16 Қараша 17:46

Шерменде ананың Жақып Асановқа айтқан даты: «Жоғарғы сотта көз бар ма?!»

Фото:

Бұл оқиға 2020 жылы сәуірдің 3-інен 4-іне қараған түні болған. 22 жастағы Ерсайын Төлеген өзінің достары Әбдішүкіров және Шотаевпен бірге Рысқұлов пен Момышұлы көшесінің қиылысында «ВАЗ-21140» көлігімен келе жатады. «Шотаев саусағын сындырып алып, соған дәрі алуға шыққан едік» дейді жас жігіттер. Алайда олар дәріханаға жете алмай қалған. Анығында, жеткізбеген...

Жандарына тоқтаған «Тойота Лэнд Крузер-100» автокөлігіндегілер тым көңілді еді. Спирттік ішімдіктің буы, әлде қызметтің буы, бәлкім, қымбат көліктің буы шығар, әйтеуір олар «жигулиде» отырған жігіттермен ілінісе кетеді. Ақырында «Лэнд Крузермен» «жигулиді» қысып тоқтатып алып, онда отырған жас жігіттерді тепкінің астына алады.

Ерсайын Төлеген. Фото: әлеуметтік желіден.

Сот үкімінде былай дейді: «Осы жерде жәбірленуші Б.Ж.Сағаділ жанжалды төбелеске ұластырып, Н.М.Абдушукуровты қолмен бірнеше рет ұрып жерге құлатқан, ал М.К.Букаев болса, Е.Төлегенді аяғымен ішінен теуіп жерге құлатқан. Оларды тоқтатпақшы болған М.К.Шотаев қолына ұялы телефонын алып, Б.Ж.Сағаділді танығанын, оның Жетусу ауданында полиция басқармасында учаскелік полиция инспекторы болып қызмет істейтіндігін айтып, олардың әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп алмақшы болған. Сол кезде Б.Ж.Сағаділ мен М.К.Букаев одан ұялы телефонға түсірмеуді талап етіп, М.К.Шотаевты ұрмақшы болып артынан қуған...».

«Учаскелік инспектор Б.Ж.Сағаділдің өзі біреулерді қуалап ұрып жүрсе, ол қалай жәбірленуші болады?» деген заңды сұрақ туындайды.

Бұдан әрі оқиға былай өрбіген: Сағаділ мен Букаев «сазайын бермекке» Шотаевты қуа жөнелген. Ішінен тиген соққыдан құлап түскен Е.Төлеген есін жиып, Шотаевты құтқару үшін олардың артынан «жигулиге» міне салып қуады. Полиция қызметкері Б.Ж.Сағаділдің зорлықшылдан жәбірленушіге айналғаны да осы тұс. Бұл туралы Е.Төлегеннің өзі былай дейді: «Шотаевты құтқару үшін көлікке мініп, қарсы бағытқа түсіп, олардың артынан бардым. Шотаев көрінбеген соң әрі қарай өтіп кетпекші болғанымда Сағаділ жолымды кес-кестеп алдымнан шықты. Осы кезде оны абайсызда қағып кеттім. Оның тірі екеніне көзім жеткен соң тоқтамай жүре бердім. Оны өлтіруді мақсат еткенім жоқ...»

Бірақ Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Б.Е.Бәкірбаев басқалай топшылапты. «Б.Ж.Сағаділді қасақана өлтірмек болды» деп Е.Төлегенді ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының, 3-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, 8 жылға соттап, Е.Төлегеннен Б.Сағаділдің пайдасына материалдық зиян есебінде 140 061 (бір жүз қырық мың алпыс бір) теңге, моральдық шығын есебінде 5 000 000 (бес млн) теңге өндіру туралы үкім шығарады.

Nege.kz редакциясына Алматы облысының Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылынан арнайы келген Бибігүл Сағымжанова – Ерсайын Төлегеннің анасы. Б.Сағымжанова ұлының жазықсыз екеніне сенімді.

Бибігүл Сағымжанова.

Сот үкім еткенде тек айыптаушы тараптың ығымен кеткені, көп нәрсенің назардан тыс қалғаны байқалады.

Полиция қызметкері Б.Ж.Сағаділ мен оның әріптестері түнгі сағат үште неге мас жүр? Ауруханаға түскенде Сағаділдің қанынан 2,74% (промиле) алкаголь анықталған. Яғни ол қатты мас болған.

Сот мұны Е.Төлегеннің қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде ескергендей болғанымен, «қылмыс төтенше жағдай кезінде жасалды, Сағаділдің өмірін қимақшы болды» деп тауып, тым ауыр жаза кескен. Ал полиция қызметкерлерінің төтенше жағдай кезінде мас жүруі неге назарға алынбаған?

Сегіз жылға сотталған Ерсайын Төлегеннің анасы Б.Сағымжанова Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым бергендерін айтады. «Төменгі сатыдағы соттар байқамағанды жоғарыдағылар көреді деп үмттенемін! Жоғарғы сотта көз бар шығар?! Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов бұл істі жылы жауып қоя салмай, ұлымның тағдырына араша түседі деп сенемін!», – дейді Б.Сағымжанова.

Айтпақшы, Б.Сағымжанованың айтуынша, жәбірленуші Б.Ж.Сағаділ де, оның жанында болған М.К.Букаев пен «Жарас» есімді азамат та Алматы қалалық ПД-де әлі күнге дейін қызмет істеп жүрген көрінеді...

Тегтер: