Мектепте 11 жыл, ЖОО-да 4 жыл: Ағылшын тілін меңгеру деңгейі неге төмен?
Елімізде 2000 жылдан бері ағылшын тілін меңгеруге басымдық берілді. Тіпті, соңғы жылдары мектепті қойып, балабақшадан бастап оқыта бастадық. Ал 11 жыл мектепте, 4 жыл жоғары оқу орнында білім алған біз ағылшын тілінде неге еркін сөйлеп кетпедік?
Мәселен, ағылшын тілі деңгейінің EF English Proficiency Index (EF EPI) рейтингі бойынша Қазақстан он жылдан астам уақыт бойы соңғы орындардан жылжымай келеді. Биыл тестілеуге 116 елден 2 миллионнан астам ересек адам қатысса, оның 35 мыңы – қазақстандық. Халықаралық тілді ең жақсы меңгерген елдердің көшін 636 ұпай көрсеткішімен Нидерланды бастаса, одан кейінгі орындарға Норвегия, Сингапур және Швеция жайғасқан. Ал Қазақстан бұл тізімде 427 баллмен 103-орында тұрса, Африканың батысындағы Сенегал елі – 102, Иордания – 101-орында, 93 және 95-орындарда Мьянма мен Ауғанстан бар, рейтинг соңы Кот-д’Ивуар, Сомали және Йемен елдерімен аяқталады.
Адамның шет тілін оқу қабілеті мен естігенде қалай қабылдайтынын көрсететін EF EPI тесті респонденттің сөйлеу немесе жазу деңгейін тескермейді. Ағылшын тілінің 6 деңгейінің қайсысын жақсы білетінін анықтайтын тест нәтижесінде, мемлекет ағылшын тілін білу рейтингінің бірін, атап айтқанда: өте жоғары – 600-ден басталатын индексті, жоғары – 550-599, орташа – 500-549, төмен – 450-499, өте төмен – 450-дің астындағы индексті иеленеді. Ал біздің елден қатысқан отандастар үш жыл қатарынан 412-447 балл жинап, елде ағылшын тілін меңгеру деңгейі төмен екенін көрсеткен.
Зерттеу жүргізген Қазақстандағы орталықтың кеңсесіне қарасты EDU Stream халықаралық тіл академиясының бас директоры Наталья Мұхамеджанова: «EF EPI халықаралық рейтингі – елдегі ересек топтың ағылшын тілінің деңгейін анықтайтын рейтинг. Олардың ағылшын тілі деңгейі төмен болуы – университет пен колледждердегі білімнің сапасыздығын көрсетеді. Ағылшын тілі білімін көтеру үшін мектептегі білім жүйесін кінәлай беруді доғару керек. Себебі қазіргі оқушылардың білім деңгейі бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Бүгінгі мектеп бағдарламасы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Ал мектептегі ағылшын тілі оқулықтары әлемнің үздік баспаларынан алынған, оқыту әдістері де тиімді. Тағы бір маңыздысы, осы рейтингке қатысқан он үш жылдың нәтижесін алсақ, біз балл жағынан бір деңгейде тұрмыз. Бұл да көңілге демеу береді», – деп атап өтті.
Жаңа әдістемені жатырқайтын мұғалімдер әлі көп
NEGE тілшісі талай жылдан бері ағылшын пәнінен дәріс беріп келе жатқан Диляфруз Сайлаубекованы әңгімеге тартқан. Оның пікірінше, бұл рейтингті Қазақстанның шынайы көрсеткіші деуге болмайды. «Бүкіл Қазақстан халқының ағылшын тілін білу деңгейі төмен дей алмаймыз. Себебі, біріншіден, оған 18-26 жас аралығындағылар ғана қатысқан. Екінші, халықтың аз ғана бөлігі ғана қамтылды. Өңірде тұратын жастар тапсырды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Дегенмен, осыдан бес-алты жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қазіргі жастардың ағылшыны өте жақсы. 2016 жылдан бастап жаңартылған бағдарлама енгізілді. Мұнымен оқып жатқан оқушылар 8-сыныпта оқиды. Енді бес-алты жылда солардың нәтижесін көруге болады», – дейді Диляфруз Сайлаубекова.
Алайда, кеңестік кезеңнің оқу бағдарламасы мен әдістемесінен білім алғандар ағылшынға шорқақ. Мұның сыры неде? Бар кемшілік оқу бағдарламасында ма, әлде мұғалімде ме? Бұл жөнінде Диляфруз Сайлаубекованың пікірі төмендегідей.
«Сіз бен біз сол баяғы әдіспен оқыдық. Негізгі басымдық грамматикаға берілді. Мәтін аударумен ғана шектелдік. Бізді ешқашан сөйлеуге үйретпеді. Тілдің мақсаты – коммуникация, яғни сөйлеуді үйрету. Содан ба, біздің замандастарда тілдік кедергі бар. Ал қазір тізімдегі бүкіл әлем оқып жатқан бес халықаралық баспаның оқулығымен біздің балалар да білім алуда. Бұл жақын арада жемісін көрсетеді деп ойлаймын», – деді тіл маманы.
Ал ағылшын тілін оқытуда қандай кемшін тұстар бар? Оқытушылар мен мұғалімдер нені ескермейді? Тіл маманының айтуынша, ең алдымен ағылшын тілі мұғалімдердің біліктілігін арттыру керек. «Тек әдістеме жағынан ғана емес, тілдік деңгейін көтеру қажет. Әсіресе, шалғайдағы елді мекендердегі мұғалімдерде кемшілік бар. Қазақстан бойынша аймақтарда семинар өткізіп, жаңа бағдарлама және әдістемемен қалай жұмыс істеу керектігін үйретеміз. Сонда мұғалімдер көбіне 30 жыл бұрынғы әдістерінен арылғысы келмейді. Жаңаның бәріне жатырқай қарайды. Негізі қазір қолданып жатқан әдістеменің бәрі заманауи, тіпті жасанды интеллектінің де көмегіне жүгініп жатырмыз. Шын мәнінде, мұғалім ізденуден, үйренуден шаршамау керек. Елімізде ағылшын тілі пәні мұғаліміне сұраныс бар. Содан кейін де олардың сағаты көп. Бұл сабақтың сапасына да кері әсер етеді. Елді мекендерде ағылшын тілі мұғаліміне тапшылық едәуір байқалады. Қалада да, ауылды жерде де әлі күнге аудармамен ғана жұмыс істеткізетін мұғалім басым», – деп түйіндеді.
Жарнамаға сене беруге болмайды
Бүгінде әлеуметтік желіде «Ағылшын тілін үш айда, әрі кетсе жарты жылда меңгеріп шығасыз» деген курс сатушыларының жарнамасынан көз сүрінеді. Бұл мүмкін бе? Ағылшын тілінің маманы Диляфруз Сайлаубекованың пікірінше, үш айда тілді үйрену мүмкін емес.
«Егер үш айда, жарты жылда сөйлеп кетсек, бүкіл дүниежүзінің тілін меңгеріп кетпейміз бе? Біріншіден, бұл оқығысы келетін адамның алдына қойған мақсаты мен мотивациясына байланысты. Біреу шетелде білім алу үшін оқиды. Енді бірі – мансап үшін меңгереді. Кей мекемеде ағылшын тілінің жоғары деңгейін талап етеді. Сол сияқты қазір АҚШ-қа көшкісі келетіндер көп. Одан бөлек нәпақа табу үшін Ұлыбританияға құлпынай теру жұмысына баратындар да базалық ағылшын тілін үйренуде», – дейді маман.
Оның айтуынша, адамның нақты мақсаты болса, ағылшын тілінің бір деңгейін меңгеруге үш жарым, төрт ай жеткілікті.
«Тілді күнде оқымасаңыз пайдасы жоқ. Бұл да ағза қажет етіп тұратын спорт сияқты ғой. Тіл де күнде оқуды, жаттауды талап етеді. Бізде жаттығатын орта да жоқ. Сол себептен өмір бойы оқып, нәтиже көрсетпей келе жатқандар көп. Ал енді ағылшын тілін үш айда біліп шығасыз» деген жай ғана маркетинг тәсілі. Жарнамаға де сене беруге болмайды», – деп түйіндеді пікірін Диляфруз Сайлаубекова.
Ал «Зерделі» оқыту орталығының ағылшын тілі мұғалімі Мира Байболатова елде ағылшын тілін меңгеру деңгейінің неге төмен екенін нақты мысалдармен айтып берді.
«Біріншіден, бұл өзге тіл болғандықтан кез келген бала күш-жігерін салып оқи бермейді. Оған шыдамдылық та, уақыт та керек. Бұл тілде күнде сөйлеп жүрмегендіктен жаттаған сөздік те тез ұмытылады.
Екіншіден, барлық баланың қызығушылығы және тілге деген қабілеті бірдей бола бермейді.
Үшіншіден, мектеп оқулықтары баланың жас ерекшелігіне сай емес. Төртіншіден, мектепте сабақ әлі де стандарт түрде өткізіліп жүр.
Бесіншіден, кей мұғалім бала қызығып оқу үшін әдіс-тәсілдерді сабақ барысында қолданбайды.
Соңғы 4 жыл ішінде шет тілі мұғалімдерін даярлау бағдарламасына бөлінген грант саны 40 пайызға көбейсе де, ағылшын тілді оқытуға сұраныс артқанымен, статистика көңіл көншітер емес.