ЕБИТДА-сы 8 миллиард. «АТБ Банк» НЕГЕ Назарбаевтың ең мықты инвестициясына айналды?
Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі ресейлік Азия-Тынық мұхит (АТБ) банкі 2023 жылды керемет табысты аяқтады. Банкротқа ұшыраған банкті Назарбаевтың құрылымдары 2021 жылы аукционда сатып алған болатын.
«АТБ Банк» 2023 жылғы аудиттелген есебін әлі шығарған жоқ. Жалпы, 2022 жылы Ресейге қарсы санкция жарияланғаннан бері, ондағы қаржылық компаниялар ашықтық принципін сақтамайтын болған. Бірақ Ресейдің Орталық банкі көрсеткен шоғарланған қаржылық есеп бойынша, 2023 жылы «АТБ Банк» выручкасы 412,7 миллиард рубльге жетті. Шығындары 404,89 миллиард рубль болған. Ал салықтар төленгеннен кейін қалған таза пайда – 6,92 миллиард рубль. Қазіргі курспен бұл 33,7 миллиард теңге. Бір сөзбен айтқанда, жаман емес.
2021 жылы банкрот болған «АТБ Банк» Ресей Орталық банкінің оңалту процедурасынан өтіп, аукционда сатылды. 2022 жылы ол минустан шыға бастады және 325,3 миллион рубль немесе 1,58 миллиард теңге таза пайда тапқан болатын. Сонда Назарбаевтың банкі бір жылда өз кірісін 21 есеге арттырған.
Тақырыпқа орай: Jusan болмаса, АТБ бар. Нұрекең НЕГЕ теңгеден рубльге ауыспақ?
«АТБ Банк» – Ресейдің Қытаймен шектесетін қиыр шығысында жұмыс істейтін аймақтық банк. Бас кеңсесі Хейхе өзеніне жақын жердегі Благовещенск қаласында орналасқан. Қысқаша тарихына көз салсақ, бұл банк 2019 жылдары банкроттыққа ұшырайды. Оны Ресейдің Орталық банкі өз қолына алып, қаржылай сауықтырып, 2021 жылы ашық аукционға шығарады.
Сол ашық аукционға «Jusan» қаржылық тобына иелік еткен қазақстандық «Pioneer Capital Invest» компаниясы да қатысады. Оны Данияр Әкішев басқарады, ал компания толығымен Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Олармен бірге АТБ-ны алу үшін «Промсвязьбанк» пен «Совкомбанк» сияқты ресейлік қаржы ұйымдар да таласты. Аукцион қортындысы бойынша қазақстандық «Pioneer Capital Invest» ұсынған баға үздік деп танылып, «АТБ Банк» қазақтардың меншігіне ауысқан. Сол кезде Назарбаев АТБ Банкті – 14 миллиард рубльге, валютаға шаққанда 193 миллион долларға сатып алды.
Бұл өте тамаша инвестиция болды. Негізі Назарбаевтың банк бизнесіне келгенде кәсіби интуициясы өте жақсы жұмыс істейді. Банкты сатып алған 14 миллиард рубльдің тең жартысы таза пайда ретінде қайтып отыр. Демек 2021 жылы сатып алынған банк тіпті биылғы жылдың соңында шығынын ақтай алады деген сөз.
NEGE дереккөзі «Назарбаев банк бизнесін ұлдары Тауман мен Бәйкенге қалдырады» дейді. Тауман Нұрсұлтанұлы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі аса қымбат жекеменшік университетті сәтті тәмәмдаса, оған басқаратын тиімді актив дайын тұр. Әкесі ол үшін мүмкін нәрсенің барлығын істеп қойған...