Қазақстан Сингапурдың зейнетақы моделіне көше ме?
Бұған дейін Үкімет зейнетақы жүйесін реформалайтынын мәлімдеген болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жолы әлемдегі ең тиімді жүйелердің бірі саналатын «Сингапур моделін» енгізу мүмкіндігін талқылап жатыр.
Астана, NEGE. Central Provident Fund (CPF) деп аталатын бұл модельдің басты ерекшелігі – азаматтардың жинағы тек қарттық шағын қамсыздандырумен шектелмейді. Бұл жүйеде зейнетақы жарналары адамның өміріндегі ең маңызды әлеуметтік мұқтаждықтарын өтеуге бағытталады. Яғни, азамат қордағы қаржыны зейнетке шыққанға дейін-ақ тұрғын үй сатып алуға, медициналық қызметтерді төлеуге, білім алуға немесе инвестиция жасауға пайдалануға мүмкіндік алмақ. Сарапшылардың мәліметінше, Сингапур осы жүйе арқылы халықты зейнетақымен 91 пайыз қамтып, үй шаруашылықтарының 90 пайыздан астамын жеке баспанамен қамтамасыз ете алған.
Қазақстанда да осы тәжірибеге сүйеніп, зейнетақы, тұрғын үй және медициналық сақтандыру жүйелерін бір арнаға тоғыстыруды көздеп отыр. Бірақ бұл реформа біздің нарықта қаншалықты жемісті болмақ? Қазақстан Сингапурдың бірегей практикасын өзіне тиімді бейімдей ала ма? Бұл сұрақтардың жауабын белгілі экономист Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕННЕН сұрап білдік.

– Сіз Сингапур моделі Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі екі негізгі мәселені – қамтудың төмендігін және қартайған шақтағы кедейлік қаупін салықты арттырмай-ақ шеше алады деп айтып жүрсіз. Бұл тұжырым қандай есептеулерге немесе модельдеу нәтижелеріне негізделген?
– Біз бұл тұжырымды Сингапурдың тәжірибесіне және өзіміз жасаған модельдеуге сүйеніп айтып отырмыз. Модельдеу барысында 7 мың параметр есепке алынды және актуарлық есептеулерге негізделді. Басқалар сияқты дәлелсіз пікір айтпаймыз. Біздің тұжырымдарымыз өте ауқымды модельге сүйенеді. Оның консервативті болжам екеніне мемлекеттік органдардың өзі көз жеткізді. Ең бастысы, біз нақты Сингапур тәжірибесіне арқа сүйеп отырмыз.
Кезінде Сингапур да дәл Қазақстан сияқты жағдайда болды. Елде жұмыссыздық жоғары еді, жалақының едәуір бөлігі «конвертпен» төленетін, халықтың зейнетақы жүйесімен қамтылуы төмен болатын. Сол кезде халықтың небәрі 30%-ы ғана зейнетақы жарнасын тұрақты төлеп отырған. Алайда зейнетақы жүйесін тұрғын үй жүйесімен байланыстырғаннан кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Халық зейнетақы жинақтары арқылы жылдық мөлшерлемесі 2–3% болатын жеңілдетілген ипотека ала алатынын түсінді. Соның нәтижесінде жүйемен қамту деңгейі қысқа мерзімде 70–80%-ға жетті. Алғашқы бес жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 90%-ға көтерілді. Он жылдан кейін халықтың 100%-ы жүйемен қамтылды.
Алғашқы жылдардағы күмәннің орнын толық сенім басты. Соның нәтижесінде адамдар жұмыс берушілерден жалақыны ресми түрде төлеуді және зейнетақы жарналарын тұрақты аударуды талап ете бастады. Бүгінде Сингапурда халықтың 100%-ы зейнетақы жүйесімен қамтылған. Сонымен қатар үй шаруашылықтарының 91%-ының жеке баспанасы бар. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.
Екіншіден, әр адам еңбек еткен кезде өз атына зейнетақы жинағын қалыптастырады. Ал зейнет жасына жеткен соң мемлекеттік аннуитет жүйесіне ауысып, өмірінің соңына дейін тұрақты зейнетақы алады. Яғни Сингапурда адамдар қартайғанда тек баспанамен ғана емес, өмір бойы төленетін лайықты зейнетақымен де қамтамасыз етілген.
Ал салықты немесе міндетті жарналарды көтерудің қажеті жоқ деген мәселеге келсек, мұның да жауабы қарапайым. Сингапурда еңбекақы қорына түсетін жүктеме Қазақстанға қарағанда төмен. Жалпы салықтық жүктеме де аз. Мысалы, Сингапурда мемлекеттік бюджеттің ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі шамамен 15% болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 22%.
Соған қарамастан, Сингапур – Қазақстанға қарағанда салықтық жүктемесі төмен болғанымен, зейнетақы жүйесі әлдеқайда тиімді жұмыс істейтін жалғыз мемлекет. Ал Қазақстанға ұсынылып жүрген өзге модельдердің барлығы салықтық жүктемесі бізден екі-үш есе жоғары елдердің тәжірибесіне негізделген.
– Сингапурда халықтың табысы мен еңбек өнімділігі Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары. Осындай айырмашылық жағдайында бұл модельді Қазақстан экономикасына бейімдеу қаншалықты шынайы?
– Сіз Сингапурдың қазіргі жағдайын айтып отырсыз. Бірақ бұл модель енгізілген кезде Сингапурдың табыс деңгейі бүгінгі Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болған. Тіпті сол кезеңде жан басына шаққандағы табысы қазіргі Қазақстаннан шамамен он есе аз еді. Соған қарамастан, бұл модель өте жоғары нәтиже берді. Сондықтан Қазақстан жағдайында оның тиімділігі Сингапурдағыдан да жоғары болуы мүмкін.
Қазақстандағы қазіргі зейнетақы жүйесінің мәселелері енгізілгеннен кейін үш-төрт жылдың ішінде-ақ байқала бастады. Содан бері жүйе бірнеше рет өзгертіліп, түрлі түзетулер енгізілді. Алайда халықты қамту деңгейі әлі күнге дейін төмен. Отыз жыл өтті. Қазір көптеген азамат үшін қартайғанда кедейлікке тап болу қаупі күшейіп отыр. Сондықтан бұл мәселені бұрынғы күйінде қалдыруға болмайды.
Меніңше, бұл жерде екі қате жол бар. Біріншісі – зейнетақы жүйесіне тұрақты жарна төлеп жүрген азаматтардың жүктемесін одан әрі арттыру. Мысалы, қосымша 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын енгізуді ұсынғандар үлкен қателік жіберді деп ойлаймын.
Екіншісі – салық жүктемесі Қазақстаннан әлдеқайда жоғары елдердің үлгісін ұсыну. Мұндай тәсіл түптің түбінде салықтың немесе міндетті төлемдердің өсуіне алып келеді. Бірақ бұл халықтың зейнетақы жүйесімен қамтылуын арттырады деген кепілдік жоқ.
Негізінде таңдау қарапайым: не осы тиімсіз шешімдерді әрі қарай жалғастырамыз, не тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген Сингапур моделін енгіземіз.
– Ұсынылып отырған модельде тұрғын үй, зейнетақы жинақтары және медициналық сақтандыру бір жүйеге біріктіріледі. Бұл азаматтардың жеке жинақтары үшін тәуекелді арттырмай ма?
– Жоқ, тәуекел артпайды. Себебі институционалдық құрылым өзгермейді. Қазақстандағы құрылымдардың өзі Сингапурдағы жүйеге ұқсас қалыптасқан. Мысалы, Сингапурда біздегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ), «Отбасы банк», Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) баламалары бар. Сондықтан жаңа ұйымдар құрудың немесе қолданыстағы құрылымдарды біріктірудің қажеті жоқ. Олар тек өзара интеграцияланып, жаңа қағидаттар бойынша жұмыс істейтін болады.
Ең маңыздысы – «Отбасы банк» пен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры енді мемлекеттік бюджетке тәуелді болмайды. «Отбасы банк» мұндай тәуелділіктен бірден бас тартса, ӘМСҚ бұл кезеңге 3–5 жыл ішінде өтеді.
Ең басты дәлел – Сингапурдың тәжірибесі. Бұл елде аталған зейнетақы моделі 60 жыл бойы өзінің тұрақтылығын дәлелдеп, салымшылар үшін қандай да бір жүйелік тәуекел туғызбаған.

– Сіздің болжамыңыз бойынша, әлеуметтік жүйеге тұрақты қатысатын азаматтардың үлесі 30%-дан 90%-ға дейін өсуі мүмкін. Бұған негізгі ынталандыру ретінде қолжетімді ипотека аталады. Бұл шынымен адамдарды көлеңкелі экономикадан шығаруға жеткілікті ме?
– Адамдардың алдында тұрған екі негізгі мәселе бар: жұмыс табу және баспаналы болу. Сондықтан жылдық мөлшерлемесі 1–3% болатын ипотека алу мүмкіндігі тұрғын үй мәселесін шешудің нақты жолы ретінде қабылданады. Дәл осы мүмкіндік адамдарды жалақысын ресми түрде көрсетуге, әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналарын тұрақты төлеуге ынталандырады.
Әрине, алғашқы жылы белгілі бір деңгейде күмән болуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе жүйеге деген сенім артып, оған қатысушылар саны жылдам көбейеді.
Сингапурда да осындай жағдай болған. Бастапқыда қоғамда күмән болды. Кейін халық жаңа жүйенің тиімділігіне көз жеткізіп, әлеуметтік жүйеге белсенді түрде қатыса бастады.
– Презентацияда тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 500 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін төмендеуі мүмкін екені айтылды. Бұл болжам қандай экономикалық есептеулерге негізделген?
– Бұл болжам үш негізгі факторға негізделген.
Біріншіден, құрылыс компаниялары жер телімдерін сатып алуға және инженерлік инфрақұрылымға қаржы жұмсамайды. Соның арқасында жобаның өзіндік құны айтарлықтай төмендейді.
Екіншіден, құрылыс процесі мен сатып алу рәсімдері толық цифрлық бақылауға алынады. Осыған байланысты өзін сенімді мердігер ретінде дәлелдеген компаниялар үшін құрылыс қаржыландыруының жеңілдетілген моделі енгізіледі. Мысалы, кемінде бес тұрғын үй нысанын салып, тәжірибесін дәлелдеген құрылыс компаниялары жобалық қаржыландыру арқылы жұмыс істей алады.
Қазір құрылыс компаниялары жобаларды қаржыландыру үшін инвесторларға тәуекелі жоғары болғандықтан жоғары табыстылық ұсынуға мәжбүр. Бұл шығындардың бәрі тұрғын үйдің өзіндік құнына қосылады. Ұсынылып отырған модель осы шығындарды іс жүзінде жоюға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, «Отбасы банк» экожүйесі аясында құрылыс компанияларымен ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасалады. Бұл құрылыс материалдарының бағасын тиімді басқаруға, еңбек шығындарын азайтуға, құрылыс мерзімін қысқартуға және жалпы жобаның өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Сондықтан тұрғын үй бағасының бір шаршы метріне шаққандағы құнын 500 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін төмендету – экономикалық тұрғыдан шынайы әрі жүзеге асыруға болатын мақсат деп есептеймін.
– Жаңа модель бірыңғай әлеуметтік жарнаны енгізуді көздейді. Бұл қарапайым жұмысшы мен жұмыс беруші үшін нақты нені өзгертеді? Ай сайынғы жүктеме азая ма, әлде тек төлемдердің құрылымы өзгере ме?
– «Бірыңғай әлеуметтік жарна» – шартты атау ғана. Негізінде бұл – зейнетақы жарнасы. Яғни жаңа жүйеде зейнетақы жарнасы басқа әлеуметтік аударымдардың орнын басады. Жеке табыс салығынан бөлек барлық төлемдер біріктіріледі. Соның нәтижесінде азаматтар мен жұмыс берушілер үшін төлемнің екі ғана түрі қалады: жеке табыс салығы және зейнетақы жарнасы.
Іс жүзінде бұл мемлекет пен азамат арасындағы Сингапурдағыдай жаңа әрі тиімді әлеуметтік келісімге айналады. Мәселен, Сингапурда біздегідей еңбекақы қорынан ұсталатын жеті-сегіз түрлі төлем жоқ. Онда екі ғана негізгі міндетті төлем бар: жеке табыс салығы мен зейнетақы жарнасы.
Жеке табыс салығы прогрессивті шкала бойынша есептеледі. Оның мөлшерлемесі 0%-дан 25%-ға дейін өзгереді. Соның нәтижесінде халықтың 95%-ы 10%-дан төмен мөлшерлемемен салық төлейді, ал азаматтардың жартысына жуығы жеке табыс салығын мүлде төлемейді. Яғни жүйе негізгі жүктемені төлем жасауға мүмкіндігі бар адамдарға түсіретіндей етіп құрылған.
Ал зейнетақы жарнасының орташа мөлшері адамның еңбек еткен бүкіл кезеңінде шамамен 30%-ды құрайды. Бірақ бұл қаражаттың бәрі бір мақсатқа ғана жұмсалмайды. Шартты түрде оның 10%-ы негізгі зейнетақы шотында жинақталады, тағы 10%-ы тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталады, ал қалған 10%-ы медициналық сақтандыруға, білім алуға және инвестиция жасауға жұмсалады.
Осының арқасында адам өз қаражатының қайда жұмсалып жатқанын нақты көреді және жинағын өзі тиімді басқарып отырғанын сезінеді. Бұл жалақыны «көлеңкеде» жасырудың мәнін азайтып, азаматтарды зейнетақы жарнасын толық әрі ресми төлеуге ынталандырады. Өйткені олар бұл қаражаттың түптің түбінде өз игілігіне жұмсалатынын түсінеді.
Жаңа модель енгізілсе, ай сайынғы қаржылық жүктеме азаматтардың басым бөлігі үшін де, бизнес үшін де төмендеуі мүмкін.

– Сіздердің болжамдарыңыз бойынша, 2038 жылға қарай жаңа зейнеткерлердің үштен бірі тек базалық зейнетақымен ғана қалуы мүмкін. Егер реформа қабылданбаса, Қазақстанның зейнетақы жүйесін қандай сценарий күтіп тұр?
– Бұл – дәл реформа қабылданбаған жағдайда жүзеге асуы мүмкін сценарий. 2038 жылы 1998 жылға дейін жұмыс істеген ынтымақты (солидарлы) зейнетақы жүйесінің мүмкіндігі толық аяқталады. Осыдан кейін көптеген азамат үшін негізгі төлем көзі ретінде тек базалық зейнетақы ғана қалады.
Ал базалық зейнетақының өзі 2004 жылы 1998 жылы енгізілген жинақтаушы жүйенің кемшіліктерін белгілі бір деңгейде өтеу мақсатында енгізілген болатын. Алайда оның мөлшері төмен болғандықтан, бұл қартайған шақтағы кедейлік мәселесін толық шеше алмайды. Сондықтан, егер зейнетақы жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізілмесе, алдағы жылдары егде жастағы азаматтардың едәуір бөлігі үшін қартайған кездегі табыс жеткіліксіз болуы мүмкін. Ал Сингапур моделін енгізу бұл жағдайды түбегейлі жақсы жаққа өзгертеді деп есептеймін.
– Сингапурда бұл модель ондаған жыл бойы қалыптасып, жүйелі мемлекеттік саясатқа сүйенді. Ал Қазақстанда саяси және экономикалық циклдер тұрақты емес. Мұндай жағдайда реформаның соңына дейін толық жүзеге аспай қалу қаупі қаншалықты жоғары?
– Шын мәнінде, Сингапурда бұл модель ондаған жыл бойы енгізілген жоқ. Негізгі реформа бір жылдың ішінде жүзеге асырылды. Одан кейін шамамен бес жыл бойы жүйе жетілдіріліп, түрлі параметрлері реттелді. Ал содан бері өзгеріп отырған экономикалық жағдайларға бейімделу үшін жыл сайын белгілі бір түзетулер енгізіліп келеді. Сондықтан мен бұл жүйені өте икемді модель деп есептеймін. Жалпы реформаны қысқа мерзім ішінде жүзеге асыруға болады.
Ал мемлекеттік басқару жүйесіндегі ықтимал кемшіліктердің салдарынан реформаның бұрмалану немесе толық орындалмау тәуекелі бар ма деген сұраққа келсек, әрине, мұндай қауіп әрқашан болады. Бірақ қандай да бір тәуекел бар екен деп қажетті реформалардан бас тартуға болмайды. Қалай десек те, кез келген ірі реформаны жүзеге асыруда тәуекел болады. Бірақ «қасқырдан қорыққан орманға бармайды» деген қағида бұл жерде де өзекті.
– Қазақстанда бұған дейін де зейнетақы жүйесін реформалау әрекеттері болды. Алайда қоғамда бұл жүйеге деген тұрақты сенім қалыптаспады. Бұл жолы азаматтар өз жинақтарының қауіпсіз қорғалатынына қалай көз жеткізе алады?
– Негізі азаматтардың зейнетақы жинақтары бұрын да, қазір де мемлекет кепілдігімен қорғалған. Бұл кепілдік бүгінде де күшінде. Бірақ қолданыстағы модельде жүйеге түсетін жүктеме арта берсе, болашақта осы мемлекеттік кепілдіктен бас тарту мәселесі туындауы мүмкін. Меніңше, бұл дұрыс шешім емес. Ал Сингапур моделі енгізілсе, мемлекеттік кепілдікті сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Жалпы, бүгінде зейнетақы жинақтарының сақталуына қатысты түбегейлі мәселе жоқ. Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі негізгі екі проблема – қартайған шақтағы кедейлік қаупі және халықтың жүйемен қамтылу деңгейінің төмендігі.
Қоғамның сеніміне келсек, оның төмен болуының өзіндік себептері бар. Бес жыл бұрын Қазақстанда зейнетақы жүйесін реформалау жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істеді. Оның құрамына негізінен қазіргі жүйені әзірлеуге қатысқан мамандар кірді. Сондықтан олардың «ешқандай өзгеріс қажет емес» деген қорытындыға келуі заңды еді. Өйткені өзің жасаған жүйені сынау оңай емес.
Оның орнына олар қолданыстағы модельдің кемшіліктерін түзету шығынын онсыз да жарна төлеп жүрген азаматтардың мойнына жүктеуді ұсынды. Осылайша қосымша 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын енгізу идеясы алға шықты. Алайда бұл шешім жүйедегі негізгі мәселелерді шеше алған жоқ.
Сондықтан бұл жолы дәл осындай көзқарасты ұстанатын топтар нақты реформаға кедергі келтірмейді деп үміттенемін.
– Сіздің ұсыныстарыңызды министрлік жанындағы жұмыс тобы қарап жатыр. Ең қызу пікірталас қай мәселе төңірегінде өрбіді? Мемлекет үшін сіздің қай ұсынысыңызды қабылдау ең қиын болады деп ойлайсыз?
– Сингапур моделінің өзіне қатысты айтарлықтай қарсылық немесе күрделі сұрақ болған жоқ. Өйткені бұл модельдің қазіргі жүйеден әлдеқайда тиімді екенін көпшілік түсінеді.
Негізгі пікірталас қолданыстағы зейнетақы моделін сақтап қалғысы келетін көзқарастың төңірегінде жүріп жатыр. Бірақ егер қазіргі модель сол күйі қалатын болса, оны қолдайтындар Қазақстанның зейнетақы жүйесінің бүгінгі жағдайы мен болашақтағы салдары үшін жауапкершілікті де өз мойнына алуы керек.
Қазір оқып жатыр
Джеки Чан Қазақстанда «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильмінің түсірілімін бастады
Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды тапсырды
ҰҚК Атырау әкімінің тағы бір орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатқанын растады
Съезд «Әділет» партиясының Жарғысына ауқымды өзгерістерді бекітті