31 Қазан 17:52
...

Мақсат Сералы: Суы жоқ мемлекеттердің өзі ауыл шаруашылығы бойынша алдыңғы қатарда жүр

Фото:

Бүгінгі күні елімізде 16,6 млн гектар дәнді дақылдар жиналып отыр. Бұл –жоспарланған алқаптың 97% орылды деген сөз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, орташа өнімділігі 9,6 ц/га болса, 15,9 млн тонна көлемінде астық бастырылған. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қажетті қолдау көрсету жөнінде арнайы тапсырма бергені белгілі. Соның аясында Үкімет егіннің сапасына теріс әсер еткен қолайсыз ауа райы жағдайларының салдарын барынша азайту жөнінде бірқатар шаралар қабылдады. 

Қазақстандық экономист Мақсат Сералы ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы NEGE- сұхбат берді: 

– Бізде 16 млн гектар дәнді дақыл жиналыпты. Украинадағы соғыс әлемде азық-түлік дағдарысын туғызып отыр. Бұл жағдайды Қазақстанның пайдаланып қалатындай мүмкіндігі бар ма?  

Кәсіпкерлердің ең басты мақсаты – шығарған өнімін жоғары бағамен экспортқа сату. Өйткені, ішкі нарыққа 20 теңгеден сатқаннан гөрі экспортқа 100 теңгеден сатқан әлдеқайда тиімді болып тұр. Біз ынталандыру үдерістерін, шектеу мәселелерін қарастыруымыз қажет. Мұнымен жергілікті билік мұқият айналысуы тиіс. Ішкі нарықта біздің кез келген тауарымызда дефицит өте жоғары. Дефицит болғандықтан баға да көтеріледі.

Ішкі нарықта молшылық болып, асып-төгіліп жатса, баға төмендеуін байқайтын едік.

– Ауа райының қолайсыздығы, су тапшылығы шаруаларымызға қаншалықты қиындық тудырып отыр?

– Расымен де, су мәселесі – өте өзекті. Су мәселесімен айналысатын жеке министрліктің құрылуы бекер емес. Су тапшылығы жылдан жылға айқын байқалып келеді. Бірақ біз шаруаларымызға суды үнемдейтін технологияларды беруіміз қажет. Қазір ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып, жаңбырлатып суаратын технологиялар көп. Суы жоқ мемлекеттердің өзі ауыл шаруашылығы бойынша алдыңғы қатарда жүр.

Бұл жерде гәп – судың аздығы мен көптігінде емес. Технология мәселесі алдымыздан шығып отыр. Әрине, түйткілдерді сыртқы факторға жаба берген ыңғайлы. Бірақ оның нақты шешімі бар. Егер кәсіпкер осындай технология алып келетін болса, оларға субсидия бөліп, шығынның белгілі бір бөлігін жауып беру қажет. Немесе «несие береміз, сен сол технологияны әкеліп, енгіз» дегендей. Ең бастысы – шешу құралдары бар.

– Мал басы өсімі туралы не дер едіңіз?  

Мал басы өсіп жатыр. Экспортқа шығарылған ет көлемі де артты. Алдымыздан бордақылау мәселесі туындап отыр. Үлкен көлемде экспорттау үшін бізге үлкен қасапхана керек. Бізде оның заманауи үлгілері жоқ. Ет өндіретін заманауи цехтар жоқ. Біз етті мұздатып, екі-үшке бөліп, бүтін күйінде сыртқа шығарып жатырмыз. Дайын өнім шығаратын сәт те келген секілді. Тек  қана шикізат күйінде емес, қазақстандық бұқтырылған ет, шұжық, тағы да басқа дайын өнімдерді экспортқа шығарғанымыз жөн.

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобасының аяқталуына бір жыл уақыт қалды. Осы жоба жөнінде не түйгеніңіз бар? Белгіленген межеге жете алдық па?

– Түйген дүниемді айтатын болсам, негізгі нәтиже – ішкі нарықты қамтамасыз ету. Бұрынғы статистика қандай болса, сол күйі қалды. Ішкі нарықтағы позициямызды алсақ, 50 пайыздан аспадық. Бұл – бірінші фактор.

Екіншіден, ауыл шаруашылық өнімдерінің, тауарларының көлемі өскен жоқ. Ішкі нарықта дефицит пайда болып отыр.

Әрине, бұл жобаның жақсы тұсы – субсидия бөлініп, қаражат қарастырылды. Бірақ мәселе мұнымен түбегейлі шешілмейді. Дейтұрғанмен, жүйелі проблемалар бар. Оның бастысы, ауыл шаруашылық өнімдерін өсірген соң, оларды сақтайтын қоймалар аз. Бұл туралы біз қанша рет айттық. Қоймалардың мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де көтерді. Бірақ уақыт тым ұзап кетіп жатыр.

Қоймалар қай аймақтарда жетіспейді?

– Бізге әр облыс орталықтарында, ірі мегаполистердің шетінде ауыл шаруашылық тауарларын сақтайтын немесе фермалардың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қоймалар керек. Оның маңыздылығы неде? Қоймалар мәселесі шешілмейінше, күзгі және қысқы мерзімде бағаның  күрт өсуі тоқтамайды.

Қазіргі уақытты алып қарасаңыздар, қиярдың бағасы жазда 200- 300 теңге тұратын болса, қазір 500-ден асып жығылды. Кей жерлерде 700 теңгеге жетті. Баға екі есеге жуық өсті. Сондықтан бұл проблема шешілген жоқ. Халық оның игілігін көрмей отыр. Жұмыс істеуді қажет ететін дүние өте көп.

Ауыл шаруашылығында кәсіп иелерінің басты мәселесі неде?

– Бір сөзбен айтқанда, ол – тауарды өткізу нарығы. Тұтыну орнындағы Мagnum, Тoimart секілді ірі желілерге жеткізу және келісім-шарт мәселесі бар. Өйткені, көлем жоқ.  Кооперативтер құра ма, біріккен жобалар бола ма, өнімді тұрақты сатып алу, тұрақты қамтамасыз ету тетіктерін Үкімет, нақты айтқанда, жергілікті билік қарастыруы тиіс.

Бір ұйым құрып, олардың атынан шаруалардың өнімдерін жинап, тұрақты түрде жеткізіп тұратын тетікті қолға алу керек. Және де логистика мәселесі әлі де толыққанды шешімін таппады.

Шаруалардың басты мәселесі мынада. Бес гектар жерге еккен картобын, қызанағын, тағы да басқа өнімдерін қалаға жеткізе алмайды. Сондықтан ол алқаптың бойында сатуға мәжбүр. Бұл – шығынын өтеп алу үшін ғана тиынға сату деген сөз. Бұдан ортадағы делдалдар көбейіп жатыр. Делдалдардың логистикасы да, өткізу желілерімен байланысы да бар. Делдардың көптігінен маржа артады. Кез келген тауардың өту циклін қарайтын болсақ, кем дегенде екі-үш делдалдың қолынан өтеді. Әр қайсысы 30 пайыз пайда қосқанда, түпкі тұтынушы үшін тауардың бағасы аспандап шығады.

Бұл проблеманы шешуге болады. Шешу керек те. Бұған жергілікті билік қызығушылық білдіруі тиіс. Әр өңірде, оңтүстікте де, солтүстікте де қаншама шаруалар мәселелерін айтып жатыр. Оны дер кезінде шешетін құзыретті орган жоқ. Олар бір-біріне сілтеп, мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Ең бірінші, жауапкершілік мәселесін реттеп, мәжбүрлеу қажет.

Ауыл шаруашылығында осындай жүйелі мәселелер көп. Қаражаттың нақты секторға жетпеуі, субсидияға қол жеткізу, ірі кәсіпкермен шағын кәсіпкер арасындағы текетірес және тағысын тағылар.

Бағдарламаларға көңіліңіз толмай ма?

– Бізде бағдарламалардың бәрі әдемі жазылады. Ұлттық жоба, экономикалық бағдарламалар болсын, көздің жауын алады. Ішкі нарықты 50 пайызға дейін қамтамасыз ету, жүз қадам бағдарламасы да әдемі.

Мәселе – орындалуында ма, сонда?

– Сіз өзіңіз осы жобалардың игілігін көріп отырсыз ба? Нәтиже аз.

Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: