-8°C-қа дейін суытады: Алдағы 3 күнге арналған ауа райы болжамы жарияланды
Қазақстандық синоптиктер 2024 жылғы 25-27 сәуірге ел бойынша ауа райы болжамын ұсынды.
Алматы, NEGE. Таратылған хабарламаға сәйкес, елдің оңтүстік жартысында 25-27 сәуір аралығында жаңбыр жауады. Қазақстанның солтүстік-батысында 25 сәуір күні ғана жаңбыр жауады, ал түнгі уақытта қар жаууы мүмкін.
«Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр, найзағай күтіледі. Бұршақ пен дауыл да бірге келуі мүмкін. Қалған өңірлерде жауын-шашынсыз ауа-райы сақталады», – делінген Қазгидрометтің хабарламасында.
Сонымен қатар, ел бойынша екпінді жел, түнгі уақытта солтүстік және шығыс аймақтарда тұман болады деп болжануда.
«Суық фронт біртіндеп елдің оңтүстік аймақтарына қарай жылжиды, онда ауа температурасы түнде 0+12, күндіз +10+20°дейін біртіндеп төмендейді», – деп толықтырды «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.
Солтүстік аймақтарда ең суық ауа-райы 25 сәуірде болады.
«Мұнда термометрлердің бағандары түнде 0-8° дейін, күндіз +5+13° дейін төмендейді, содан кейін температура күндіз солтүстікте біртіндеп +10+17°дейін көтеріле бастайды», – делінген хабарламада.