Экологиялық апат: Каспийдің тартылуы табиғи құбылыс па, әлде адами фактор ма?
Еуропа мен Азияның кіндігі, бір емес бес мемлекетттің шекарасында жатқан Каспий теңізіне бүгінде айтарлықтай қауіп төніп тұр. Эколог ғалымдар: «Егер дер кезінде мемлекет бұл мәселені қолға алмаса, Каспий теңізі де Арал теңізі сияқты тартылып қалуы мүмкін», – деп дабыл қағып отыр. Тілшіміз теңіздің бүгінгі жағдайын саралап көрді.
Бес мемлекетке бұйырған бақ
Каспий әлемдегі ең үлкен тұйық көл болғандықтан оны теңіз деп атайды. Теңіздің пайда болуы неоген дәуіріне тән. Жер қыртысының көтерілуі нәтижесінде Қара теңізден бөліну арқылы пайда болды. Неоген дәуірін Каспий теңізінің қалыптасқан кезеңі деп атауға болады. Тұйық көлдің жалпы ауданы 376 мың шаршы шақырым. Оның беті теңіз деңгейінен 28 метр төмен жатыр, солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 шақырымға созыла орналасқан, ендірек жері – 435, ал енсіз жері – 193 шақырым.
Каспий теңізінің жағалау сызығының ұзындығы – 7000 шақырым. Оның суы 5 мемлекеттің жағалауын шайып жатыр. Жағалау сызығы Қазақстан үлесіне – 29% (2340 шақырым), Ресейге – 9%, Әзірбайжанға – 20%, Түркіменстанға – 21%, Иран Ислам Республикасына – 14% тиеді.
Ал, атауы осы теңіздің жағасын мекендеген ежелгі «каспий» тайпаларының құрметіне аталған. Грузия жерінде Каспи атауындағы қала әлі де бар. Бұл атауға дейін «Гиркан», «Хазар», «Хвалын» сияқты тарихи есімдерді мыңжылдықтарда өмір сүрген тайпалар мен халық қойып отырған.
Қауіп қайдан?
Теңіз тереңдігі 1025 м болғандықтан, Эйфель мұнарасының бірнешеуін бірінің үстіне бірін қойып, суға сүңгітіп жіберуге болатындай байлығымыз Каспийдің тағдыры бүгінгі күні қыл үстінде тұр. Өйткені, 2006 жылдан бері теңіздің деңгейі жылына 5-6 см ге төмендеуде. «Соңғы 10 жылда бұл үрдіс жалғаса береді», – дейді неміс ғалымдары. Егер жалғаса берсе, 20-25 жылда су бассейінінің солтүстік-шығыс бөлігі Аралдың тағдырын қайталауы әбден ықтимал. Теңіз деңгейі қазір – 29,36 метрге жетті. Каспийге құятын Жайықтың өзінде, үлкен кеме түгілі, орташа кемелердің өзі қайрандап қала береді. Кішкентай катерлердің өзі суға оңай шыға алмай, біраз адам оны итеруге жұмылдырады. Ал ең сорақысы, сағадағы төмен деңдейден балықтар да өте алмай, балық азайып кеткен.
Осы салдардан, Каспий теңізінің Маңғыстау, Атырау, Ақтау жағалауы тіпті, Ресей бөлігі де тартылып бара жатыр. Әсіресе, Каспийдің солтүстік бөлігінде «Жанбай» теңіз гидропосты ауданында судың тартылуы қатты байқалады. Ақтау маңында су деңгейі 2 метргеге төмендеген. Қарапайым халық су тартылса балықты қалай аулайтындарын, қай жерге шомылатындарын білмей, сары уайымға салынып жүр.
Жерігікті тұрғындар не дейді?
Мәселенің анық-қанығын білу үшін Ақтау тұрғындарының пікірін білдік.
– Каспийдің тартылуы қазірдің өзінде кері салдарын тигізіп жатыр. Су тартылуының кесірінен балдырлар мен судың астындағы тастар жер бетінде шығып қалды. Содан балдырлар сасып адамдар суға шомылатын жер азайған. Суға шомылу үшін де таза, табиғи жағажай қажет. Сонымен қатар, Ақтауға Иран мен Баку қаласынан тауарлар келеді. Егер теңізіміз Аралдың күйін кешсе, балықсыз, тауар тасымалынсыз, жұмыссыз қаламыз ба деп қорқамыз, – дейді Азан деген азамат.
– Бұрын жағажайға үлкен кемелер келетін. Қазір су деңгейі тартылғаннан болса керек, кемелер пішіндерін өзгертіп, катерлерге айналған. Су көпірге дейін жететін. Қазір көпір қайда, су қайда аралары алыс. Қазақстан бір байлығы Аралдан айрылды, ол қайтып орнына келе ме, жоқ па белгісіз. Енді тағы бір байлығымыздан айрылып қалуымыз мүмкін. Ата-бабамыз қанмен сақтап қалған жерді болашақ ұрпаққа аман-есен табыстауымыз қажет, – деп уайымдайды Толқын.
Сарапшылар пікірі
Кейбір сарапшылар Каспий теңізінің тартылуы су деңгейі көпжылдық, жыларалық және маусымдық ауытқуларға ұшыраған деп болжайды. Себебі, өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап Каспий деңгейінің төмендеуі байқалған. 1977 жылға қарай теңіз деңгейі 3 метрге төмендеп, минус 26-дан 29 метрге дейін жеткен. Кейін су деңгейі қайта көтеріле бастады, осылайша 1995 жылы 3 метрге жоғарылап, минус 26, 62 метр болған. Осы аралықта су деңгейінің көтерілуі жылына шамамен 14 сантиметрге, ал кей жылдары 36 сантиметрге де жеткен. 2005 жылдан бастап циклдік төмендеу кезеңі қайталана бастады.
Бірақ, бұл табиғи үрдіс пе, әлде антропогендік яғни адамдардың іс-әрекетінен болып жатқан жағдайлардың әсерінен бе белгісіз. Себебі, теңізге құятын Еділ, Жайық (Орал), Кавказ өзендерінің барлығы жол-жөнекей тоқтаусыз тұтынылуда. Оның айналасында ірі су қоймалары салынған, қарқынды шаруашылық қызмет те жүргізілуде. Маусымдық су алатын су қоймаларының салдарынан теңізге жер үсті ағынының азаюына, теңіздің таяздануына әкеліп соғуда. Сонымен қатар климаттың өзгеруіне байланысты булану күшейіп, тиісінше ағынның төмендеуіне әсер етеді.
Бұл жайт туралы Каспий аймағындағы су ресурсы мен климат бойынша жетекші маман, Бейлор университетінің өкілі Сифан Кориче Власть басылымына берген сұхбатында былай дейді:
– Каспий теңізі дәл Арал сияқты кеуіп кетпеуі мүмкін, бірақ оның солтүстік бөлігі үшін алаңдап отырмыз. Каспий теңізінің тартылып-толып тұруының өзі ерекше, эволюциясы күрделі: түрлі уақыт кезеңінде су деңгейі түрлі фактордың және өзінің тұйық бассейніндегі экологиялық ахуалдың әсерімен он метрден жүздеген метрге дейін құбылып тұрады. Каспий теңізіндегі су деңгейінің қазіргі кездегі құбылуына ұзақ мерзімді өзгерістерден бөлек, Еділ өзені бассейніндегі өзгеріс басты әсерін тигізіп отыр, оның көлге құю және булану үлесі 80 пайыздан асады.
Сонымен қатар антропогендік сипаттағы әрекеттер мен судың келуі біраз әсер етеді, әсіресе, бірнеше күн немесе апта бойы бірнеше сантиметрден бастап, шамамен 4 метрге дейінгі аралықта судың келуі елеулі өзгерістерге ұрындырады, өнеркәсіп инфрақұрылымының және басқа да экожүйе қызметтерінің құрылысы үшін проблема тудыруы мүмкін. Каспий теңізі – трансшекаралық су қоры, сондықтан тұрмыстық немесе өнеркәсіптік мақсатта алынатын судың үлесін дәл анықтау қиын. Кейбір бағалау болғанымен, жиынтық салдары антропогендік өндіруден келіп отырғаны анық. Қолдағы бар мәліметтер бойынша, бұл көрсеткіш табиғи өзгерістен төмен болғанына қарамастан, жағалаудағы мемлекеттер тарапынан келісілген басқару стратегиясының болмауы түптеп келгенде су деңгейінің құбылуына кері әсерін тигізеді.
Есенов атындағы Каспий инжиниринг университетінің ғылым және зерттеу басқармасының басшысы Самал Сырлыбекқызының inbusiness.kz сайтына жарияланған пікірі төмендегідей:
– Ғылыми негіз бойынша әркез сайын теңіз деңгейі 0,5 см төмендейтін болса, теңіздің экожүйесіне, су жәндіктеріне зиянын тигізеді. Ғалымдар болжауынша, егер теңіз 2100 жылға дейін 18 сантиметр төмендесе, онда теңіздің 25 пайызы жойылып кетуі мүмкін. Біз қазірден бастап қолға алып, алдын алу жолдарын қарастырмайтын болсақ, бұл Каспий теңізі құрдымға кетуі мүмкін.
Шешімі қандай?
Басқа-басқа, Каспийдің мәселесіне келгенде сарапшы-ғалымдар мен зерттеушілердің ойлары екіге тіпті, үш-төртке бөлінеді. Дегенмен, табиғи тартылу құбылысы болсын, адами құбылыс болсын қолымыздан келгенше табиғатымызды сақтап қалудың жолдарын іздестіру керек. Осы тұста эколог маман теңіздің деңгейін қайтарудың мынадай жолдарын ұсынды:
– Қазіргі уақытта Каспийдің мәселесін шешудің екі жолы бар. Бірі – Каспий мен Азов теңізін қосатын Еуразия каналын салу. Екіншісі – Иран Президенті ұсынған Каспийдің оңтүстігінен Парсы шығанағына дейін канал қазу. Мұндай жағдайда Қазақстан, Түркіменстан сияқты 5 мемлекет үшін бірден Еуропаға Атлант мұхитына шығатын мүмкіндік туады. Қарсы бағытта Үнді мұхитына шығып кете алады. Теріскейге Еділ өзені арқылы Ақ теңізге, Мурманскіге жол ашылады. Бұл – шығыны көп жоба. Қалай болғанда да, осы жоба жүзеге аспайынша, Каспий теңізін қалпына келтіру мүмкін емес, – дейді ғалымдар.
Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап Каспийді зерттеу институты су деңгейінің мониторингі және экожүйесін зерттеумен айналыспақ. Каспий бір емес, бес бірдей мемлекетпен шектесетіндіктен, оның тағдыры бес мемлекетті де алаңдатады. Сондықтан да Каспий аумағы елдері арасында ғылыми зерттеулер бойынша келісім дайындалып жатыр.
Бұл қазаққа туған қиындықтан еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бейхабар емес. Біріккен ұлттар ұйымының жиналысында президент бүкіл әлемге ең үлкен көлдің қаупі туралы ашық жариялады. Әлем бұл мәселені бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз.
Түйін
Каспий мәселесін ертең емес, бүгін қолға алу керек. Бұл – Каспий жағалауындағы бес мемлекеттің ғана емес, әлемнің барлық елдерінің ортақ проблемасы. Сондықтан да бұл мәселені бірігіп шешуіміз қажет. Табиғат адам пайда болмай тұрып та, пайда болғаннан кейін де сан мың мәрте өзгеріске ұшыраған. Табиғат қалай өзгерсе, солай қабылдауымыз керек. Бірақ адами фактордың әсері барынша аз болғаны жөн.
Аружан АСҚАРҚЫЗЫ, Ақпараттық технологиялар университетінің 2-курс студенті.