Мәжіліс Денсаулық сақтау министрлігіне дәрілік заттарға қажеттілікті жоспарлаудың нақты критерийлерін әзірлеуді ұсынды

Мәжіліс Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелері туралы Жоғары аудиторлық палатаның есебін назарға алды.
Алматы, NEGE. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар Үкіметке импортқа тәуелділікті азайту үшін отандық фармацевтика саласын дамытуды ынталандыру бойынша кешенді шаралар қабылдауды ұсынды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай әрі тиімді жүйесін әзірлеу үшін отандық фармацевтикалық компаниялар, клиникалық хаттамалар мен Қазақстан ұлттық дәрілік формуляры арасында байланыс орнату ұсынылды.
Сондай-ақ «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің отандық дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндірушілермен жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттардың орындалуын бақылау жөніндегі функцияларын Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің құзыретіне беру қажет. Сондай-ақ дәрілік заттарды өндірушілермен оларды тікелей өндірушілерден сатып алу үшін шарттар жасасу мәселелерін пысықтау керек.
Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы қолданыстағы нормаларды тексеру нәтижесінде анықталған құқықтық олқылықтарды жою үшін талдауды қамтамасыз ету ұсынылды. Бұл тиісті дистрибьюторлық практика сертификаттары жоқ дәрілік заттарды өндіретін және көтерме саудамен айналысатын субъектілердің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутаттар дәрілік заттардың мемлекеттік сараптама, тіркеу және баға белгілеу процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды. Сондай-ақ халықтың дәрілік заттарға қажеттілігін және оларды есептен шығаруды ұтымды жоспарлаудың нақты критерийлерін әзірлеу, цифрлық технологияларды пайдалана отырып, дәрілік заттарды сатып алу мониторингі мен бақылау жүйесін күшейту қажет. Контрафактілік және жалған фармацевтикалық өнімдердің айналымға түсуіне жол бермеу үшін дәрілік заттардың сапасына, оның ішінде оларды өндіру процестеріне мемлекеттік бақылауды күшейту маңызды.
Ұсыныстардың толық мәтінін Мәжіліс қаулысынан (қосымша) оқи аласыздар.