18 Қыркүйек 15:00

Минус 1 банк. НЕГЕ Tengri Bank тәңірінен айрылды?

Фото:

Бүгін ҚНРДА Tengri Bankтің лицензиясын тартып алды. Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов келесі жылдың жазында тағы 5-6 банк лицензиясынан айрылады деп отыр. 28 жылдық тарихы бар Tengri Bank неден құлады?

«Негізі Tengri Bank өткен жылдың қараша айынан бастап өліп қалған болатын», - деп түсіндіреді жағдайды, атын атамауды өтінген, бірақ осы банктің қайта құрылымдауына қатысы бар сарапшы. ҚНРДАның лицензияны қайтарып алатынын бәрі білген. Себебі, Қуанышевтер отбасы өз акцияларын сатып, банктен біржолата кеткеннен кейін, қалған банк акционерлері бір шешімге келе алмады. Былтыр біраз қаржы құйған ең ірі Үндістандық акционер Punjab National Bank топ-менеджерлері қазір өз елінде істі болып жатыр. Олардың қазір Tengri Bankтің тағдырын ойлайтындай жағдайы жоқ. Жеке тұлға болып табылатын басқа акционерлер банкке ешқандай қаржы құймады.

 

Қазір банк акциясының 41,64 проценті Punjab National Bank қоржынында. Ал қалғаны ұсақ акционерлер. Олар Бауыржан Бармамбеков - 9,19%, Ким В.П. - 9,19%, Мырзатай Ыдырыс - 7,71%; Альфия Қуанышева - 7,65%; Ринар Рахимов - 6,19%.

Нәтижесінде ҚНРДА банкті белгіленген пруденциялық нормативтерді жүйелі түрде бұзғаны және банктің меншікті капиталын ұлғайту бойынша талаптарын орындамағаны үшін лицензиядан айырып отыр.

«Қазір нарық тұтасымен құлап, Қазақстандағы банктер әлсірей бастады», - дейді, Расул Рысмабетов. Оның айтынша, Tengri Bank әу бастан ақ бутик түріндегі банк болған. Ол халыққа қызмет етпеді. Көбіне заңды тұлғалармен жұмыс істеді.

Tengri Bank тәңірінен айрылса да, халыққа оның еш келіп кетері жоқ. Банкте жеке тұлғалардың небары 20 миллиард теңгесі сақталған және оның басым бөлігін депозиттерді кепілдендіру қоры жауып береді. Тек банктің қарапайым қызметкерлеріне обал болды.

 

 

Расул Рысмамбетовтың айтуынша, тағы бірнеше банк лицензиядан айрылуға үміткер болып отыр. Бірақ Ұлттық Банк те, ҚНРДА да биыл жағдайды ушықтыруға мүдделі емес. Ал 2021 жылы біраз банктің есігін шегелегенін көруіміз мүмкін.

Tengri Bank 28 жыл өмір сүрді. 1992 жылы ол «Данабанк» атымен құрылып, 2016 жылы тәңіршілдіке ұрынған болатын.

Тегтер: