Мәжбүрлі мобилизация – Путин ашқан Пандора жәшігі
Көрші ел басқа елмен соғысып, мобилизация, яғни әскер қатарына 300 мың адам шақырып жатса, бейқам отыру дұрыс болмас. Сондықтан Ресейдегі ең басты жаңалық туралы біз де жазайық.
- Тақырыпқа орай: «Ресейдің келесі құрбандығы – Қазақстан»: Батыс дипломаттарының Тоқаевқа ескерту жасағаны рас па?
Біріншіден, мобилизация шынымен де мәжбүрлі болып отыр. Бұған дейін Кремль мобилизация алдында өзіндік «мотивация» жасады: соғысқа барғандарға тиісті жалақы төленіп, олар әлеуметтік жағынан қорғалатынын мәлімдеді. Соған қарағанда, ондай жеңілдіктер жастарды аса қызықтыра қоймаған сықылды. Әйтпесе, мобилизация жариялап не көрінді?
Жалдамалы жауынгерлерге төленуі тиіс қаржы таусылып, енді «конституциялық міндет» арқылы әскерге шақыру әдісі қалды-ау деймін.
Екіншіден, Путин Пандора жәшігін ашты: өзінің славяндық бауырлары – украиндықтарды қырып-жоюға баруға қарсы қоғам наразылық танытып, өлім алдында тұяқ серпіп қалуға тырысып, бас көтеруі әбден мүмкін.
Сол себепті кеше ғана әскерге барудан жалтақтағандарға қарсы заңнаманы Дума да, Федерция кеңесі де бір күнде қатайтып тастады: ондайлар ендігіжері екі жыл колонияға аттанады.
Иә, көрші елде ұйымдық жағынан қауқарлы, біріккен саяси оппозиция жоқ. Бірақ наразылықтың формалары көп қой, соның ішінде соғысқа барғысы келмейтіндер ешбір саяси ұйымның ұранысыз да алаңға шығуы мүмкін. Ол қозғалыстың құрамында жастар басым болатыны да анық. Батыс санкцияларынан зардап шекен, бұған дейін іштей тынып отырған бизнес, шетел тауарларынан айрылып қалған қауым сол қарсылыққа қосылары да сөзсіз.
Осы тұрғыдан алғанда мұрнының астын көргісі жоқ Путин үлкен тәуекелге барды!
Бұл саяси тұрақсыздық постсответтік кеңістікке, соның ішінде, Қазақстанға өз әсерін тигізері анық. Оған біздің билік, біздің қоғам дайын ба?
Үшіншіден, мәжбүрлі мобилизация жариялануы мұздай қаруланған, мәрт боп рухтанған Украинаның мықтылығын көрсетіп отыр. Соғыс басталғалы 7 ай болды. Украиндықтар өліспей, беріспей жатыр. Өйткені оларда ерекше рух бар, «өз жерімізді шетелдік басқыншыдан қорғап жатырмыз» деген тарихи тұғырнама мен сенімділік бар. Ресей жағында ондай уәж атымен жоқ!
Сондықтан болар Кремль Украинаның төрт аймағында – ДНР, ЛНР, Херсон мен Запорожда асығыс референдум өткізуді шұғыл түрде қолға алды. 27 қазаннан кейін ол облыстар ресейлік боп жарияланып, кешегі басқыншы күштер бір күннің ішінде өз жерін «украиндық ұлтшылдардан» қорғап жатқан боп шығады: міне, нағыз саяси құйтырқылық деген осы!
Сақтықта қорлық жоқ, «солтүстік аймақтар» проблемасы бар біздің ел де осындай қауіпті естен шығармауы тиіс. Күнде кешке теледидардан сайрап, неоимпериялық саясатты насихаттап келе жатқан «соловьевтердің» идеологиялық уымен уланып жатқан ағайын қаншама, нағыз «бесінші колонна» дегеніңіз сол! Бір сорақылығы, сол зомбилердің ішіне өз қазағымыз да бар.
Төртіншіден, Путин «ішінара мобилизация» деп айтқанмен, сарапшылардың сөзінше, Ресейдің мобилизациялық ресурсы, яғни 18 жастан 65 жасқа дейінгі әскерге жарамды халық 40-50 миллионнан асады да, болашақта 300 мың бергі жағы боп қалады. Енді осыншама қауымның соғысқа баруға ынтасы жоқ екені түсінікті: Ай мен Күннің аманында қай ата-ана өз баласын соғысқа жібереді?
Бұл дегеніңіз, миллиондаған адам әскери комендантуралардың шақыру қағазын алудан қашып, басқа елде бас сауғалауға асығатыны анық. Еуразиялық одақтың шекара жоқ жағдайындағы Қазақстанға олардың сан мыңдап келері де түсінікті ғой. Ондай «мобилизациялық миграцияға» біз дайынбыз ба?!
Бесіншіден, біз Ресеймен бірге ОДКБ, ШОС сияқты әскери сипаты бар ұйымдар қатарындамыз. Бара-бара «ядролық қаруды қолдануымыз мүмкін» деген Кремль осы ұйымдық-ұжымдық механизмдерді іске қоспайды деп кім кепілдік бере алады: ертеңгі референдумдар «ойдағыдай» өтсе, украина әскері Ресейдің аумағын басып алған боп шығады емес пе? Ондай жаңаша жағдайда ОДКБ-ның ынтымақтастық тетігі қандай болмақ?
Алтыншыдан, «мың асқанға бір тосқан», Ресейдің осынау оғаш бастамасынан кейін осы күнге дейін біршама бейқамдық танытып, нақты әскери қимыл-әрекеттен бас тартып отырған «ұжымдық Батыс» бұл соғысқа қатысты саясатын қайта қарайтыны түсінікті.
Санкциялар одан сайын күшейіп, Ресейге қарсы жаңа тыйымдар мен талаптар қолға алынар, оның халықаралық алаңда аласталып, саяси блокадада болуы жалғасар. Сол кезде «көпвекторлық» сыртқы саясат ұстанған қазақстандық билік қандай бағыт ұстанады?
Оның бәрін таяу уақыт көрсетеді...
Әміржан Қосан, саясаткер