23 Қыркүйек 18:31

Баталовпен өткен бір күн. Фоторепортаж

Фото:

Кеше Алматы облысы әкімдігінің шақыртуымен БАҚ өкілдері Талдықорған қаласына барды. Тілшілер қауымын ерекше ықыласпен күтіп алған облыс әкімі өткен-кеткенді айтып, ағынан жарылды. 

Алматы облысы қайта жеке әкімшілік аймақ әрі облыс орталығы Талдықорған қаласы болып бекітілгелі жиырма жыл өтіпті. Күннің негізгі бағдарламасы да осыған құрылған. Басқа БАҚ Жетісудың бас шаһарында не болып, не қойғанын кешелі бері хабарлап жатыр.

Мерекелі күннің басы «Аяулы алақан» аллеясының ашылуымен есте қалды. Қос алақанын жайған адамның қолы мен ортадан өсіп шыққан ағаш бір қарағанда ерекше әсер береді. 

Бір топ журналисті жанына шақырып, хал сұрасып болған облыс әкімі: «Бұл жобаның идея авторы – өзім. Анау алақан мейірімділікті аңғартады, ағаш – өмір. Пандемия кезінде халық саулығы үшін жанын бәйгеге тіккен ақ халаттылар үшін осы ескерткішті, аллеяны ашып отырмыз. Тіпті, арасында бақиға аттанған дәрігерлеріміз бар. Солардың отбасы мүшелері осында келіп, қайтыс болған туыстарын есіне алады», – деді. 

Алматы облысының медицина мамандары індет тарағалы 52 мыңнан аса адамды аурудан айықтырды. Сырқаттанғандарды сауықтырам деп жүріп 14 білікті дәрігер коронавирустан көз жұмған. 

«Марқұмдар мәңгілік есімізде. Бұл ескерткіш сол үшін қойылды. Болғаны – болды. Надо веселиться. Жить!», – деген облыс әкімінің сөзін жігерлендіру деп түсіндік.

Амандық Баталов әр қонақпен «жұдырық түйістіріп», жеке-жеке сөйлесуге тырысқанына куә болдық. 

Аллеяның ашылу салтанаты аяқталысымен жиналғандар Талдықорғандағы орталық алаңға қарай аяңдады. Облыс әкімдігі қала тұрғындарына жаңа эко-автобустарды пайдалануға берді. 

«Талдықорған көшелерінде жаңа, заманға сай автобустарды көру біраздан бергі арманым еді. Міне, бүгін Талдықорған қаласының жиырма жылдығы қарсаңында сол арманым орындалды. Қала тұрғындарымен қатар мен де қуаныштымын», – деді облыс әкімі. 

Автобус паркін жаңарту үшін «Жетісу» ӘКК арқылы газбен жүретін 55 экологиялық автобус сатып алынбақ. Оның 32-сі қала күні қарсаңында Талдықорған көшелеріне шықты. 

Автобустың алғашқы жолаушысы Амандық Баталов бастаған аудан әкімдері, департамент басшылары мен облыс ақсақалдары болды. Жол үстінде облыс әкімімен тілдесудің сәті түсті. 

– Амандық Ғаббасұлы, автобустарда электронды төлем жүйесі бар екен. Алматыда – Оңай, ал Шымкентте төлем бағдарламасымен жол ақысы төленеді. Сіздерде қалай?

– Бізде де Оңай. Бірақ, әлі толық іске қосылған жоқ. Мұның бәрін әкімдік мойнына алады. Алматы, Шымкенттегі секілді біздің тасымалдаушыларда ақша жоқ. Олар жаңа автобус сатып ала алмайтын болғасын, кредитке кірмесін деп облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңге бөліп, көліктер алып бердік. Оларға тек бір ғана талап қойдық, автобустарды жеке меншігіндей күтіп ұстаса болғаны.  

– Сонда, әкімдік тасымалдаушы компанияның жұмысын тексеріп, қадағалап отыра ма?

– Иә

– Президент соңғы жолдауында көлік жүргізушілердің жалақысын көтеруді тапсырды. Жаңа автобус жүргізушілердің жалақысы қанша?

– Әзірге 100-120 мың теңгеден басталады. Жоғарыда айтқанымдай тасымалдаушы компанияда қосымша ақша жоқ. Халыққа қызмет көрсетіп тапқан қаржыдан бірте-бірте жалақы көтеріледі. 

Дәл осы кезде автобус келесі аялдамаға келгенімізді хабарлады. Қаланың бас жоспары көрсетілген арнайы макетпен Амандық Ғабббасұлының өзі таныстырды. Талдықорғандағы құрылыс қарқыны әлі де жанданатынын айтты. 

Қала күні қарсаңында тағы бір игі істің куәсі болдық. Жалпы ауданы 5 мың шаршы метр болатын көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

Облыс әкімі тұрғындарға пәтер кілтін табыстап, кейбірінің үйінде қонақ болды.

Салтанатты жиындардан кейін мерекелік кеш өтіп, 6 тұрғынға «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» төсбелгісі табысталды. 

 

Тегтер: