30 Қыркүйек 12:38
...

Ержеңіс Әбді: Есеппен өрілген өлең арқылы оқушыларды сергітіп аламын

Балалар әдебиеті
Фото: ғаламтордан

 Ақын һәм математика пәнінің мұғалімі Ержеңіс Әбдіні былайғы жұрт айтыс додалары арқылы таныса, мектеп ұжымы мен оқушылары білікті ұстаз ретінде жақсы біледі.

Оның есеппен өрілген өлеңдері шешімін табуға асықтырып қана қоймай, баланың ойлау қабілетін шыңдай түседі. NEGE тілшісі «Ержеңістің ерекше есептері», «Саусақ әліпбиі» жинағының авторы Ержеңіс Әбдіні әңгімеге тартты. 

Ержеңіс, өзіңізді айтыс ақыны ретінде білетін едік. Ал арифметикалық есеппен өлең жазуды ұстаздық еткеннен соң бастадыңыз ба?

– Жалпы, «әу» демейтін қазақ жоқ қой. Екі ауыз сөз құрай алу әу бастан қанымызда бар. Оның үстіне көпшілік ерекше екпін түсіріп айтатын «Сыр елі – жыр еліненмін». Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Бөген ауылының тумасымын. Бұл ауыл толқыны аспанмен астасып жатқан Арал теңізінің көпірі іспеттес болған. Кезінде бүкіл қалаға қатынайтын кеме Бөген арқылы жүрген екен. Балық кәсібінің айналасында қаншама өндіріс ошағы жұмыс істеп тұрған. Бір сөзбен ақын, жазушы Зейнолла Шүкіровтің ауылы дейтін. Одан кейін де шағын ауылдан бірқатар ақын, жазушы шықты. Содан ба, біздің ауылда өмірге келген адамның ақын болмауы мүмкін емес деген кішігірім қағида қалыптасып қалған. Балықшысы да, қойшысы да екіауыз өлең құрап айта береді. Аға буын өкілдері Сайлаубай Жұбатыров, Қуаныш Жиенбай, Толыбай Абылаевтың есімдері елге танымал.

1991 жылы Зейнолла Шүкіров атындағы №20 Бөген орта мектебін тәмамдадым. Математика және информатика пәні мұғалімі мамандығы бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде жоғары білім алдым. Еңбек тәжірибемді 2006 жылы Қызылорда қаласындағы №15 гимназияда математика пәні мұғалімі ретінде бастадым. Ал 2012 жылдан бері Қызылорда қаласындағы С. Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінде математика пәні мұғалімі болып жұмыс істеп келемін.

Мектеп жасында қабырға газетіне азын-аулақ өлең жазып қоятыным бар еді. Балаларға арналған «Ұлан» газетінің, «Балдырған» журналының тұрақты оқырманы болдым. Солай-солай өлең жазуға деген құштарлығым арта бастады. Дегенмен, өзімді «ақынмын» деп ойлаған жоқ. Аздап домбыра тартатыным да бар. Мал бағып жүріп те өлең құрастыратын едім.

Өзім өнерге, өлеңге жақын болғанмен, ата-анам, ұстазым пән жағынан қадағалайтын. Математикадан оқушылар арасында өтетін аудандық олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атандым. Есеп шығарудан ләззат алатынмын. Содан мектеп бітірер шақта мамандық таңдауға келгенде сәл қиналып, ойға шомып кеткенім бар.

 Менің әкем де – мұғалім. Бізде бірнеше таңдау нұсқасы болды. Біріншісі – филология мамандығы, екінші – математикаға жақын мамандық, үшінші – консерватория. Әкем осы мәселені ұжымдағы әріптестеріне айтыпты. Сол кезде дене шынықтыру пәні мұғалімі: «Сендер оған таласып жатырсыңдар? Ержеңіс дене шынықтыруды таңдады ғой» депті. Себебі, бірде сол ағайыма «Футболшы болғым келеді» деп айтқаным бар еді. Атақты футболшылардың ойынына қатты қызығатынмын. Бірақ ауылда оған мүмкіндік болмады. Секция да ашылмаған кез. Сөйтіп, «тым болмаса спорт бапкері болсам» деген ойымды жеткізгенмін.

Содан не керек, жиналыста отырған мұғалімдер «Қандай дене шынықтыру? Басқа мамандықты таңдасын» деп жан-жақтан айтқан ғой. Әлгі дене шынықтыру пәні мұғалімі «Сонда дене шынықтыру мамандық емес пе?!» деп шамданып, жиналыстан шығып кеткен екен. Мұны кейін әкем айтып берген. Содан әкемнің айтуы бойынша, математика пәнінің мұғалімі мамандығын таңдадым. 2006 жылы алғаш мұғалімдік қызметке кірістім.

Бұл кезде оқушыларға арналған қазақ тіліндегі құралдар аз болатын. Көбінесе – орыс тілінде. Сонымен, «Орыс тілінен аударғанша, неге өзім жазбаймын?» деп өлеңмен есеп жазып бастадым. Мұны сабақ барысында сергіту сәтінде оқушыларыма жаттатқызып, айтып жүрдік. Оларға да ұнады.

 2013 жылы Фейсбукке тіркеліп, парақша ашқан соң өлеңдерімді желіге салып жүрдім. Оқырмандар кәдімгідей талдап, жауабын жазатын. Кейде желіге салмай қойсам, жекеме шығып сұрап, телефон шалатын болды. «Неге өлеңмен есеп жазбай кеттің? Біздің баламыз да сұрап жатыр» дейтін. Сөйтсем, үлкен кісілер дастарқан басында өлеңді оқып беріп, есепті баласы, немересімен бірге шығарады екен. Осындай кері байланыс орнағаннан кейін мұны тоқтатпау керектігін түсіндім. Шын мәнінде, осындай есеп өлеңдер бұрын да болған. Өткен ғасырдағы ауызша айтылған есептер енген «Қазақтың қарабайыр есептері» деген жинақ бар. Менікі де соның жалғасы іспеттес.

Өлеңдеріңізді «Ержеңістің ерекше есептері» деген атпен кітап етіп шығарыпсыз. Ал мектеп жасына дейінгі «Саусақ әліпбиі» өлеңдер жинағын балалар қалай қабылдады? 

– «Ержеңістің ерекше есептері» жинағы 2019 жылы мың данамен жарық көрді. Өз қаржыма шығардым. Әдеуметтік желі арқылы сатылды. Әр қаладан тапсырыс түсіп, поштаға салып жіберуімді сұрап жататын. Жалпы, сұраныс болды. Бірақ соңында сатудан шаршадым. Оның үстіне ақшасы көзге көрінбейді екен. Кейін жеке баспалардан ұсыныс түскенмен, аяқсыз қалды. Осы тақырып аясындағы біраз өлеңім республикалық «Балалар поэзиясының антологиясы» жинағына енді.

Балалар әдебиеті
жеке мұрағаттан

Ал «Саусақ әліпбиі» өлеңдер жинағы тілі енді шығып жатқан балаларға арналған. Әріпті сурет және өлеңмен айтып, балаға ұғынықты тілмен жеткізуге тырыстым. Бала бір жағынан әріп үйренеді әрі тақпақ жаттайды. Жаңылыспасам, Қарағандыда ерлі-зайыпты осындай кітап шығарып жүр екен. Солардың ұсынысына орай әріптер бойынша өлең жазып бердім.

Жалпы, математиканы қиынсынып, есеп шығаруды ұнатпайтын балалар көп. Бұл пәнге оқушыларды осылай да қызықтыруға бола ма екен?

– Мектепте мұғалім болып жүргеніме – 16 жыл. Осы уақыт ішінде түрлі бағдарлама болды. Ұстаздар да білімді жан-жақты беру үшін өзіндік көрнекі құралдарын пайдаланады. Менің есеппен өрілген өлеңдерім толық 45 минуттың бағдарламасында өтілетін дүние емес. Тек сабақтың арасында сергіту сәтінде айтылатын төрт қатар шумақ ретінде пайдаланамыз. Мысалы, математикадан бір тақырыпты өтсек, соған байланысты есеп шығаруға келгенде балалар қиналады, оны бір жұмыс ретінде қарайды. Шаршаған кейіп танытады. Сондай кезде өлең оқып жіберіп, сергітіп аламын. Тіпті, бұл есеп өлеңдерді мектептен тыс кезде, отбасында балалармен әңгімелесіп отырғанда айтып, шешімін шығаруға болады.

 – Есеппен өрілген өлеңдеріңіздің арқасында өзіңізді «балалар әдебиетінің өкілімін» деп санайсыз ба?

– Балалар әдебиеті өкілдерімен аралас-құралас болғаннан кейін балаларға арналған өлең, тақпақ жаза бастағаным рас. Бірақ өзімді «балалар әдебиетінің өкілімін» деп есептемеймін. Олай айтуға да ұяламын. Шын мәнінде, балаларға арнап жазу қиын екенін білдім. Бізге әлі көп ізденіп, көп нәрсе жазу керек. Мектеп оқушыларына не керек, соны өлең қылып түсіндіруге тырыстым. Бірақ бұрыннан жазып жүрген негізі тақырыбым тасада қалып қойған сияқты.

Ержеңіс Әбді
жеке мұрағаттан

– Мәселен...

– Еркін тақырыпта да қалам тербейтін едім. Бірақ оны жинақтап, баспадан шығарған жоқпын. Орта жолдан, дәлірегінде қажеттіліктен десем дұрыс болар, балаларға арналған өлең жазуға бет бұрып кеттім.

– Сіздің ертегі жазатын да өнеріңіз бар екен. Бұл балаларға қашан жол тартады?

– Иә, менде ертегі жазсам деген мақсат болды. Балаларға арнап өлең жинағым шыққаннан кейін ертегінің бір-екі нұсқасын жаздым. Ертегінің соңында баланы есеп шығаруға бағыттағым келді. Бұл бізде бар нәрсе. Қолға алып көрейін деп бастап едім, бірақ жалғастыру қиындау болды. Сол үшін де әзірге тоқтатып қойдым.

 – Жаны шығармашылыққа жақын адамның өмірі таңның атысы мен күннің батысына дейін мектептің ішінде өтіп жатқанына өкініш болмай ма? Тар ауқымда қалып қойдым деп ойламайсыз ба?

– Негізі адам қай салада жүрсе де, алдына мақсат қойса, бәріне үлгереді. Ал енді сылтау іздесе, жетіп артылады ғой. Әсіресе, балалар әдебиетімен айналысатын адам балалармен бірге жұмыс істеу керек. Сол тұрғыда мектепте жүргенімді артықшылық деп ойлаймын. Балаларға өлең жазып жүрген ақын балалармен көп кездеспесе, олардың психологиясы мен жан дүниесін білмесе, шығармасы да әсерлі шықпайды. Бәлкім, ол тек өзінің, туыстарының баласын ғана көруі мүмкін. Егер сол балалар әдебиетіне қалам тербейтіндер мектеп маңайында жүрсе, олардың еңбегі толыққанды, шынайы дүние болып шығар еді. Сондықтан мектепте жұмыс істеу шығармашылықпен шұғылданатын ақын-жазушыны тар шеңберде қалдырады дегенге келіспеймін. Бұл мектептегі ұсақ-түйек жұмыстан қашатын адамның сөзі деп айта аламын.

Жаңа туындыңызды алдымен кімге оқытасыз?

– Жазғанымды алдымен ақын достарыма оқытамын. Солардың бағасын аламын. Сыншыларым да – солар.

– Ақындық өнерге қаражаяу келген жоқсыз. Қайбір жылы республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін жеңіп алдыңыз. Үлкен айтысқа екінің бір жолдама ала бермейтіні тағы бар...

– Айтысты да мектеп қабырғасында жүргенде бастадым. 10-сыныпта оқып жүргенде аудандық деңгейде айтыс өтетін болды. Ол кезде бізге ақын ретінде қараған жоқ. Бірақ мектептен бір оқушы қатысуы керек деді. Әкем де аудан көлемінде аты шыққан ақын. Сөйтіп, әкемнің алқалауы және қолдауымен оқушылар айтысына қатысып, бас жүлде алдым. Одан кейін тағы да айтыс өтетін болса, әкем баптаған жүйрік ретінде жіберіп тұрды.

Осылайша, айтыскер ақындардың ортасына тап болып, додасына түсіп кеттім. Кейін жоғары оқу орнындағы студенттер айтысына да қатыстым. Университетті тәмамдап жатқан кезде Қызылорда қаласында Жалаңтөс Бахадүрдің 430 жылдығына арналған республикалық айтыс өтетінін естідім. Белгілі ақын Жүрсін Ерман бүкіл ақындармен келді.

 Сол кезде Қарағандының ақыны Айтбай Жұмағұловтың қарсыласы Әсем Ережеқызы белгілі себеппен келе алмай қалады. Сонымен, Айтбай ағаның қарсыласы ретінде алғаш үлкен айтыстың сахнасына шығып кеттім. Бұл айтыс сәтті шығып, халыққа да, әділқазыларға да ұнады. Сол айтыстан кейін Жүрсін аға мені өзінің тобына қосып, үлкен айтысқа жолдама берді. 2006-2010 жылдар аралығында барлық аузы дуалы, сөзі уәлі ақындармен айтысып шықтым десем болады.

Балалар әдебиеті
ғаламтордан

2022 жылы Қазалы ауданында Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы аясында «Шығыстың бұлбұлы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Оған Павлодар, Шымкент, Қызылорда қаласы, Түркістан, Ақтөбе облысы және Қазалы, Арал, Қармақшы аудандарының ақындары қатысты. Сол айтыста бас жүлдені қанжығаға байладым.

Әр адам өзінің шамасын біледі ғой. Сол сияқты айтыста да өз деңгейімді білемін. Айналып келгенде, бәрібір еңбекке кеп тіреледі. Бұған толыққанды жауап берсем, әлгінде айтқан өз пікіріме қарсы келуім мүмкін. Өйткені, мектепте мұғалім боп жүргенде көп айтысқа бара алмаған кезім болды. Сосын кей айтысқа дайындықсыз шыққан сәттер де жоқ емес. Оқушыларымның ата-анасының аманаты бар, ҰБТ-ға дайындықтан күтетін нәтиже бар дегендей. Соларды ойлап жүргенде кей шақырылған айтысқа тақалғанда дайындықсыз шыға салатынмын. Не нәрсеге тек еңбекпен ғана жетуге болады. Өз басым айтыста үнемі жүлде алып жүргендерді құрметтейтін тұсым – олардың еңбекқорлығы. Еңбектің арқасында жемісін қара сөзден көріп жүр. Ол жағынан кемшін түсетінімді білемін. Ал жақсы жағы – балалар әдебиетіне қалам тербеп жүргенім.

 – Білім ошақтарында ер мұғалімдердің үлесі аз. Қазір қалай? Жалпы, мектепте ер мұғалімнің көптігінің пайдасы неде?

– Ер мұғалімдердің саны аз екені рас. Меніңше, мектепте ер азаматтың ұстаздық еткенінің пайдасы көп. Оған бірнеше мысал келтіруге болады. Мәселен, баланы отбасында көбінесе анасы тәрбиелейді. Ал әкесі бала-шағаны асыраудың қамымен түзде жүреді. Ал толық емес отбасында бала екі бастан анасының қасында. Ол бала балабақша мен мектепке барғанда тағы да әйелдерден тәрбие алады.

Содан ба екен, қоғамда боркемік ұлдардың өсіп келе жатқаны жасырын емес. Мектепте қатты сынап жіберсе, көп тапсырма берсе, оны орындауға қиынсынып тұратын ұлдар бар. Соларға қарап әкенің, ер мұғалімнің жетіспей тұрғанын біліп, іштей қынжыласың. Кейде мектепте келеңсіз жағдай болып, тәртіпсіздік, әлімжеттік болса соның бәрі мектепте ер мұғалімнің аздығынан деп ойлаймын. Егер мектепте ер мұғалім көп болса, оған айбар болады, әке рөлінде жүреді.

 Айналып келгенде, ер жігіттердің өзіне тиеді таяқтың бір ұшы. Олар бүгінге дейін мектеп жұмысын қиынсынып, мұғалім болудан қашып келді. Себебі, бір кездері ұстаздың жалақысы аз еді. Қазір соңғы екі-үш жылда мұғалімнің жалақысы екі есеге артты. Содан кейін педагог мамандығына, мұғалімдік қызметке келіп жатқан жігіттердің қатары көбейіп жатқан сияқты. Оларды жұмысқа қабылдау кезінде аудандық, облыстық білім бөлімдері, басқармасы тарапынан қолдау болуы керек.

 – «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, шәкірттеріңіз мектепке «Бүгін Ержеңіс ағайдың сабағы ғой» деп қуанып келе ме?

 – Әрине, оқушыларымды жақсы көремін, олар да солай. Дәл сол есеппен өрілген өлеңдерімнің арқасында жетістікке жетіп жатыр дей алмаймын. Дегенмен, олардың есеп шығаруға деген құлшынысын оятуға септігі тисе керек. Кейде басқа мектептен шақырту түседі. Сондай кезде оқушыларымның пікіріне бола қалып қойған кезім көп болды. Басқа сыныпқа ауысамын десем, жібергісі келмейді. Ата-аналар да «Балалар сізге үйреніп қалды» деп қалуымды сұрайды қиылып. Бұлай деуге себеп, өзім әркез оқушымен тікелей қарым-қатынаста боламын. Математика пәні бірыңғай есеп шығару болған соң, кейде оқушылар түсінбей қалады. Маған хабарласып немесе жазып кез келген уақытта сұрай алады. Бәлкім, сондай жақындық болғаннан шығар, оқушыларым да жақсы көреді деп ойлаймын.

 – Алдағы уақытта балалар әдебиетінің қоржынын қандай дүниемен қампайтасыз?

 – Ешқашан осы уақытта мынандай дүние жазуым керек деген нақты жоспар құрған емеспін. Жазып жүрген дүнием жобаға келіп, кітап етіп шығардым. Өзіме қалай қолайлы, қалауымды жасап жүрген адаммын. Үлкен мақсат қойып, соған жету үшін тырбанып жатқан жоқпын. Отбасыма көңіл бөліп, жұмыста да өзімнің оқушыларыма, ата-аналарға берген уәдемді орындауға тырысамын. Алдағы уақытта есеп өлеңдерімді тағы да жаңартып, жаңа дүниелер жазу ойымда бар. Бірақ ол жақын аралықта емес. Бұл да уақытты талап ететін оңай шаруа емес.

– Сұхбатыңызға рақмет! Қаламыңыз қуатты болсын!