Қазақстанға стрестік активтер нарығы қажет
саналады.
Соңғы 5 жыл көлемінде банк жүйесіндегі стрестік активтердің көлемі 2,4 трлн теңгеге дейін айтарлықтай қысқарды және қазіргі уақытта сектордың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді. Сол себепті стрестік активтерді сатудың нарықтық тетіктерін дамыту – басты міндет.
Стрестік активтердің ағымдағы көлемі нарыққа әлеуетті инвесторлардың кіруі үшін тартымды болып отыр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, стрестік активтер нарығының толыққанды жұмыс істеуі үшін бірқатар реттеушілік, салықтық және заңдық кедергілерді жою қажет, соның салдарынан стрестік активтерге деген сұраныс пен ұсыныс арасында баға алшақтығы пайда болады.
Ең үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, Агенттік Ұлттық Банкпен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп 2021 жылғы қыркүйекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын әзірледі, ол қаржы секторын нарықтық қағидаттармен стрестік активтерден тазартудың тұрақты тетіктерін құруға және оларды экономикалық айналымға тартуға бағытталған.
Биылғы жылдың 4 шілдесінде аталған заңға Мемлекет басшысы қол қойды, оның ережелері 2022 жылғы 4 қыркүйекте қолданысқа енгізіледі.
Осы заң шеңберінде инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсететін сервистік компаниялар құру көзделеді. Жұмыс істемейтін кредиттерді жеке инвесторларға сату кезінде сервистік компаниялардың қызметін енгізу маңызды саналады, себебі бұл компаниялар проблемалық қарыз алушылармен жұмыс бойынша тиісті жұмыс тәжірибесіне және құзыретке ие болады.
Стрестік активтерді сату үшін толыққанды инфрақұрылымды құру және стрестік активтерді сатып алу мен сатудың қайталама нарығын қалыптастыру үшін Агенттік ЕҚДБ-ның техникалық қолдауымен Ұлттық Банкпен және ҚР Үкіметімен бірлесіп, барлық мүдделі инвесторлар мен стрестік активтерді ұстаушылар үшін ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін стрестік активтерді сатып алу және сату бойынша бірыңғай платформаны құру жөніндегі жобаны іске асыруда.
2022 жылдың соңына дейін операциялық модель және оператор ұйымы айқындалатын болады, ол кейіннен электрондық платформаның жұмыс істеуіне техникалық қолдауды жүзеге асырады. Бұдан басқа, электрондық платформаны құру үшін қажетті заңнамалық өзгерістер айқындалады.