Патигүл Мақсатова, ақын: Бұл достық – әке-шешемізден мұра болып қалған байлық
Бүгінде ұйғыр әдебиетінің дамуына үлес қосып жүрген ақынның бірі – ПатигүлМақсатова. Ол – Жазушылар одағының ұйғыр әдебиеті кеңесін басқарады. Қазақ ақындарының шығармасын ұйғыр тілінде сөйлеткен ақынмен NEGE тілшісі әңгімелескен еді.
– Патигүл Мәсімқызы, Жазушылар одағының ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрайымы ретінде ұйғыр әдебиетінің бүгінгі тынысы жайында айтып өтсеңіз.
– Ұйғыр әдебиеті – ежелден келе жатқан әдебиет. 1952 жылы Қазақстан Жазушылар одағы жанында ұйғыр жазушылары бюросы құрылып, оны Қадыр Хасанов басқарған болса, кейін бұл кеңесті Хизмет Абдуллин, Зия Самади, Савутжан Маматқулов, Шайим Шаваев сияқты Қазақстан әдебиетінде салмақты орны бар ақын-жазушылар басқарды.
Бүгінде секцияда 22 ақын-жазушы бар. Олар бүгінгі күннің тынысы ретінде Қазақстан мемлекетінің дамуына қал-қадерінше үлес қосып келе жатыр. Ұйғыр әдебиеті кеңесінің атқарып отырған жұмысын Жазушылар одағының басқармасы әркез қолдап келеді.
– Ұйғыр ақын-жазушыларының ішінде өндіріп жазып жүрген қаламгерлерді атап өтсеңіз...
– Бізде проза, поэзия, драматургия, балалар әдебиеті саласына қалам тербеп жүрген қаламгерлер ортасы бар. Ең алдымен «Қазақстан халық жазушысы» атағын алған Ахметжан Ашириді атап өткім келеді. Ол кісі проза және драма жанры бойынша қаншама еңбектің авторы. Одан бөлек ақын-жазушылар Акрам Садиров, Абдуғопур Қутлуқов, Илахун Жалилов, Мамтимин Обулқасимов, Жамшит Розахунов, Нурахмет Ахметов, Гүлбәһрәм Хошаева, Шавкет Назаров, Тельман Нурахунов, Ахметжан Срапилов, Вильям Молотовтар ұйғыр әдебиетінің дамуына қажырлы еңбек етуде. Олардың алды аға буын өкілі болса да, әлі күнге қалам мен қағазды серік қылып жүргені қуантады.
– 2023 жылдың тамыз айында «Чинар» атты журналдың тұсауы кесілгенін білеміз. Редакторы өзіңіз екенсіз. Қазіргі кезде журнал шығару өзін-өзі ақтай ма?
– Былтыр өткен кезекті құрылтайдан кейін Қазақстан Жазушылар одағына жаңа төраға болып сайланған Мереке Құлкенов ұйғыр әдебиеті кеңесінің мүшелерімен өткізген жиналыста: «Неге ұйғыр тілінде жаңа журнал шығармасқа?» деген ұсыныс айтты. Өзіңіз білесіз, одақта «Жұлдыз», «Простор» деген журналдар жарық көреді. Содан біз екі айда бір рет жарық көруі тиіс журналды дайындауға кірісіп кеттік. Тұңғыш санында ұйғыр ақын-жазушылары тәржімалаған Абайдың, Мұхтар Әуезовтің, тағы басқа қазақтың ұлы қаламгерлерінің шығармаларын бердік. Бірақ өкінішке қарай, алғашқы санынан кейін журнал шықпай қалды. Алдағы уақытта жарық көре ме, жоқ па, білмеймін. Бұған тіркеу мәселесінің кешігіп қалғаны себеп болған сияқты.
– Ал демеуші тартып, шығаруға болмай ма?
– Біздің демеушілердің көмегімен жарық көретін «Ижаткар» журналы бар. Ал «Чинар» Қазақстан Жазушылары одағына қарасты журнал ретінде танылса деген едік. Басылымның бағыты мен мақсаты – Қазақстандағы достықты нығайту, қазақ әдебиетін ұйғыр оқырмандарына таныстыру.
– Елімізде өмір сүріп жатқан ұйғыр этносының қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы қандай?
– Біз Қазақстанда туып, өсіп-өніп жатқан халықпыз. Ұйғыр әдебиетіне еңбек сіңіріп жүрген қаламгерлер қазақ әдебиетінің дамуына өзінше үлес қосып жатыр. Олар өздері ғана танысып қоймай, ұйғыр оқырмандарына қалай таныстыру керектігін де ұмытай, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын ұйғыр тілінде сөйлетуге күш салып келеді. Мәселен, өзім ақын Олжас Сүлейменовтің, Мұқағали Мақатаевтың, Фариза Оңғарсынованың бірқатар өлеңдерін, ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасын ұйғыр тіліне аудардым. Бұл поэмаға таңдауым неге түсті? Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қазақтың бір ақынының шығармасын ұйғыр тілінде сөйлетсем деген ой болды. Жазушылар одағына барып, сол кездегі төрағаның орынбасары Ғалым Жайлыбайға кіріп осы ұсынысымды айттым. «Жаңа жыр жинағым дайын болды, әзірге жарық көрген жоқ. Егер тәржімалаймын десең, кітапты оқып, танысып көр» деп қағазға шығарып берді. Оқып едім, «Қара орамал» поэмасы қатты ұнады. Сөйтсем, бұл поэма маған дейін 16 тілге аударылыпты. Тарихта қалған ақтаңдақ жылдарға арналған поэманы ұйғыр тіліне аударып, достығымыздың көрінісі ретінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында газетке жарияладым. Оның үстіне қазақ поэзиясында өзіндік орнымен қолтаңбасы бар ақын Ғалым Жайлыбайды ұйғыр оқырмандарына жіті таныстырғым келді. Сондай-ақ, ақын Бауыржан Жақыптың да бірнеше өлеңін тәржімалап, республикалық қоғамдық-саяси «Ұйғыр авази» газетіне жарияладым. Одан бөлек Вильям Молотов деген ақын Бақыт Беделханның, Дүкен Мәсімханұлының өлеңдерін аударды. Бұл салада Ахметжан Срапиловтың да еңбегін атап өткім келеді. Сол сияқты «Атамұра» корпорациясының ұйғыр редакциясын басқаратын әріптесім Малик Махамдинов қазақтың маңдайалды прозаиктерінің шығармасын ұйғыр тіліне аударып, кітап етіп шығарды.
– «Өзіңе сенем» атты өлеңдер жинағыңыз қазақ тілінде жарық көрген екен. Бұл идея өзіңіздің тарапыңыздан туындады ма?
–2016 жылы мемлекеттік стипендияға ие болдым. Содан «Қазақстан маған осындай мүмкіндік беріп жатқанда неге шығармамды қазақ тілінде шығармасқа?» деген ой келді. Содан өлеңдерімді ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы қазақшаға аударып, жазушы Ділдәр Мамырбаева алғы сөз жазып, кітап болып жарық көрді. Ұйғыр театрында тұсауын кесіп, салтанатты шара өткіздік. Бұл кітап – қазақ пен ұйғыр достығына алтын көпір іспеттес. Жалпы, ересек оқырмандарға арналған 10 өлеңдер, 3 әдеби-сын мақалалар жинақтарым бар. Одан бөлек балалар үшін жазылған 6 жинағым жарық көрді. Былтыр Қазақстан халқы ассамблеясы жариялаған байқауда балалар әдебиеті аталымына «Мен әдепті баламын» кітабымды ұсынып, лауреат атандым.
– «Ұйғыр әдебиеті» жаңа оқулықтары мен оқу құралдарының да авторысыз. Қазіргі ұйғыр мектептерінің білім сапасына көңіліңіз тола ма?
– Жалпы, өзім 2000 жылдан бері оқулық және оқу-әдістемелік құралдарының авторымын. 5-8-10-11 сыныптарына арналған «Ұйғыр әдебиеті» оқулығын мұғалімдермен бірге жазуға еңбек сіңірдім. Бұрынғы жазылған оқулықтар мен кейінгі жаңа буын оқулықтарының айырмашылығы көп. Себебі, бағдарлама жаңадан түзілді, мемлекеттік стандарт өзгерді. Соған байланысты соңғы кезде жарық көрген оқулықтар басқаша мазмұнда сипат алды. Әрине, біз бағдарлама негізінде жазамыз. Онсыз оқулық қабылданбайды. Бірақ осы мәселеге байланысты мына жайтты айтқым келеді. Қазір бағдарлама жасақтағанда Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері де қатысса деймін. Олар қай ақын-жазушының қай деңгейде, қандай дәрежеде екенін біледі. Ал оқулықты қарасаңыз, бір автордың шығармашылығын бір сыныпта екі рет берген жерлері бар. Яғни, бір прозашының романы екінші тоқсанда, повесі төртінші тоқсандағы оқу бағдарламасына, бір ақынның шығармашылығы 10-11 сыныптың оқу бағдарламасына енгізілген. Бұл дұрыс емес қой. Тіпті, бастауыш сынып оқулықтарында кейбір ақындардың өлеңдерін тақырыпқа сай келсе болды деп, бере салған. Ал оның жазу стилі, ұйқасына қарап жатқандар байқалмайды. Оқулық жарық көргенде пікірімді айттым. Бұрын 10-сынып оқулығында «Қазақстан тәуелсіздігі жылдарындағы әдебиет» деген үлкен тақырып болды. Бағдарлама бойынша Тельман Нурахунов екеуміздің шығармашылығын екі сағаттан оқытатын. Қазір бұл тақырыпты алып тастапты. Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жылдан астам уақыт өткенде осы кезең арасында бұл тақырыпқа ешкім қалам тербемегендей болып қалды. Оқулықта 30 жылды да қамту керек емес пе? Тәуелсіздікке үн қосқан ақын-жазушылардың еңбегін ескеріп, неге оқулыққа кіргізбеске? Осыдан кейін тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, 30 ақынның Қазақстан туралы жазған өлеңдерін жинап, «Гүлден, жайна, Қазақстан» атты кітапты ұйғыр тілінде өз қаржыма шығардым. Жалпы айтар болсам, ұйғыр тілінде білім беретін мектептерде білім сапасы Қазақстанның мемлекеттік стандартына сәйкес жүргізіліп жатыр. Осы талапқа сай білім беріп келеді. Бірақ оқулыққа келгенде әлгіндей кеткен кемшіліктер ескерілсе деймін.
