8 Қазан 18:55

«Экономикалық диверсия». Дизельді кім «ішіп» жатыр?

Фото:
Көктем және күз айларында жанар жағармай тапшылығы болып, баға шарықтап кететіні үйреншікті әдетке айналды.

Мысалы, тамызда 207 теңге болған дизель бір айда 33 теңгеге шарықтап шыға келді. Осылайша қыркүйекте дизель литрі 240 теңгеден саудаланса, қазір кей жанармай бекеттерінде жанармайдың литрі 330 теңге жеткен.

Осы аптада Парламенттегі үш партия өкілі жанар-жағар май мәселесіне байланысты депутаттық сауал жолдады. Онша-мұншаға мән бере бермейтін мәжілісмендер «жанармай тапшылығын экономикалық диверсия» деп атағаны тосын жаңалық болды. Расында экономикалық шабуылды кім ұйымдастырып жатыр?

Төртінші МӨЗ неге салынбайды?

Мәжілісмен Серік Ерубаев «Ақ жол» фракциясы атынан ҚР Энергетика министрі Мағзұм Марзағалиевтің атына депутаттық сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, жанармай тапшылығы мен оның құнының өсуіне байланысты кәсіпкерлер мен жүк тасушылар және жүргізушілердің наразылық акциялары болып жатыр. Сондай-ақ ол мұнай өнімдерінің бағасына экономиканың барлық салалары тәуелді екенін ескертті.

«Оның бағасы қарапайым тұтыну тауарларынан бастап, стратегиялық маңызы бар шикізат құнына тікелей әсер етеді. Яғни, дизель бағасының көтерілуі біздің кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендететіні анық. Ал дизельдің саудада болмауы экономиканы тығырыққа әкеледі. Мұнай өнімдерінің маусымдық тапшылығы жыл сайын қайталанатын көрініс болып кетті. Дәл көктемгі егін егу немесе күзгі астық жинау кезінде біздің мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жүргізуге тоқтайтыны дәстүр сияқты.

Қазақстанда халық санының ұлғайуы, экономиканың өсуі мен автотранспорттың көбейюуі жұмыс істеп тұрған Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткіліксіз екені байқала бастаған кезде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі қызу талқыланған болатын. Бірақ мұндай шешім қабылданбай қолданыстағы зауыттарға жаңғырту жұмысатары жүргізу жоспарланған. Алайда жаңғырту жұмыстары жүргізілген күннің өзінде де өндіріс қуаты жеткіліксіз болып отырғанын уақыт көрсетті. Тіпті көмірсутек шикізаты жоқ мемлекеттердің өзінде биодизель өндірісі өріс алуда. Ал біз мұнай экспорттаушы мемлекет бола тұра мұнай өнімдерін импорттауға мәжбүр болып отырмыз. Өкінішке қарай, министрлік те өз деңгейінде отандық дизельмен ішкі нарық сұранысын қамтамасыз ете алмай отырғанын мойындап отыр», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, дизель бағасы 189 теңгеден 240-285 теңгеге дейін көтерілген. Сондықтан да ол халық арасында бағанның өсуі жасанды емес пе деген ой туып отырғанын ескертті. Сондықтан да Серік Ерубаев министрге бинзин және дизель шығара алатын мемлекеттік мұнай өндірушілерге қарап қалмай, жекеменшік кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді ұсынды. Кәсіпкерлердің ондай жоспары болғанымен, министрлік тарапынан қолдау таппай отырған көірнеді.

«Жанар-жағар май бағасының өсуі жауапсыздық нормасына айналды»

Ал Ғалым Әміреев «Нұр Отан» партиясының атынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, азық-түліктің қымбаттауы жанар-жағармай бағасына байланысты екеніне нараз аудартты. Әсіресе, ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бірі нанның бағасы көтеріліп жатқанын айтты.

«Бұл мәселе депутаттық сауалдарда бірнеше рет көтерілгенімен әлі де болса, өз шешімін таппай отыр. Биылғы көктем, жаз айларында сәбіз бен картоп бағасының 500-600 теңгеге дейін өсуі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Алайда ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ешқандай тұжырым жасалған жоқ. Соңғы уақытта негізгі әлеуметтік маңызды азық-түліктердің бағасына қатысты мәселе де көбірек көтеріліп жүр», – деді ол. 

Сондай-ақ депутат ең танымал 1-сұрыпты ұнның бір келісі 150-200 теңге, тіпті одан әрі өсіп жатқанын тілге тиек етті. Ал ұн бағасы осы жазда ғана 120-130 теңге деңгейінде болған көрінеді.

«Биылғы жылы қазақстандық ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің құрғақшылық салдарынан түсімнің төмендігі елеулі соққы болды. Алдын ала болжам бойынша біз 30 пайызға дейін өнімге қол жеткізе алмаймыз.  Сонымен қатар уәкілетті органдардың жауапсыздығынан жанар-жағармайдың, әсіресе, дизель отынының жоғары бағасын байқаймыз. Литріне 300 теңгеге дейін жетіп, кей уақытта елдің жанармай бекеттерінде тапшылық та болып қалады. Мұның бәрі экономикалық диверсиға өте ұқсас. Бұл энергетика министрлігінің жауапкершілігі. Бүгінгі отырыстың өзінде бұл мәселе үшінші рет көтеріліп отыр. Сондай-ақ тыңайтқыштардың, ауыл шаруашылық техникасы құнының жыл сайынғы өсуін де атап өту қажет. Осы факторлардың жиынтығы астық бағасына әсер етті. Біреулер үшін жанар-жағармай бағасының күрт өсуі нормаға, жауапсыздық нормасына айналды. Бұл үнемі, дәлірек айтқанда, көктемгі егіс жұмыстары мен егін жинау кезінде орын алып келеді. Бұл туралы депутаттарда бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Бірақ бұрынғы жартас сол жартас күйінде. Бұл ауыл шаруашылық мамандары үшін ең жауапты кезеңде қасақана жасалатындай әсер қалдырады», – деді депутат.

Айқын Қоңыров министрдің саясатына қарсы

Жуырда ғана ҚР Энергетика министрі болған Мағзұм Марзағалиев еш саспастан, арқаны кеңге салып отыр.

«Біз үшін қазан айында Ресей федерациясынан кемінде 100 мың тонна дизел отынын әкелу өте маңызды. Қыркүйекте 20 мың тонна импорттадық. Қазан айының 4 күнінде шамамен 12 мың тонна түсіп үлгерді. Жағдай әзірге күрделі. Бірақ тұтастай алғанда импорттық өтінімді жеткізудің оң трендін көріп отырмыз» – деді ол.

Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров министрдің Ресейден жанар-жағар май сатып алуына қарсы. Депутаттың айтуынша, бұл маусымдық проблема емес, саладағы кризистің нәтижесі.

«Тапшылық пен қымбатшылықтың себебі отандық арзан отынның көрші елдерге заңсыз шығарылуы делінген. Алайда министрлік пробеламаны шешу үшін Ресейден бағасы удай дизельді жеткізуді ұсынып отыр. Арзанға сатып, қымбатқа сатып алу қағидатына сүйенген мұндай парадоксальды экономика сүйенген жанармай нарығындағы тұйық саясат пен ұзақ мерізімді жоспардың болмауынан салдырынан туындап отыр», – деген Айқын Қоңыров.

Мәжілісмендер елімізде төртінші мұнай өңдеу зауыты болса тапшылық болмас па еді деген пікірде. Алайда үкімет жаңадан зауыт салудың орнына үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуды қош көріп, мәселеге нақты назар аудармай отыр.

Серік Жолдасбай, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: