29 Ақпан 12:31

Райымжан Артықбайұлы: Өзбек тілінде жазатын маман тапшы

Өзбек газеті
Фото: жеке мұрағаттан

Тарихи негізін тәуелсіздік алған жылы қалаған «Жанубий Қозоғистон» газеті өзбектілді оқырманға жақсы таныс. Осы жылдар ішінде әу бастағы мақсаты мен бағытынан айнымаған басылымның бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Райымжан Артықбайұлы Алибаевты әңгімеге тарттық.

Райымжан Артықтайұлы, тәуелсіздікпен құрдас «Жанубий Қозоғистон» газетінің тарихы туралы аз-кем айтып өтсеңіз...

– Газеттің тарихы тереңде жатыр. Сонау 1989 жылы өзбек зиялыларынан тұрған бір топ делегация өзбек тілінде газет керектігін мәселе етіп көтеріп, Мәскеуге дейін барған. Бұл бастама қолдауға ие болып, «Дўстлик байроғи» деген атпен алғашқы саны 1991 жылы 5 сәуірде шыққан. Әу баста 3 мың таралымға дейін жетіп, уақыт өте келе еліміздің саяси-әлеуметтік жай-күйінен бастап, халықтың тұрмыс-тіршілігін жан-жақты жазатын қоғамдық басылымға айналды. Алғашқы редакторы оңтүстік өңірдегі өзбек журналистикасының негізін қалаған ақын, аудармашы Сабыржан Юсуфалиев екенін айта кеткен жөн. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас газет еліміздің дамуы жолындағы талай кезеңге куәгер. Кейін, яғни 1998 жылдың қаңтарынан бастап газет атауы уақыт талабына сай «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық-саяси газеті болып өзгерді. Облыс өңірлеріндегі маңызды оқиғалар мен негізгі жаңалықтарды толығымен қамтуға тырысатын, бір сөзбен айтқанда халық пен билік арасындағы алтын көпір іспеттес басылым республикаға тарайды.

Райымжан Артықбайұлы
жеке мұрағаттан

– Әрине, қазіргі кезде оқылымды газет шығару, оқырман санын арттыру оңай шаруа емес. Дегенмен, газеттің жарық көруіне қолдау бар ма?

– Газет аптасына 3 рет, 13 мың тиражбен жарық көреді. Сейсенбі және бейсенбі күндері – 4 бет, ал сенбі күні 8 бет болып шығады. Редакцияда 23 қызметкер жұмыс істейді. Екі ауданға бір тілші жауапты етіп бекітілген. Негізгі бағыты – ел президентінің бастамалары мен Жолдауын қолдау, оны халыққа түсіндіру. Елді бірлік пен ынтымақтастыққа бағыттайтын мақалалар басты назарда алынған. Түркістан облысындағы жаңалықтарды қалт жібермейміз. Бізді негізінен орта буын өкілдері оқиды. Бұрыннан газетті қолына ұстап оқуға әдеттенген оқырмандар көп.

Оның ішінде жастар да бар. Бірақ олар интернет дамыған заманда ақпаратты әлеуметтік желілерден-ақ оқып алады. Әрине, мұндай кезде газет шығарып, оқырманды тарту оңай жұмыс емес. Бұл елімізде жарық көретін барлық басылымға тән мәселе. «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық-саяси газеті Түркістан облыстық әкімдігінің тікелей бақылауында. Әкімдік мемлекеттік тапсырыс аясында мақалаларға бағыт-бағдар беріп отырады.

Сондай-ақ, Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі бар. Қазіргі төрағасы – Бахадүр Ирсметов. Біз өңірдегі мәдени орталықтармен тығыз байланыстамыз. Осы орталықтың әр ауданда бөлімдері жұмыс істейді. Олар да газет тиражының көбеюіне, оқырманмен қауышуына септігін тигізеді.

Бүгінде Түркістан облысында тұратын 400 мыңға жуық өзбек этносының мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілі мен әдебиетін, ұлттық құндылықтарын оқырманға жеткізетін шығармашылық ұжымның еңбегі зор. Мәселен, «Адабиёт ва санъат», «Ҳидоят сари», «Қонун ва ҳаёт», «Кўнгил кўчалари», «Мактабдош», «Суҳбатдош», «Турмуш чорраҳаларида», «Шаңырақ» арнайы беттері ай сайын өз ретімен оқырманға жол тартады.

Райымжан Алибаев
жеке мұрағаттан

Өзіңіз еңбек жолыңызды қай газетте бастадыңыз?

– Түркістан қаласының тумасымын. Өзбек тілінде оқыдым. 1994 жылы мектепті бітіргеннен кейін бүгінде жарық көргеніне 94 жыл толған қалалық «Түркістан» газетінің өзбек тілінде шығатын «Туркистон» газетіне корректор болуға ұсыныс түсті. Жаспын, жұмыс істеуге құлшыныс жанып тұр. Содан газеттің бүкіл қатесін көрсетіп беріп едім, ұжым сенім білдірді. Шын мәнінде, газеттің сапалы әрі сауатты шығуы корректорға байланысты. Егер корректор сауатты, білікті болса, газет те қатесіз жарық көреді. 1998 жылы аудармашы, 2005 жылдан 2023 жылға дейін өзбек бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істедім. Өткен жылдың сәуірінен бастап «Жанубий Қозоғистон» газетіне бас редактор болып тағайындалдым.

Бұл газет қаншама журналистің ұстаханасына айналды. Осы шығармашылық ұжымда тәжірибе жинап, біліктілігін арттырған тілшілер өз орнын тапты. Мен де осы ортадан арманыма қанат бітірдім. Өзім спортқа бейім болған соң, осы тақырыпта қалам тербедім. Әуелі мақаланы қазақша жазып, сосын өзбекшеге аударып алатынмын. Биыл бұйыртса журналистка саласында жұмыс жасағаныма 30 жыл толады.

Райымжан Алибаев
жеке мұрағаттан

– Өзбектілді журналистикасындағы басты мәселе не?

– Өзбек журналистикасы қазір ақсап та жатқан жоқ, биіктеп те кеткен жоқ. Бізді алаңдататын мәселе – ұжымда жұмыс істеп жатқан әріптестердің 20-30 пайызы – 60 жастан асқандар. Жаңа кадр тапшылығы мәселесін шешуді қарастыруымыз керек. Түркістан қаласындағы Қ.Яссауи университетінде журналистика мамандығы болғанмен, өкінішке қарай өзбек бөлімі жоқ. Ал Шымкентте «Өзбек тілі және әдебиеті» мамандығы бар. Журналистика мен филология бір-бірінен алыс болмаған соң, алдағы уақытта жазуға икемі бар жастарды тәрбиелеуді, үйретуді қолға алсақ деймін. Біз бұл жөнінде оқу орны басшылығымен сөйлесіп қойдық.

– Елімізде өзбек этносының өзара бірлікте өмір сүруіне Қазақстан халқы Ассамблеясының қосатын үлесі қандай?

– Қазақстан халқы ассамблеясы елдегі тұрақтылық пен татулықты берік етіп отырған институт. Осы ұйымның жемісті еңбегінің нәтижесінде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», ынтымақта өмір сүріп жүрміз. 2016 жылдан бері елімізде 1 наурыз – Алғыс айту күні аталып келеді. Тыныштық пен үндестік, өзара бірлік пен татулыққа жетері жоқ. Қазақстанда 130-дан аса ұлт өкілдері тұратын болса, соның ішінде өзбек этносы қазақ халқымен тілі бір, діні бір, ауылы аралас, қойы қоралас тірлік етіп келеді. Бір шаңырақтың астындағы барша ұлттың алғысы бейбіт өмірдің белгісі іспеттес. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Көк туымыз көк аспанда мәңгілік желбіресін!

Сұхбатыңызға рақмет!