Жыл – 365 күннен тұратын толассыз процесс. Ал процесс болса, оқиғалардан тұрады. Өткен жылдың маңызды деген 13 оқиғасын атайын, жыл бойғы процестің мән-мағынасы солардан көрініп тұр емес пе?
Бірінші - Нұрсұлтан Назарбаевтың президент Тоқаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр-Отан» партиясының тізгінін беруі.
Бұл елде қалыптасқан «қос биліктің» ара-салмағына өзгеріс енгізгені рас. Ассамблеяны білмеймін, бірақ «Нұр-Отан» партиясының қалыптасқан жағдайда ықпалы аз емес: президенттік және парламенттік сайлауларда, үкіметті жасақтауда оның рөлі зор. Бұл дегеніңіз, Тоқаев жаңа саяси және әкімшілік ресурсқа ие болды деген сөз. Бірақ та «билік толықтай Тоқаевтың қолына көшті» деп те айта алмаймыз. Себебі, күштінің арты диірмен тартады: елбасы Қауіпсіздік кеңесі мен «Самұрық-Қазына» қорын басқару Кеңесінің төрағасы боп қалды. Ол дегеніңіз – қауіпсіздік және экономиканың ең басты шешімдерін өзі қабылдайды, ол салалардағы Тоқаевтың құзыры әлі де жеткіліксіз боп қалады деген сөз.
Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болуға әбден дәндігіп әрі дағдыланып алған билеуші топтар екі жаққа жалтақтаған «қосвекторлы» күнкөрісін жалғастыра бермек.
Бір сөзбен айтсақ, біздегі билік транзиті күннен-күнге қызық болып, жаңа интригаларға толып, болжауға тіпті де қиын боп барады. Келесі президент сайлауына екі жарым жыл қалды: қызықтың көкесін түйе сойғанда көретін сияқтымыз.
Екінші – президент Тоқаевтың өз жарлығымен бірнеше министр мен әкімді ауыстыруы.
Әрине, «Кітапхананың» рұқсатынсыз ол жеке-дара кадрлық шешім қабылдай алмайтыны айтпаса да түсінікті. Бірақ, не дегенмен, оның да елбасына өз қалауын жеткізіп, белгілі бір дәрежеде сөзін өткізе алатынын ескерсек, бұл – бір қадам болса да алға жылжу, өз кадр резервін қалыпастыра бастауы. Осы жылы президент өз министрлері мен әкімдеріне өктем-өктем, қатқыл-қатқыл сөйлей бастаған сияқты. Не қоластындағылардың біліксіздігінен жүйкесі тозды ма? Не шынымен де күшіне міне бастады ма? Не басқа себебі бар ма, білмедім. Не болса да, мұндай президент тарапынан талапшылдықтың артуын оң деп бағалайық.
Үшінші – Тоқаевтың сыртқы саясатта түркі және Орталық Азия бағытына ден қойып, басты бағдар етуге тырысуы.
Түркі елдері ұйымы қайта құрылды. Ол да дұрыс. Бірақ бұл таңдау екі түрлі кедергіге ұшырауы ықтимал. Бірі – түркі әлемі мен Орталық Азия елдерінің өз «тоқаевтары» бар. Бірігу ісіне олардың жеке амбициясы тосқауыл болмай ма? Екіншісі – түбі бір, туыс елдердің мұндай тығыз интеграциясына Ресей мен Қытай қалай қарайды екен? Осы бетбұрысты қалай қабылдағанына қарағанда, ол екеуі қусырып отыра бермейтін сияқты. Осы қысымдарға қос көршіге тәуелді боп қалған біздің билік төтеп бере ала ма?
Төртінші – елбасы «фавориттерінің» бірі – премьер Асқар Мамин мен ол басқарған үкіметтің орнында қалуы.
Қаншама жаманатқа қалып, қоғам наразылығына ұшырап, президенттен оқтын-оқтын сөз естіп жатса да, бұл пәтшағарлар былқ етпеді-ау! Күркіреуі күшті, жауары аз үкімет орнынан қозғала қоймады. Ең бастысы, премьер елбасының көңілін тапқан сияқты. Әйтпесе, Тоқаев үкіметті сынаудан жалықпайды. Бірақ, кім біледі, оның басқа, көпшілікке беймәлім, астыртын себебі де бар шығар. Мәселен, ертеңгі күні жағдай одан сайын ушығатынын біліп, елбасы мен президент ол үкіметке саяси камикадзе рөлін әзірлеп, керек кезінде құрбандыққа шалып жібере ме, қалай?
Бесінші – кезекті парламент сайлауының ескіше өтуі.
Тоқаев жариялаған «саяси модернизацияны» бұл жолы көре алмадық. Баяғы жартас – сол жартас, баяғы парламент – сол парламент қалпында қалды. Өзін «парламенттік оппозиция» деп жариялаған партиялар да «Нұр-Отанның» құйыршығы рөлінен аса алмай отыр. Ал оппозициялық партия – ЖСДП демократиялық күштер мен тұлғаларды біріктіре алмай, бас бәйгеге қатысудан бас тартып, тарихи мүмкіншіліктен айырылып қалды.
Мұның өзі саяси оппозицияның осы күнге дейін жеткен электораттық жетістіктерін мансұқ етіп, саяси процестің тоқырауына алып келді.
Алтыншы – президенттің азаматтардың зейнетақы жинақтарының белгілі бір сомасын тұрғын үй сатып алу мен емделуге жұмсауға мүмкіндік беруі.
Рас, мұндай қадамды популистік деп санап, елдің және зейнетақы қаржы жүйесінің болашағына теріс әсер ететінін айтқан сарапшылар да болды. Бірақ, халық бұл шешімді жылы қабылдап, өз мүмкіндіктерін пайдалануға ұмтылды. Алайда, шын мәнінде қиналып, қаржыға зәру боп жүрген қауым бұл бастамадан тыс қалды, оған олардың зейнетақы қорындағы қаржысы жетпеді. Және де осы жылы сол қаржының мөлшерлі шегін бір сәтте көтеріп жіберіп, үкімет елді бір шулатты. Ақырында, президент тағы да өзі араласуға мәжбүр боп, мәселе уақытша шешімін тапты.
Жетінші – Жамбыл облысындағы қоймаларындағы оқ-дәрінің жарылуы.
Қаншама адамның өмірін қиған, қолдан жасалған осындай апаттардың себебі (Арыстағы жарылыс) жазылса да, еліміздің әскери қоймалары сол баяғы, ескі-құсқы, Совет дәуірінен қалған оқ-дәріге әлі де толы. Қорғаныс министрі қызметінен кеткенімен, қоймалардағы жағдай өзгереді деп ешкім де кепілдік бере алмайды. Бұл оқиға, сонымен бірге, біздің әскердің жаңа қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз ету мәселесін диверсификациялау сияқты аса маңызды мәселені күн тәртібіне қойып отыр.
Сегізінші – Қызылорда, Мағыстау облыстарында малдың жаппай қырылуы.
Бұл апаттың да жасанды сипаты бар, өйткені мал азығының тиісті қорын бір жыл бұрын дайындап қойып, алдын-ала қамдануға болатын еді ғой. Жаңаша тарихтағы жұттың тағы бір себебі: Орталық Азиядағы көршілермен су ресурстары бойынша тиісті келісім-шарттардың орындалмауы екенін ескерсек, шанамызды жазда сайлап қоймасақ, жағдай келесі жылы да қайталануы мүмкін!
Тоғызыншы – ресми Ресейдің жүйелі түрде қазаққа қарсы бұрын-соңды болмаған үгіт-насихатына көшуі.
Қазақстандағы ұлтаралық және тілдік жағдайды өрескел бұрмалап, неоимпериялық ниеттегі мінез көрсетіп, Кремльден реттелген тұтас бір ақпараттық науқан жариялануы жайдан-жай емес. Бұрын бұл іспен жекелеген саясаткерлер айналысса, биыл бұл отқа майды президент Путиннің өзі құйды. Оның атышулы мақаласы – Ресейдің Қазақстанға деген саясатында белгілі бір өзгеріс бар екенінің айғағы.
Бұған Кремльге бір табан жақын кейбір БАҚ біздің екі басшы мен олардың отбасының шетелдегі мүлкі мен қаржысы туралы мақалалардың жарық көруін қосыңыз. Қалай болса да, екі ел арасындағы жағдай жақсы емес. Ең бастысы – біздің басшылар солтүстік жақтан қоқан-лоқыға лайықты тойтарыс бере алса.
Оныншы (бұл оқиғаның алдыңғы оқиғаға тікелей қатысы бар) – Қазақстанда ресейлік АЭС салу мен ресейлік СБЕР банкісін қазақстандық цифрлық жүйенің платформасы ретінде тану туралы бастамалардың ресми деңгейде қолдау табуы. «Өзімізде басқа қуат көздері жеткілікті боп тұрғанда, атом стансасы неге керек?». «АЭС-тің ресейлік нұсқасынан басқа да баламалары бар емес пе?». «Мемлекет пен жеке адамдар туралы барлық ақпаратты басқа елдің банкіне неге береміз?» деген сауалдарға билік әлі де жауап берген жоқ. Байқаймын, алдағы жылы осы екі жоба төңірегінде қып-қызыл айтыс болатын түрі бар. Әйтеуір, арты жақсы болсын деп тілейік.
Он бірінші – өзін оппозиция санайтын қауымның бір-бірімен жарысып, бір күнде қос құрылтай өткізуі.
Бұл – Қазақстан оппозициясының 90-жылдарының аяғында басталған «солшылдықтың балалық ауруынан» әлі де арыла алмай, одан сайын ыдырауының бір дәлелі. Сол баяғы өзін мақтап, басқаларды жамандап, даттау әдеті. Осындай берекетсіздікті көріп, «өзін оппозиция санайтын күштер мен тұлғалардың одан сайын ырду-дурду болуын жоғары жақтан біреулер реттеп, аразшылардың қолтығына су бүркіп отырады ма?» деген сауал да туындайтыны рас. Ең бастысы – алда келе жатқан кезекті (кезектен тыс!) сайлауларға оппозиция тарапынан ешқандай да дайындық жоқ. Көңілге бір медет: еркін ойлы, Әділет пен Шындықты мақсат тұтқан, бір көсемнің маңына емес, «Қазақстанды жаңарту» деген бір ортақ идея төңірегінде ұйымдасқан жастар легі келе жатыр. Болашақ – солардікі!
Он екінші – қазақтың халықаралық брендіне айналған алтын Димашымыздың әлемдік сахнада жаңа белестерге шығуы. Өз саласының таланты ретінде Иманбек деген қарапайым қазақ баласының Grammy-ді иеленуі.
Он үшінші оқиға өзім үшін, менің оқырмандарым үшін маңызды. Биыл Nege.kz порталына апта сайын жазып тұратын колумнист боп орналастым. Бұл да журналистикадан ешқашан де қол үзбеген мен үшін үлкен оқиға деп білемін. Және де бұл оқиға салмақты да мейлінше объективті сараптама іздеген оқырманның да көңілінен шығу үшін бар күшімді салуға тырысамын.
Сондықтан келесі жылы да Nege.kz порталына көз салып, соның ішінде менің апталық мақалаларымды оқып жүріңіздер!
Келе жатқан күнтізбелік Жаңа – 2022-жыл құтты болсын!