22 Сәуір 15:37

Өрт қауіпсіздігі: Қандай шаралар қолданылып жатыр?

Фото:

Еліміз бойынша жыл сайын 800-ге жуық дала және орман өрті, тұрғын үй алаптарының өрті тіркеледі. Сол себепті жергілікті органдар министрлікпен бірлесіп алдын алу шараларының кешенді жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Қазіргі таңда барлық өңірлерде алдын алу шараларын іске асыру басталып кетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов баяндап берді. 

Төтенше жағдайлар министрлігі сәуір айынан бастап  ұлттық парктердің, табиғи қорықтардың, сондай-ақ балаларды сауықтыру лагерлерінің өртке қарсы жағдайы мен дайындығын тексеруге кіріскен. Ал мамыр айының соңында министрліктің өрт инспекциясы аталмыш тексерістерді аяқтайды. 

Осындай шараларға қарамастан, елімізде өрттің қауіпті кезеңі басталғаннан бері 42 көктемгі орман өрті тіркелген. Өрт 668 гектар жерді шарпыған. 

Айта кететін жағдай, жыл сайын елімізде шамамен төрт мың табиғи өрт (орман өрті – 500, дала өрті – 3 500) туындайды, көбінесе өрттің ауданы 180 мың гектардан асып кетіп жатады. Ал одан келетін шығын да шаш етектен. Статистикалық мәліметке сүйенсек, залал 200 миллион теңгедей болады екен. 

«Тұрғын үй алаптарындағы өрттен бөлек, елді мекендер аумағындағы құрғақ шөп өрттері алаңдатып отыр. Мәселен, биыл 12 сәуірде Петропавл қаласының маңында құрғақ шөптің жануы нәтижесінде 200 астам саяжай құрылысы тып-типыл болды. Өрт сөндірушілер жедел әрекет етіп, қайғылы салдардың алдын алды.  Ал 14 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында ашық аумақтағы қамыстың жану нәтижесінде және айыппұл тұрағына өту кезінде 6 автокөлік жанып, 4 көлік зақымданды.15 сәуірде Павлодар облысында саяжай қоғамы аумағында өрт салдарынан 1 адам қаза тапты, өрттен 300 астам саяжай учаскесі зардап шекті. Орман және дала өрттерінің басым бөлігі шалғай аумақтарда пайда болады, мұнда 100 км-ден астам радиуста Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жоқ екендігін атап өту қажет», - Нұрболат Дербісов. 

Өрттің шығуына бірнеше фактор әсер етеді. Өрттің шығу себебінің тек 43%-ы ғана табиғи құбылыстардан болады екен. Көп жағдайда найзағай разрядтарынан туындайды. Ал 50%-нан астамына адамдардың әрекеті себеп. 

Елімізде 504 мобильді топ құрылған. 

«ТЖМ жергілікті полиция қызметімен және әкімдіктермен бірлесіп, халықтың ормандар мен дала алқаптарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтауы, ауыл шаруашылығы ұйымдарының өрт қауіпсіздігі қағидаларын орындауын қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауға алды. Еліміздің орманды дала алқаптарында алдын алу шараларын жүргізу үшін ТЖМ мемлекеттік өрт бақылау қызметкерлерінің ішінен орман шаруашылығы мекемелері және жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің қатарынан мобильді топтары құрылды»,- деді комитет төрағасы. 

Өрт сөндіру жұмыстарында техника үлкен мәнге ие. Сол себепті қрт сөндіру техникаларының сапалы болуы барынша қадағаланады. Еліміз бойынша 3381 өртке қарсы техника қолданыста. Олар әртүрлі санаттар бойынша бөлінеді. Мысалы, сыйымдылы, құтқару аймақтары, атқаратын жұмысы ескеріледі. 

Жалпы техникалардың 13%-ы жаңартуды қажет етеді. Олар негізінен 70-80 жылдардағы техникалар. Олар мүмкіндігінше пайдаланылып жатыр. Республикалық бюджеттен де қаражат бөлінуде. 3-4 жылдан бері өңірлерде техниканы лизингке немесе басқа да бағдарламалармен алу мәселесі шешіледі. Биыл 1-кезеңде 60-тан астам техника алынды, екінші кезеңде олардың саны 118-ге жетті. Жалпы республикалық бюджет есебінен 175-ке жуық техника алу жоспарланған. Қазіргі таңда техникаларды жаңарту мәселесі бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Орман-дала өрттерін жоюдың үкіметтік жоспарында 43 мың өрт сөндіруші бар. 9 мыңнан астам техника бірлігі, су ағызу құрылғылары бар 10 тікұшақ және 46 өрт сөндіру пойыз қамтылған.

Кейбір аймақтарда өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің болмау мәселесі де шешіліп жатыр. Мәселен, өңір әкімдіктері өрт сөндіру бекеттерін құру бойынша жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізуде. 2021 жылдың өзінде еріктілер дала өрттері мен тұтану салдарын өз беттерінше жоя алды. 

Өртке әсер ететін факторлардың көп бөлігі адамдардың қатысуымен болатынын жоғарыда атап өттік. Өрттің алдын алу шараларын дер кезінде жүргізетін болсақ, тілсіз жаудың алдын ауыздықтайтын едік. Сол себепті тұрғындар да өрт қауіпсіздігінің алдын алу шараларын толық білгені абзал. Халықтың өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуының зардабы өте көп.

Жанып тұрған сіріңке мен темекі қалдығын бей-берекет тастауға жол бермеу керек. Қазір адамдардың табиғатқа шығып, дем алатын мерзімі. Сол себепті кез келген жерде от жағуға жол берілмейді. Табиғат аясына шыққаннан кейін шыны ыдыстарды өзіңізбен ала кеткеніңіз дұрыс. Өйткені күн сәулесі әйнектен өтіп, құрғап тұрған шөпті жандырып жіберуі мүмкін. Осы қарапайым ғана қағидаттар үлкен апаттың алдын алады. Табиғат барлығымыздың ортақ үйіміз, ал оның қауіпсіздігі адамдардың мойнында. Өрт шығып жатқанын көрген бойда дереу 101, 112 байланыс нөмірлері арқылы өртке қарсы қызмет өкілдеріне хабарласу керек. 

Төтенше жағдайлар министрлігі рұқсат етілмеген жерлерді қолдан өртеу, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөптің бақылаусыз қалуы, орылған шөпті жағу және орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 336, 367, 410-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделгенін хабарлайды. 

Кез келген сөндірілмеген от немесе автокөлік терезесінен тасталған темекі тұқылы үлкен салдарға әкелуі мүмкін. Демалыс орнынан кетер алдында отты мұқият өшіріп, бұған сақтықпен қараған жөн.

Министрлік өкілдері де табиғи апаттың алдын алу шараларын таныстыру жұмыстарын тиісінше жүргізіп отыр. Өрт қауіпсіздігін сақтау барысында тиісті шаралар қолданылады. Тұрғындарды да әр іске жауапкершілікпен қарап, өрттің алдын алу шараларын сақтауға шақырады. 

Тегтер: