2 Сәуір 15:25
...

Айдосовтан Жұмаділлаеваға дейін. Есенов НЕГЕ идеалды топ-менеджер таба алмады?

Jusan
Фото: Фото: Nege.kz

Jusan Bank басқарма басшыларының ауысуы туралы жаңалықтар көбейіп кетті. Биылғы жылдың басынан бері төрт рет төраға ауысты. Енді кезінде Рахат Әлиевтің өзі «Нұрбанк» басқарма басшысы етіп тағайындаған Гүлмира Жұмаділлаева келді. НЕГЕ?

«Жусан банкінің» негізгі акционері Ғалымжан Есенов өзінің көңілі толатын басқарма басшысын таппай жүр. Былтыр тамыз айында банкті өз қолына алғанда, ескі акционерлер отырғызып кеткен басқарма төрағасы Нұрсұлтан Айдосовты алып тастап, орнына уақытша Арман Мәңгітовті отырғызған болатын. Ол биылғы наурыз айының басына дейін басшылық етті.

Артынша төрағаның міндетін атқару басқарма мүшесі Алан Жабаевқа тапсырылды. Ол бір ай отырып, «міндетін атқарушы» деген статусты келесі басқарма мүшесі, ресейлік банкир Ольга Тумановаға тапсырды. Екі айға созылған «міндет атқару» операциясынан кейін ҚНРДА «Жусан банкіне» Гүлмира Жұмаділлаеваны басқарма төрайымы лауазымына тағайындауға рұқсат беріп отыр.

Нурбанк
Фото: Nege.kz

Гүлмира Жұмаділлаеваның банкир ретіндегі тарихы бай және үлкен саяси ойындарда да фигурант ретінде көзге түскен. Ол Рахат Әлиевтің кезінде «Нұрбанк» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары, артынан төрағасы болды. Ал ағасы Талғат Жұмаділлаев сол банктің директорлар кеңесін басқарды. Рахат Әлиев пен оның ұлы Нұрали Әлиевпен қоян-қолтық жұмыс істеген.

Гүлмира Жүмаділлаева Рахат Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін топ-менеджерлер Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өліміне қатысты сотта куәгер болған. Бір қызығы, осы істегі куәгер ретіндегі рөлі туралы біраз материалдар «Время», және басқа да сайттардан өшіріліп тасталған.

Оның интернеттегі атышулы істерге қатысы бар жерлеріне арнайы тазалау жұмыстары жүргізілгенін байқауға болады.

Рахат Әлиев
Фото: Facebook

Бірақ, 1995-2007 жылда аралығында «Нұрбанкті» басқарған Әбілмәжін Ғылымов өз сұхбатында Рахат Әлиевтің бұйрығымен банктегі лауазымынан өз еркімен босап, арнайы жиналыста директорлар кеңесінің төрағасы Талғат Жұмаділлаев Гүлмира Жұмаділлаеваны басқарма басшысы етіп тағайындағанын айтады. Одан кейін, банктен кетуге дайындалып жүрген Жолдас Теміралиевті Гүлмира Жұмаділлаева банк ғимаратына жиналысқа шақырған. Сол банкке кіргеннен кейін оны Рахат Әлиевтің адамдары тұтқындап, банктің қызметтік есігінен жасырын шығарып, алып кетеді. 

Ал Темірәлиевтің жұбайы Армангүл Қапашева сол күні Гүлмира Жұмаділлаеваға бірнеше рет телефон соққанын, бірақ оның жауап бермегенін айтқан еді. 2009 жылы Жолдас Темірәлиевтің денесі «Қазтелерадио» ғимаратының артындағы қойма маңына көмілген бөшкеден табылды.

Гүлмира Жұмаділлаева 2021 жылдары «Каспи банкте» басқарма төрағасының орынбасары қызметінде жұмыс істеді. Оның технологиялық банктегі тәжірибесі «Jusan Bank» акционерлік қоғамын дамытуға септігін тигізуі мүмкін.

Jusan Bank активтерінің көлемі бойынша елдегі ең ірі 6 банк тізімінде тұр. Өтімді активтері 2,8 триллион теңгеден асады. 2023 жылғы таза пайдасы 140,7 млрд теңгеге жетті.