақтау керек. Сотталған адамдар не жұмысқа тұра алмайды, бала-шағасын асырай алмайды. Басты талап – митингтерге тосқауыл қойылмасын. Шыққысы келген адам пікірлерін ашық айта берсін. Оған еш шектеу болмауы тиіс. Шектеу кері әсер береді. Жаппай наразылыққа ұласуы ғажап емес.

– Өркениетті елдерде шеруге шыққан адамдарды полиция қорғап, күзетіп жүретіні бар. Біз осыған көшуге не кедергі?

– Полиция баяғы император кезіндегідей «охранка» болмауы тиіс. Құқық қорғау органдары митингке шыққан адамдардың құқығын, тәртіпсіздіктен қорғауы қажет. Еуропа елдерінде шеруге шыққан адамдарды бақыламайды, керісінше, қорғап жүреді. Сосын үйлеріне, жұмыстарына қоңырау шалып, жұмыстан шығартып, қудаламайды.

Партия құрамын деп мәлімдеген едіңіз. Оған түрлі кедергі шықты. Алдағы өзгерістерден не күтесіз?

– Партияларды тіркеу заңын, тәртібін жеңілдету керек. Тіркеу үшін партия қатарында 20 мың адам емес, 500 адам да жеткілікті. Халықтың көп партиялардың ішінен өзіне ұнаған партиясына дауыс беруге құқығы бар. Мәселен, Ресейде 500 адам да партия құра алады.

Президентікке, депутаттыққа үміткерлерге қойылатын талаптарды да жеңілдету абзал. Президент болу үшін «бес жыл мемлекеттік қызмет істеуі керек», «он бес жыл елде тұруы керек» деген ережелер алынып тасталуы тиіс.

Мәселен, мен өзімді ұсынайын десем, мемлекеттік қызметте тәжірибем жоқ. Қазақстанда тұрып жатқаныма он жыл ғана болды. Сондықтан өзімді кандидат ретінде ұсына алмаймын. Мемлекеттік қызметте істемеген қаншама лайықты адам бар. Ал мемлекеттік қызметте істеген, «Нұр Отанға» мүше болған қаншама адам сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ұсталып жатыр. Демек, мемлекеттік қызметтегі, «Нұр Отандағы» адамдарды таза адамдар деп айта алмаймыз.

«Нұр Отанның» өзі де өзгеруі керек деп ойлайсыз ба?

– Кемінде «Нұр» деген сөзді алып тастаған жөн. Бұл шара Назарбаевқа қарсы жасалмауы тиіс. Мемлекет жеке басқа табынудан арылуы керек. Бұл «Маған да табынбаңдар» деген белгі болар еді. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының атауы өзгергені мақұл.

Мәселен, барлық мекемелерде Қазақстанның туы мен «Нұр Отанның» жалауы қатар тұрады. Тіпті, КПСС кезінде де мұндай болған жоқ еді. Үкімет ел сезетіндей шаралар жасауы қажет. Біреулер популистік қадам дер, бірақ осындай нәрселер елге үміт сыйлайды. Бұл халыққа «біз өзгеріп жатырмыз» деген белгі береді.

Мысалы, Өзбекстанда билік ауысқан кезде қарапайым өзбек әйелімен сөйлестім. Ол ашық аспан астындағы мұражайлардың күзетшісі екен. «Өзбектер елге оралып жатыр. Мынадай өзгерістер бар», – деп шын қуанып жатыр. «Жаңа президент елге не әкелді?» деп сұрағанымда: «Ең бастысы, үміт берді», – деп жауап берді.

Мирзиеев билікке келе сала, Каримов жүретін автожолдың жиегіндегі қоршауды алып тастады. Бұл халыққа «біз ашықпыз» дегенді ұқтырды. Бізде де солай істеу керек.

Президенттің резиденциясын азаматтық қоғамға беріліп,  ол ғимараттан халық елшілігі ашылғанын қалар едім. Қазақстанның халқы ассамблеясының енді қажеті шамалы.

Президент олигархтар туралы сөз қозғады. Қолға алынып жатқан экономикалық өзгерістерге алып-қосарыңыз бар ма?

– Экономикаға келсек, «Самұрық-Қазына», «Атамекен», «Бәйтерек» секілді ірі монополия жабылуы тиіс. Бәрін жасанды қолдан басқаруға болмайды. Нарықтық жүйеге көшіп, демонополизация саясатын ұстанып, мемлекеттік реттеуді барынша азайту керек.

Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: