29 Қазан 09:00

Қазақ әйелдері Мэй Маск сияқты болуы армандауы керек – Сценарист Жангүл Қуанышева

Мэй Маск
Фото: жеке парақшасынан

Жангүл Қуанышова – жас сценарист, редактор, журналист. Кейіпкеріміз NEGE тілшісіне әлемдегі ең бай адам Илон Масктің анасы Мэй Маск туралы ойын айтып, ол қатысқан форум сценарийінің ағылшынша нұсқасын қалай жазғанын баяндап берді.

– Жангүл, 19 жаста болсаң да, саған ұйымдастырушылар маңызды іс-шараның сценарийін сеніп тапсырған екен. Аса жауапты жұмыс қиынға соқпады ма? Дайындыққа қанша уақыт кетті?

– 17 қазан күні Қазақстандағы мықты әйелдер қауымдастығын құрған Жанна Кан «Be women» атты халықаралық форум өткізді. Форумның басты спикері 75 жастағы модель, диетолог Мэй Маск еді. Үш бірдей дарынды баланы тәрбиелеген ана көпшілікке шеберлік сағатын өткізіп, өмірлік тәжірбиесімен бөлісті. Мэй Масктан бөлек форумда Оңтүстік Кореядан, Ресейден, Еуропадан келген мықты министрлер, депутаттар сөз сөйледі.

Мей Масктың келуі туралы барлық БАҚ жарыса жазатынын білгендіктен, қонақтың келуіне үлкен жауапкершілікпен қарадық. Сондықтан, мұндай ауқымды форумды ұйымдастыру үшін 2 айдай уақыт кетті. Жалпы, командада 100 адам жұмыс істесе, сценарий жазған топта 5 адам болдық. Олар кім? Жүргізушіге құлаққаптар арқылы бағыт беріп отыратын адам, редактор мен сценарийстер тобы. Сценарийдің қазақшасын – Дана Бектұрған, орысшасын – Зарина Мүслім, ал ағылшыншасын өзім жаздым.

Мойныма артылған жүктің салмағы ауыр екенін сездім, бірақ шетелде тұрып келген тәжірбиеме сендім. Сол себепті қорқыныш болған жоқ, ал қорқыныш болмаса, кез-келген бастама сәтті шығады. Керісінше, осындай жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараның сценарийін жазу мен үшін үлкен мүмкіндік болды деп ойлаймын.

Динара Сатжан мен Жангүл
Фото: жеке мұрағатынан

– Сценарий тек форум жүргізушілері Санжар Мәди мен Динара Сәтжанға арналып жазылды ма? Форумда қандай тақырыптар қозғалды?

– Көпшілік сахна сыртындағы жағдайды білмеген соң, сценарий тек жүргізушілерге ғана арналып бекітіледі деп ойлайды. Негізі, сценарийде спикерлер, режиссёр мен продюсер, қонақтарға жауап беретін редакторлордың сөздеріне дейін жазылады. Біз әрбір жазылған сөз, сөйлем, мәтін мағыналы және сапалы болуы үшін еңбектенеміз.

Форумға қатысушылар саны 3 мыңнан асты. Ал сөз сөйлеген спикерлер саны – 50. Олар біршама маңызды тақырыптарды әр тілде талқылады. «Көшбасшылық», «қаржылық сауаттылық», «әйел денсаулығы», «гендерлік теңдік» сияқты өте ауқымды мәселелер айтылды. Қазақ тарихын ерекше контент арқылы насихаттап жүрген Әлия Әшім тек қана қазақша сөйлеп, барша жұртты тәнті етті.

Мэц Маск
Фото:жеке парақшасынан

Әлемдегі ең бай адам Илон Масктың анасын шын өмірде көргенде қандай әсер алдың? Болашақта Мэй Масктың өмірі жайлы сценарий жазып, фильм түсіргің келмей ме?

– «SpaceX» жобасының авторы, ең бай адам Илон Масктың анасы Мей Маскты өмірде көргенде, шынымен де таңғалуға тұрарлықтай адам екеніне көзім жетті. Оның энергетикасы, харизмасы, өзін өзі ұстауы ерекше екен. Отыздың екеуін жасаса да, әлі 18 жастағы қыздай көрінеді. Сұлулық сырының басты себебі елу жылдан астам уақыт модель болып жұмыс істеуінде деп ойлаймын.

Әйелдің арманы – қартайса да әдемі болып көріну. Мэй Маск өзінің 15 жастан бастап салауатты өмір салтын ұстанып, тек қана пайдалы тағамдар жеп, спортпен айналысқанын айтады. Қыздар қауымына да протеинді көп жеу керек екенін ескертті.

Мэй Масктың «Жоспары бар келіншек. Бақытты өмір сүрудің ережесі» атты кітабы бар. Сол кітабы туралы да айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті. Шыны керек, сахна сыртында әлемдегі ең бай адамның анасы қандай екенін көріп, тамсанып тұрдық. Егер маған ол кісінің өмірі жайлы сценарий жазу бақыты бұйырса, әрине, жазар едім. Тіпті фильм ғана емес, сериал түсіруге де болады.

Осы форумнан кейін мыңдаған қазақ әйелдері ойларын өзгертіп, алдарына мақсат қояды деген сенімдемін. Өзім де болашаққа жоспар құрып, «70-ке таяған шағымда осы Мейк Маск сияқты боламын» деген мақсат қойдым.

– Форумның сценарийін жазғаның үшін қанша гонорар төледі? Жалпы, сценаристердің жалақысы көңіл көншіте ме?

– Гонорар жағына келетін болсақ, енді ол құпия ақпарат. Өкінішке қарай, оны жария ете алмаймын. Келісім солай. Жалпы сценаристердің жалақысы жаман емес. Себебі, оларды «компанияның миы» деуге болады. Әртүрлі концерттік бағдарламалардың, телесериалдардың, осындай ауқымды іс-шаралардың барлық үтір-нүктесіне дейін жазатын – сценаристер. 

Жангүл
Фото: жеке мұрағатынан

Телехикаялар мен кинолардың сценарийін көптің көңілінен шығатындай етіп жазу үшін не істеу керек? Өзіңе осы сала ұнай ма?

– Осы сәтте, ең алғаш жазған сценарийім есіме түсіп отыр. 2023 жылдың наурыз айы. Аутсорсинг компанияда тағылымдамадан өтіп, стажёр ретінде өзімнің біліктілігімді шыңдап жүрген кез еді. Студент болсам да бекер жүре бермей, болашағым үшін бірдеңе үйренейін деген ниет болған соң, екінші ай тегін жұмыс істеп жүрдім. «Еңбек түбі – береке, көптің түбі – мереке» демекші, «Балапан» телеарнасынан біздің компанияға «Эфирде Аёка» атты сериалға тапсырыс түсті. Бұл сериалдың бір ерекшелігі жануарларды қорғау мақсатында балаларға арналған 30 сериядан тұратын кішігірім телехикая еді. Тәлімгерім: «Осы сериалдың сценарийін жазып көр, егер қолыңнан келсе, әрі қарай барлық сериясын өзің жазасың», – деді. Маған бір күн уақыт берілді. 24 сағаттың ішінде қиялымдағының бәрін қосып, ойланып-толғанып жазған сценарийімді көрсеттім. Тәлімгеріме жазғаным ұнап, телесериалдың «сценарий авторы» аттандым.

Балаларға арналған сценарий жазу өте қиын. Бүлдіршін экран арқылы бейнематериалды тамашалай отырып, дұрыс тәрбие алуы керек. Сол талаптарды сақтап, жануарларды сөйлету арқылы жақсы туынды жасап шығардық. Сериал көптің көңілінен шығып, басқа да түрлі жанр, түрлі бағыттағы жобаларға тапсырыстар келіп түсті. Бұл журналист болып қалыптасуыма септігін тигізген керемет тәжірбие болды.