Неге десеңіз... «Терминатор» Төлесовадан «ішкіш» Батькаға дейін
Карантинде үйге қамалып, зеріккен жұрттың көңілін көтерейік деген ниетпен «Неге десеңіз...» айдарын ашып, апталық шолуымыздың алғашқы мақаласын өткен сенбіде ұсынғанбыз. Бүгінгі әңгімеміз – соның жалғасы. Бір жақсысы, тақырып таңдағанда қиналмаймыз. Өйткені ең қызықты оқиғалар Қазақстанда ғана болады. Біздікі – соның ішінен елге езу тартқызған, тіпті ішек-сілесін қатырған дүниелерді қым-қиғаш оқиғалар арасынан «іліп алу» ғана.
«Ауырды ма, ауырмады ма?»
– Ауырды ма, ауырмады ма?
– Кішкене ауырды. Бірақ эмоциямды көрсететіндей (шыңғыратындай) ауырған жоқ.
Осы диалог сіздің есіңізге қандай оқиғаны салар еді? Иә, күлесіз. Өйткені «кішкене ауырды» деген сөзді айтпайтын – әйел, естімейтін – еркек жоқ. Жүйрік қиял сонау бір жастық шағыңызға еріксіз жетелей жөнеледі. Бірақ бұл сіз ойлағандай, «жеңіл-желпі» мәселе емес. Митингідегі арпалыста әйелден «тепкі көрген» полицей мен адвокат арасындағы диалогтан үзінді. Бұл әңгіме дүйсенбі күні Алматының Медеу аудандық сотында өткен онлайн процессте айтылды.
Есіңізге түсті білем, 6 маусымдағы митингіде алты полицейді «сабаған» терминатор қыз – Әсия Төлесова ұсталған болатын. Тағылған айып – ауыр: «Билік өкіліне күш қолданды» және «Билік өкілін қорлады». Жоғарыдағы диалогқа, яғни, адвокаттың сауалына қайтарған Нұрбек Темірхановтың жауабына асықпай ой тоқтатсаңыз, полицейлердің «қорланғанына» еш күмән болмауы керек.
"Сенбесеңіз, жәбірленуші Темірхановтың сөзіне қараңыз: «Ол айқайлады. Күтпеген жерден оң қолымен басымнан соқты, бірақ жалт беріп, бойыма дарытпадым. Ойы жүзеге аспаған соң, желке тұсымнан екінші соққы жасады. Қолы басыма тиіп, бас киімімді ұшырып түсірді. Содан кейін оны тоқтатпақ ниетпен қолынан ұстап алмақ болдым. Ол қағып жіберіп, арқамнан ұрды».
А.Төлесова
Байқадыңыз ба, кәдімгідей төбелес болған ғой. Қайта Темірханов «жөн білетін» жігіт екен. Оңды-солды құлаштай ұрған Төлесованың соққыларын бойына дарытпай жалт беріп жүрген «әбжілдігін» айтсаңызшы. Оның үстіне, ұстамдылық танытып, қарсы соққы жұмсамаған. Таяқ жегенінің өзін ақылды баладай жартылай жасырып, жәй ғана «ұрды» деп отыр. Егер «аямады», «ыңқ еткізді» десе, қайтер едік?!
Бір қиын жері, сонша соққыдан әдемі жалтара білген полицей Темірханов бас киіміне ие бола алмай қалған екен. Біздіңше, бұған Темірхановты да, Төлесованы да кіналаудың жөні жоқ секілді. Өйткені байқайсыз ба, біздің полицейлердің бас киімінің өзі ыңғайсыз тігілген ғой – домалай кетуге дайын тұрады. Митингінің алды-арты бұл емес екенін ескерсеңіз, бас киімнің пошымын шұғыл өзгерткен дұрыс па деген де ой келеді. Мысалы балалардың тақиясы немесе әйелдердің орамалы құсатып. Сонда қанша төбелессең де, кіммен төбелессең де, басыңнан түспес еді. Жарайды, енді бұл Ішкі істер министрлігінің құзырындағы шаруа. Біз ары қарай кеттік.
Сотта өзге жәбірленушілерге де сөз берілді. «Терминаторға» сауал қоюға мүмкіндік жасалды. Бірақ неге екенін, «таяқ жеген» полицейлер судья «дауыс көтермесе», байланысқа шықпауға бекінгендей әсер қалдырды. «Бәленше қайда, түгенше қайда?» деп іздеу салынғаннан кейін ғана әрең-әрең бой көрсетті. Олардың неге қашқалақтап отырғанын сол кезде түсіндік. «Жеген таяқ» пен «көрген қорлықтан» бастары әңкі-тәңкі болып отырған сыңайлы. Төлесовамен тура кездеспек түгілі, экраннан көрудің өзіне жүректері дауаламайтындай. Жүздерін бетпердемен барынша тұмшалап алғанына қарағанда, бет-ауыздарынан «сау тамтық» қалмаған.
Өзге жәбірленушілер Nege.kz бізді атамапты деп өкпелеп жүрмес үшін олардың да есім-сойларын айта кетейік. Мейіржан Тұрғанбек, Ернат Сабалақов, Тасқын Талдыбаев, Ұлан Абибулла, Тілек Төлегенов. Былай қарағанда, алты бірдей «арыстан». Келесі сот процессінде өзгелері не айтады? Ең қызығы – осы. Әсия Төлесова оларды да ұрды ма, әлде тепті ме? Соққы тиген жерлері «кішкене ауырды» ма? Жоқ, жан шыдатпай сыздады ма? Мұның барлығы егжей-тегжейлі тексерілуі қажет. Содан кейін сот шешім шығарады. Егер Төлесованың алты полицейді де «аямай ұрғаны» расталса, сот айыпталушыны да «аямауы» керек.
Олай болмаса ше? Олай болмаса, қиын енді. Онда алтауын да жұмыстан қуып, орнына Төлесованы алған жөн шығар. Өйткені ертең полицияны да қорғайтын бір адам керек қой.
Жемқорларға вирус жұқтыру керек
Осы аптадағы аталы сөзді Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев айтты. «Бұл жерде коронавирус емес, басты проблема – жемқорлық. Жемқорлықты жеңбей, мемлекеттік басқару жүйелерін өзгертпей, ешқандай нәтиже болмайды», – деді ол.
Мұндай сөз көптен бері айтылмаған ба, әлде ол депутаттың аузынан шыққан соң әсерлі болды ма, әйтеуір, мәжілісменнің бұл пікірін БАҚ біткен бір-бірінен ала қашып, жариялады. Ел ішінде «Әп-бәрекелді, батырым-ақ екенсің» деп разы болысып жатқан жұрт көп.
Н.Әлтаев
Расында әдемі сөз ғой. Жемқорлықты жоймай, ешқашан көктемейміз. Осыны түсінген депутат министрлер кабинетін кәдімгідей сынға алған көрінеді. Сынағаны орынды. Өйткені өзі де сол жақтан келген. 2017-2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары болған бұл кісі. Қызығы, Нұржан Әлтаев аграрлық салада жүргенде Ауыл шаруашылығы министрлігі ең жемқор салалардың алғашқы бестігінде болған екен.
Демек жемқорлардың қайда екенін депутат дұрыс меңзеп отыр. Алайда ойы түзік мәжілісмен жемқорлықтың вирустан да қауіпті екенін тап басып танығанымен, жемқорлықты қалай жоюға болатынын айтпай кетіпті. Міне, осы жағы ғана сәл олқы соғып тұрған соң, біз де өз тарапымыздан ой қосқанды жөн көрдік.
Біле білсеңіз, жемқорлықтан да, вирустан да құтылу үшін тасты тасқа соққандай бір керемет тәсіл керек. Біздіңше, ең ұтымды әдіс – жемқорларға вирус жұқтырып жіберу. Бірақ кәкір-шәкір жемқорларға індет жұқтырғаннан ештеңе өнбейді. Керісінше, дерт дендеп кетуі мүмкін. Сондықтан оны жоғарыдан бастау керек. Білетіндер, Қазақстандағы жемқорлар кемінде төрт-бес ірі топқа бөлінген дейді. Түсінікті болуы үшін сіз мұны 4-5 үйір жылқы деп есептеңіз. Ал «дәрілеу» немесе жұқтыру қалай жүреді? Былай жүреді: тек айғырларды ғана ұстайсың, ұстағаныңды жарияға жар салудың да қажеті жоқ, қайта ешкімге айтпа! Төрт аяғын буып, вирус араласқан бір тамшы суды танауына пипеткамен пық еткізесің де, сол тамшы өкпесіне түскенше дөңгелетесің. Болды, сосын қоя бере сал!
Ол не істейді? Азынаған күйі үйіріне барады. Үйірін тегіс жинайды. Болған сұмдықты бөліседі, талқылайды. Осы кезде телефоныңды аласың да «Әлө, Жемеке! Жаңа сенің танауыңа тамызған сұйықтық жай су емес, коронавирус болатын» дейсің. Бітті! Ол кісінеген күйі үйірімен шекара асып кетеді. Өйткені шетелде Қазақстаннан әлдеқайда жақсы емдейтінін біледі ғой. Сосын қайта оралмайды. Оралады деген күмәнің болса, пипетканың суретін уатсабына лақтыра сал! Бітті.
Шынымен осындай күн туа қалса, дейміз де, Мәжіліс пен Сенаттың есігін ашар ма еді, ішінде кім бар, кім жоқ екенін көретін.
Лукашенконы «азғырған» кім?
Лукашенконың да оңатын қылығы жоқ қой, негізі. Сөзінің арасына айдаладағы біреуді қыстырмаса, тұра алмайды. Дмитрий Гордонмен әңгімесінде де сөйтті. Беларусь президенті сайлау алдында, дәлірек айтқанда, 6 тамыз күні 2,5 сағат бойы еркін көсіліп, сұхбат берген. Еркін көсілгені бар болсын, негізгі әңгімеге еш қатысы болмаса да, жақын досын «қораға тығып» жіберді. Горданның сұрағы мынадай болды?
– Мен білем, сіз көп ішетіндерді жақтырмайсыз. Бірақ өзіңіз ішесіз бе аздап, мысалы «Зубровкадан»?
– Жарты шелегін ішем, бірақ ертесі мені жерлеуге тура келеді.
Осындай да сөз бола ма енді? Не «ішем», не «ішпеймін» дей салса, болады ғой. Жоқ, Батька өйтпейді. Міндетті түрде жоқ жерден бірдеме шығарады. Ол әңгімесін ары қарай былай жалғады:
– Мен екі жағдайда ғана ішемін. Біріншісі, президенттер бас қосқанда. Менің бір досым бар, мен оны ең жақын досым деп атаймын, «азғырушым» да сол. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Менің ішпейтінімді біледі ғой, сосын тостағандарға құяды да: «Кәне, Саша! Аздап алып жібермедік пе?» дейді.
Беларусь басшысының «екінші жағдайын» қысқа қайырайық: әйелдер алып отырған жерде «мен президент едім» деп қоқырайғандай көрінбеу үшін аздап таңдай жібітетінге ұқсайды. Мұны қойшы құрсын, әйелмен кім ішпейді дейсіз, мәселе біріншісінде ғой.
Назарбаев пен Лукашенко
Дегенмен мына шындықты мойындайық: қанша жерден намысқа шауып, Батьканы жек көрсеңіз де, айтылар сөз айтылып кетті. Енді оны кері қайтара алмайсыз. Сондықтан біз ішуге қатысты әңгіменің екінші қырынан келгенді жөн санап отырмыз. Беларусь басшысы қазір қып-қызыл оттың үстінде отыр. Халықтың қаһарына қарасаңыз, тағы шайқалып кетуге таяу. Батьканың Батька болып қалар-қалмасын сайлау қорытындысы шешеді. Міне, сол кезде Лукашенко міндетті түрде ішеді. Бірақ ішістің екі жағдайы бұл кезде басқаша өрбиді. Тағында қалса, тойлатады. Бұл жолы жақын досын шақырып, «давай, ішейік» деп өзі азғыруы мүмкін. Екіншісі ше? Тақтан сырғиды. Сосын? Сосын не болушы еді, жарты шелек «Зубровка» ішеді де...