– Кейбір замандастарыңызбен салыстырғанда қазақ тілінде еркін, таза сөйлейсіз. Оның сыры неде?
– Қазақ пен ұйғырдың достығы отбасынан басталады. Себебі, біз ауылда қазақ отбасымен көрші тұрдық. Олар ұйғырша, біз қазақша сөйлей беретін едік. Кезінде «Жетісу» газетінде жарық көрген «Қазақ досыма» деген монологым бар. Сол досым бүгінде Сарыөзек ауылында тұрады. Ол маған хабарласқанда ұйғырша, ал мен оған қазақша сөйлеймін. Біздің достығымыз осылай басталып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ешқашан бір-бірімізді бөлектеген емеспіз. Бұл достық – әке-шешемізден мұра болып қалған байлық. Отбасында бәріміз қазақша сөйлей береміз. Ұлым жоғары оқу орнында қазақ тілін беске оқыды. Одан бөлек қазақпен құдандалы болып, аралас-құралас өмір сүріп жатқан туыстар көп. Әкемнің ең жақын досы да – қазақ, Абдумәжіт Бектемесов деген кісі болған. Бүгінге дейін оның балаларымен де ағайын ретінде араласамыз. Әкемнен бастау алған татулыққа сызат түсірмейміз.
– Ассамблея институтының қоғамдағы рөлі туралы не айтасыз? Қоғамда «Ассамблея керек пе, жоқ па?» деген пікір жиі айтылады. Сіздің ойыңыз қандай?
– Қазақстан халқы ассамблеясы – үлкен институт. Оның мақсаты – елдегі достықты, бірлікті нығайту. Бүгінге дейін өзара ынтымақта, ауызбірлікте өмір сүріп келе жатсақ, бұған Ассамблеяның сіңірген еңбегі зор. Себебі, еліміздегі ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруге шақырып, үндеудің өзі үлкен жұмыс. Әркім әртүрлі пікір айтады. Бірақ осы Ассамблеяның 130-ға жуық ұлтты біріктіргенінің өзі тарихта маңызды орынға ие. Әркім өз отбасының тыныштығын сақтау үшін атсалысады. Ал елдегі бірлікті нығайту үшін осындай ұйым болмаса, қалай? Әр этностың мәдениетін, әдебиетін, әдет ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтауға күш салып жатыр. Осы елде өмір сүріп жатқан басқа ұлттар Қазақстанды өз Отаны санайды. Алайда, олардың өз ана тілін ұмытпай, мәдениетін сақтап қалуы да маңызды.
Бүгінде ұйғыр тілінде білім беретін мектептерден бөлек, ұйғыр театры жұмыс істейді. Республикалық қоғамдық-саяси «Ұйғыр авази» газеті талай жылдан бері жарық көріп келеді. Ұйғыр ауданында «Или вадиси–Іле өңірі» республикалық әлеуметтік, әдеби, ақпараттық газеті шығады. Мұнымен қоса «Азия бүгін» республикалық тәуелсіз газеті, «Интизар» әйелдер журналы, «Ахбарат» журналының да өз оқырманы жетерлік.
– Дегенмен, кейде қазақ пен ұйғыр арасында кикілжің туындап тұрады. Бұған не себеп?
– Менің түсінігімде жаман ұлт болмайды, жаман адамдар болады. Олар қай ұлтта да кездеседі. Сондай адамдардың кесірінен бүкіл ұлтқа қара күйе жағуға болмайды. Егер Қазақстан республикасының заңына бағынбаса, онда заң бойынша қатаң жазалау керек. Ол үшін бүкіл ұлт жауап бермеуі тиіс. Әдебиетте де «Әкесі үшін баласы жауап бермейді» деген түсінік бар. Отқа май құймай, дұрыс шешудің амалын табу қажет. Тәрбие отбасынан, мектептен бастау алады. Егер баланы достыққа, бірлікке, адамгершілікке дұрыс тәрбиелесек, келешек ұрпақ та теріс қылық жасауға бармайды. Оқулықтарға да тәрбиелік жағынан мәні зор дүниені енгізу керек деп ойлаймын.