Қыжыртпа. Мәжілістегі «патша өлді» ойыны

Біздің халық та қызық негізі, «Нұр-сұлтанда мәжілісмендер жабыла ойын ойнап жатыр екен» деген әңгіме осыдан екі-үш күн бұрын шыққан. Сосын жат та кеп интернетке үңілдік. Сөйтсек, ойын дейтін түгі жоқ, халық қалаулылары шахматтан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Динара Сәдуақасовамен «ақыл жарыстырыпты» ғой. Кейбір депутаттар әйгілі гроссмейстермен кәдімгідей тайталасқан көрінеді. Ойынның қорытындысына қарап отырып, парсы тіліндегі атауымен (патша – шах, өлді – мат) пайым қылсақ, қалаулылардың арасында «өлтіретін» ойынпаздар әлі көбейетін секілді.
Мәжілістегі игі шарада Нұрлан Нығматуллин былай депті: «Біз егемен еліміздің ең мәртебелі, ең ұлы мерекесі тәуелсіздік күні қарсаңында Мәжілісте халықаралық шахмат турнирін өткізіп отырмыз. Бұл енді еліміздің абыройын көтеріп жүрген даңқты спортшылармен жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шараға айналады. Ал алғашқы кездесудің әлемнің 4-дүркін чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасованың қатысуымен шахматтан басталуы - ол ең алдымен осы танымдық ойын түрінің дамуына үлес қосумен қатар, өскелең ұрпаққа үлгі ете отырып, жас ұрпақ арасында, мектеп қабырғасында кеңінен насихаттауға жол ашатыны сөзсіз. Себебі, шахмат – спортта да, өмірде де дұрыс қадам жасауға үйретеді».
Былай қарасаңыз, бәрі дұп-дұрыс. Жарыстың «халықаралық» дейгейге сай болатын себебі, Армения, Қырғызстан және Молдовадан үш депутат қатысқан. Төрағаның тұжырымына бойласақ, «шахматтың спортта да, өмірде де дұрыс қадам жасауға үйрететін» ерекшелігі осы турнирде ап-айқын көрініп тұр. Мәселен, молдовалық депутат Виктор Бологанның Динарамен тең ойнағанын айтпағанның өзінде, біздің үш депутат атойлап алға шыққан. Олар кімдер? «Мықты ойын» көрсеткен Аманжан Жамалов, «Әдемі жүріс» жасаған Владислав Косарев және «Жеңіске деген құштарлығымен» танылған Қуаныш Сұлтанов.
Бәрі де танымал, белді депутаттар. Демек, Нұрлан Нығматулин шахматқа берген бағасында шатаспаған. Ендеше спортта дұрыс қадам жасаған қалаулылардың өмірдегі қадамына бір қарап қойсақ, бола ма, болмай ма? Біздіңше, болатын секілді. Өйткені олар ие болған аталым – кейде арттарында қалған ізбен сәйкес келетіндей көрінеді де тұрады.
Сонымен Қуаныш Сұлтановтан бастайық. Спортта «Жеңіске деген құштарлығымен» оза шапқан бұл кісі өмірде де үнемі құштар болып жүреді. Айталық, Астананың атын ауыстыруға құштар болған кім? Әрине, Сұлтанов! 2016 жылы Елбасының қарсылығына қарамай, «Астананы Нұрсұлтан деп атайық» дегенде, талай адам ішек-сілесі қатып күлген. Қазір сол күлгендер бұл кісіні көргенде, жердің астына түсіп кете жаздап ұялады. Себебі Сұлтановтың нұсқасы бәрібір қабылданды. Бұл кісі «Нұрсұлтан болсын» деген, болғаны – «Нұр-Сұлтан». Айырма жоққа тән. Бұл құштарлық емегенде не? Мұны «дұрыс қадам емес» деп кім айта алады?
«Әдемілік» тұрғысынан қарасақ, қарт коммунист Владислав Косаревтің өмірдегі жүрісі шахматтағы жүрісін он орап әкетеді. Мысалы мына сөзіне қараңыз: «Біз бесінші шақырылым депутаттарының өкілеттілігін дереу доғаруды сұраймыз». Владислав Косарев 2016 жылы президент Н.Назарбаевқа осындай өтініш жасаған. Сөйтіп, әдетінше, Мәжіліс тарады, депутаттар қағаз-қаламдарын жиып үйлеріне қайтты. Кейін сайланған депутаттар тізіміне қарасақ, жуан ортасында осы Косарев жүр. Қаштық-қаштық, – деп алып, өзгелер жүгіргенде кері айналып кететін қу бала тәрізді, құдды. Сонау 2004 жылдан бері санасаңыз, қашқандармен кетіп, қайта оралғандардың сапында жүргеніне 25 жылдан асып кетіпті. Міне, мұны «әдемі жүріс емес» деп кім айта алады, кәне?!
«Мықты ойын» көрсеткен Аманжан Жамалов өмірде де осал емес. «Мықтылығына» бір дәлел, өткен жылы кабинетіне кіріп келген журналисті балағаттап, қуып шыққаны бар. Шамасы, мәжілістегі кабинетін бәйбішесінің спалныйымен шатастырып алса керек. Өйткені оқыста кіріп келген Өркен Жоямергенге: «Өй, тәрбиесіз, көргенсіз!» деп ұрысқан ғой. Егер сол кезде депутат Жамалов шахмат ойнап отырған болса, біз мұны қайта қозғамас едік. Еее, талабын шыңдап жүр екен ғой дер ек. Әріптесіміздің айтуынша, ол телефоннан видео көріп отырған. Не видео екенін Құдай білсін, бірақ мұнысы – таза мықтылық. Ал журналистке қоқаңдауы қай жағынан қарасаң да, ерсі. Демек шахматтағы жүрісі мықты депутаттың өмірдегі қадамы дұрыс болмай тұр. Қадамын түзеуді Жамаловтың өз еркіне қалдырамыз.
Айтпақшы, Нұрлан Нығматуллин жоғарыда Мәжілістегі «Патша өлді» ойыны жыл сайын өтеді деді ғой. Демек бұл тақырыпқа біз де жыл сайын бір соғып тұрамыз.
Сансызбай Нұрбаба