«Қазақстан аруы – 2023» байқауының финалистері анықталды

Алматыда 14 желтоқсан күні «Қазақстан аруы – 2023» ұлттық сұлулық байқауының финалы өтеді.
Алматы, NEGE. Оған кастинг пен жартылай финалдың нәтижесінде іріктеліп шыққан 25 қыз қатысады. Олардың арасында өңірлік кезеңнің жеңімпаздары бар, деп хабарлайды Kazinform.
Байқауға қатысушы аруларға келесідей негізгі талаптар қойылды: жасы 18-25 арасында, бойы 165 см-ден кем емес, ҚР азаматы, тұрмысқа шықпаған болуы тиіс. Сонымен қатар балалы болмауы керек.
«Не себепті мұндай параметрлер қойылғанын түсіндірейін. Бұл шарттарды біз өзіміз ойлап тапқан жоқпыз. «Қазақстан аруы» байқауы үш халықаралық байқаудың, яғни «Әлем аруы», «Жер аруы» және «Ғалам аруы» байқауларының лицензиаты. Олармен жасасқан келісімшартта байқауды өткізу ережелері туралы лицензиялық құжат бар. Біз олардың талаптарына сүйенеміз және «Әлем аруы» байқауы сол параметрлер бойынша қабылдайды», - деп түсіндірді ұлттық сұлулық байқауының PR директоры Кәмшат Әкімқожа.
Байқауға қатысушы қыздар байқаудың ұйымдастыру комитетінің кастинг-бөлімінен іріктеліп алынды. Сайтқа еліміздің әр өңірінен 30 мыңға жуық өтініш түскен. Одан бөлек, ұйымдастырушылар параметрлерге сай келетін қыздарды әлеуметтік желі арқылы өз бетінше іздеп, шақырған. Нәтижесінде олардың ішінен 25 қыз жартылай финалға өткен. Олардың арасында өңір жеңімпаздары бар.
«Филлер мен басқа заттарға келер болсақ, әрине ережеде қыздар татуажсыз, ұзартылған кірпіксіз, үлкейтілген ерінсіз болуы туралы жазылған. Біздің финалист қыздардың арасында жасанды көрінетін бірде-бір қыз жоқ, олардың барлығы өте сұлу… Сондай-ақ олардың көпшілігі бүгінде жақсы модельге айналған», - деді байқаудың кастинг-директоры, бұрынғы «Қазақстан аруы», «Алматы аруы» Диана Әбішева.
Айта кетейік, сұлулық байқауының финалына Алина Имирова, Аяулым Әлімхалиева, Рабиға Насуруллаева, Аяулым Сәлімова, Севинч Тәжібаева, Сабина Идрисова, Дарья Подгорная, Наталья Петри, Мадина Әлмұханова, Аяна Нұрқасымова, Айша Нарымби, Тілекші Бисембаева, Ақтоты Жүнісбекова, Аделина Багумбаева, Айбарша Лекерова, Аяжан Жұмагереева, Диана Ербосын, Дарина Бәйдібекова, Яна Полыгалова, Аружан Қуатбаева, Мадина Ещанова, Карина Бримжанова, Ботагөз Нұржігітова, Анна Зорина мен Аружан Арыстан есімді арулар қатысатын болады.