2 Қыркүйек 16:36

Жолдауда Жамбыл облысындағы жарылыс жайлы НЕГЕ айтылмады?

Фото:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  кезекті жолдауының алдында елімізде тағы бір қайғылы жағдай болды. Сол себепті Қ.Тоқаевтың үшінші жолдауын жаңа Қорғаныс министрі тыңдады. Ел Жамбыл облысындағы жағдай бойынша президент не дейді деп күтті. Бірақ екі жылда екінші мәрте қайталанған жарылыс жайлы жолдауда ештеңе айтылмады. Неге? 

Дегенмен президент ел аузындағы ескі ауру туралы сөз қозғады. Қ.Тоқаев кез келген мемлекеттік бағдарламаға саботаж жасайтын тиімсіз, кілең «өз адамдарынан» жиналған ебедейсіз бюрократиялық аппарат туралы айтты. Және «мемлекет басшысының бағыт-бағдарына күмән келтіретіндер, жұмысын істей алмайтындар, орнында қалуды ғана ойлайтындар, тіпті президент тапсырмасын орындаудан бұлтаратындар қызметінен кетуі керек» екенін мәлімдеді. Мемлекеттік аппарат бірегей ағза секілді жұмыс істегенде ғана алға қойған мақсаттарды орындауға болатынына тоқталды.

Бұл жерде таяқтың жуандау ұшы Асқар Мәмин басқаратын министрлер кабинетіне тиетіні күмәнсіз. Егер президенттің өзі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейіне күмән келтірсе, үкіметтің жұмысына қандай баға беруге болады? Расында да тамыр-таныстан құралған, орынбасарларының орынбасары бар, көмекшінің өзіне көмекшісі тағайныдалған алып бюрократиялық аппарат сыртқы жағдайды былай қойғанда, елдегі кезек күттірмес шаруаларға мойын бұруға, Арыстағы, Тараздағы секілді шұғыл қимылдауды талап ететін оқыс оқиғаларда жедел, икемді әрекет ете алды деп айта аламыз ба? 

Бейбіт күнде ел шыбынша қырылуда. Қос бірдей жарылыс қорғаныс қабілетімізге күмән келтірді, әскердің моральдық рухын түсірді, елдің билікке деген сенімін селдіретті.  Бұл жағдайлар Ауғанстанда лаңкестік шабуылдарға бейімделген, діннің радикалды бағытын ұстанған «Талибанның» билікке келген кезінде болып жатқаны әркімді алаңдатады. Елде соңғы кездері қылтия бастаған діни алауыздықтар, ұстанған ағымы мен бағыты көпшілікке күмәнді тұлғалардың кей мәселе бойынша мемлекеттің саясатына ашықтан ашық қарсы шыға бастауы, ал бұл кезде елдегі мұсылмандардың басын біріктіріп, діни жікшілдікке  жол бермеуге бірден бір жауапты Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасының төңірегіндегі рушылдық, трайбализм, имамдардың өзінің діни сауатының нашарлығы туралы даулардың өршігені ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды мәселе емес пе? Бұл жағдайлардың жолдаудан тыс қалғаны өз басым үшін өте таңданарлық жағдай болды. Құдды бір жолдудың мәтіні осы оқиғалардан көп уақыт бұрын жазылып, дайындалып қойған секілді көрінеді.  

Қ.Тоқаевтың саботаж туралы айтқан ойын сабақтасақ, А.Мәмин үкіметіне тағылар сын тым көп. Былтыр коронавирустың алғашқы толқыны елімізге қашан келерін ай-күніне дейін дәл болжаған үкіметтің құтқару қайығы індеттің алғашқы толқынымен-ақ аударылып қалған жоқ па? Былтыр жаздағы оқиғалар денсаулық сақтау жүйесінің кез келген індетке, төтенше жағдайға мүлдем дайын емес екенін анық көрсетті. 1 млрд 300 млн-нан астам халқы бар Қытайда коронавирус жұқтырғандар мен одан өлгендердің саны Қазақстаннан бірнеше есе аз болғанын басқаша немен түсіндіруге болады? 

Арыстағы апаттың жаңғырығы басылмай жатып, Жамбылда жарылыс болғаны да үкіметтің кешегі оқиғадан ащы сабақ алмағанын анық аңғартады. Коронавирусқа қарсы отандық вакцина өндірісін межелі уақыттан кешіктіру, шетелден вакцина жеткізудің жүйелі жолға қойлмағаны, соның кесірінен науқанның басында ақ екпе тапшылығының болғаны да бұл үкіметтің ебедейсіздігін көрсетеді.

 

Осындай бюрократиялық аппарат Қ.Тоқаевтың жолдауда айтқан «бірегей механизм секілді жұмыс істеу» туралы бастамасына иліге ме? Сұрақтың сұрағы. Бұл үшін түрлі элитаның өкілдерінен «теңгермелік саясатымен» іріктеп алынған, әр кланның бір өкілі болсын деген қағидамен құралған аппарат бірегей механизм болып істеуге дайын ба? Іс жүзінде Қазақстанның шенеуніктер аппараты кабинетішілік, кланаралық талас-тартысқа шатылып, сол ойынның шылауынан шыға алмай, басқа жұмысқа мойын бұра алмайтын жағдайға жеткенін ел біліп отыр. Бір мемлекеттік органдағы 100 адамның 10-ы ғана сол жерге өзінің кәсіби білігімен жетеді. Есесіне, солар қалған 90 адам үшін де жұмыс істеуге мәжбүр. Министрліктен бастап аудан әкімдіктеріне дейін кеңсенің бірнеше қара есегі зорыққанша, түн ортасына дейін өзгелер істеуге тиіс қағаз жұмысқа көміліп отырады.  

Президент тапсырмаларын орындалмайтыны туралы айтқанда Қ.Тоқаев өзінің мамырда жеке қосалқы шаруашылықтар туралы заң жобасын әзірлеу туралы үкіметке берген тапсырмасын да меңзеген болар? Жаз өтіп, күз келді, заңның әлі жұрнағы да жо секілді. Әйтпесе, президент жолдауында осы тақырыпқа қайта тоқталып, жария түрде заң қабылдау туралы тапсырма бере ме? Ал ол заңның қаншалықты маңызды екені туралы бұған дейін жазғанбыз.

Тақырыпқа орай:  МЕЗІ ЕТКЕН МЕНШІК МӘСЕЛЕСІ биылғы жолдауда айтылды

 Президент Қ.Тоқаев экономикадағы жаңалықтар туралы тоқталғанда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдегені туралы мәлімдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылған. 70 мың жұмыс орны ашылған. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңгеге жеткен. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді, – деді президент Қ.Тоқаев.

Бірақ осындай экономикалық жетістіктердің игілігін барша қазақстандық сезіне алып отыр ма? Сезіне алса, президент мемлекеттік бағдарламаларға қатысты саботаж туралы айтпас еді. Осыған дейін Есеп комитеті 2020 жылы мемлекеттік органдарға бөлінген бюдет қаржысының 570 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалғаны, ал жалпақ тілмен айтқанда талан-таражға түсіп, далаға шашылғаны туралы мәлімдеген еді. Қазынаның миллиардтаған ақшасы ешкімге есеп бермейтін, сыбайлас жемқорлықпен шырмалған мемлекеттік органдардың «арқасында» желге ұшып жатыр.

Қытай тілі мен мәдениетінің білгірі саналатын президенттің бұл жолғы жолдауы осындай жұмсартып айтқанда тиімсіз мемлекеттік бюрократиялық аппаратқа жасаған «соңғы қытайша ескертуі» болған шығар деп сенгің келеді. Және ол ескертуден соң нақты шаралар қолданылса, мемлекеттік басқару аппаратына меритократиялық жолмен келгендердің қарасы көбейсе, келесі жолдауда саботаж емес, кезекті шын жетістігіміздің сабантойы туралы сөз қозғалар бәлкім, кім білсін!? 

Әділ Ұзақбай, Алматы 

Тегтер: