5 Ақпан 16:21

Үй дауы: «Екі түйе» сүйкенсе, үлескер «өледі»

Фото:

Алматының қақ төріндегі, Гоголь көшесінің бойындағы тұрғын үй төңірегінде үш жылдан бері дау өршіп тұр. Ғимаратты үлескерлердің ақшасына салған компания «үйдің бір бөлігін әлдекімдер жалған құжат жасап сатып жіберген» деп отыр.

«Asia Prom Resources» ЖШС осыған байланысты полиция мен прокуратураға бірнеше мәрте шағымданған. Бірақ әркез тергеу сиырқұйымшақтанып кетуде. Компанияның заңгері Жұмахан Айтмұрзаев тергеу барысында жүргізілген сараптама нысанның жалған құжатпен 5 миллиард теңгеге сатылып кеткенін растағанын айтады. Соған қарамастан үш жылдан бері тергеу жұмыстары «Баяғы жартас – сол жартастың» кебін киген.

Заңгердің айтуынша, даудың басы 2018 жылдың 12 наурызында компания құрылтайшысы ауысқан кезден басталыпты. Компанияның жаңа иесі, Ресей азаматы Анна Грипп бірден өзін бас директор етіп тағайындаған. Сол кезде Гоголь көшесіндегі құрылысы аяқталған тұрғын үйдің құжаттарын рәсімдеуді Айымбек Қожаназаров дейтін заңгерге тапсырған. Тіпті қолы қойылып, мөр басылған бірнеше таза парақ та беріпті. Бұл құжаттар құзырлы органдарда тіркеледі, ғимаратқа нөмір беру үшін Алматы қаласының жоспарлау және урбанистика басқармасына өтініш жазылады.

«Кейінірек маусым айында заңгер Қожаназаров компания басшылығына ғимаратқа меншік құқығын беретін құжаттың барлығын өзінен Борис Чен есімді азаматтың тартып алғанын айтады. Біздің қызметкерлер тексере келе, компанияға тиесілі нысандарды сату туралы бірнеше сату-сатып алу келісімшартына қол қойылғанын анықтады. «Asia Prom Resources» компаниясының атынан құжатқа Ақан Башиков дейтін адам қол қойған. Ал ондай азамат бізде ешқашан жұмыс істемеген», – дейді Жұмахан Айтмұрзаев.

Сатқан кезде Башиков компанияның жалғыз құрылтайшысы Анна Грипптің сенімхатын және компания иесіне 4 млрд 849 миллион теңгені бергені туралы хатты көрсеткен. Ең қызығы, бұл келісімді Башиков пен Грипп 2018 жылдың 16 наурызында жасады делінгенімен, құжаттарда пәтерлердің, паркинг, коммерциялық алаңдардың тек 8 маусымда ғана бекітілген нөмірлері тұр.

Мұны естіп айран-асыр болған компания қызметкерлері Мәскеуде жүрген Анна Грипптен мән-жайды сұрайды. Құрылтайшы Башиков дейтін адамды мүлде танымайтынын, оған ешқандай сенімхат бермегенін айтады. Сол себепті компания өкілдері 2018 жылдың шілде айында полицияға алаяқтық туралы арызданады.

Бұл іс бойынша тергеу басталмай жатып, Башиков тергеуді тоқтату туралы сотқа шағымданады. Судья Жарылғасова істі қысқарту жайлы үкім шығарады. Бұдан кейін Башиковтың үстінен енді алданған клиенттер арызданған. Өйткені заңгердің сөзінше, бұл азамат үлескер сатып алған бірнеше пәтерді біреулерге сатып жіберіпті.

«Asia Prom Resources» ЖШС-на пәтердің ақшасын құйған және қолында оны растайтын құжаты бар үш адам өздерінің мүлкін әлдекімдер сатып алғанын біледі. Олар да алаяқтық туралы шағым түсіреді. Олардың біреуіне Башиков бірден пәтерін қайтарып берген соң, ол арызын қайтарып алады. Ал қалған екі азамат Башиковты жауапқа тартуды талап етуде. Полиция департаменті әлгі құжаттарды тартып әкетті деген Борис Чен есімді адамның кеңсесін тінткен кезде, сол жерден Анна Грипптің қолы қойылған бірнеше таза қағаз бен компанияның мөрі табылды. Бұдан артық қандай дәлел керек?», – дейді компанияның өкілі Жұмахан Айтмұрзаев.

Кейін құрылтайшының шешімі жазылған, қолы мен мөрі қойылған қағаз бен «құрылтайшы берді» делінген сенімхаттың қағаздарын тексергенде олардың әртүрлі екені анықталған. Бірақ тергеу соты бұл таза азаматтық-құқықтық дау деген уәжбен тергеуді жалғастыруға тыйым салыпты.

Медеу ауданының азаматтық соты Башиков қол қойған сату-сатып алу келісімшартын заңсыз деп тану туралы арызды қабылдамаған. «Тіпті дау болған құжаттарды сараптамаға жіберу туралы ұсынысымызды қанағаттандырудан да бас тартты» дейді заңгер. Осылайша бір сот мұны қылмыстық іс емес деп азаматтық сотқа жіберсе, азаматтық сот бұл жерде ешқандай заңсыздық жоқ деген уәжбен істі тығырыққа тірейді.

«Бұл компанияда бір күн де істемеген Борис Чен кейін сотта кезінде компанияға 8 миллион доллар бергенін, сол ақшаның өтеуі ретінде Башиковқа сенімхат жазылғанын мәлмдейді. Дәлел ретінде көрсеткен ақша бергені туралы қолхатта Чен емес, Омаров дейтін адамның аты тұр. Және ол жерде компанияның есепшотына коммерциялық алаң үшін 305 миллион теңге берілгені туралы  жазылған. Біз осыны айтып тағы да полицияға арыздандық. Сол кезде Жарылғасова есімді судья тағы да араласып, тергеуді тоқтатып тастады. Ал тергеу сотына күдікті ретінде танылмаған, біз үстінен арыз жазбаған осы Чен шағымданған», – дейді заңгер.

Ең қызығы Алматы қаласының прокуратурасы да бұл істе қылмыстың құрамы жоқ деген сот тұжырымымен келісе кеткен. Құзырлы органдар құжатқа қойылған мөр де қолдан жасалған деген сараптама қорытындысын ескеруді жөн деп таппапты. 

«2019 жылы полицияға енді «Asia Prom Resources ЖШС»-ның бұрынғы бас директоры Нұрлан Мәдиев арызданады. Өйткені Башиков пен Чен Омаров дегеннің атынан 2014 жылы компания есепшотына 8 миллион доллар аударылды деген қолхат көрсетіп отыр емес пе? Ол жерде Мәдиевтің де қолы тұр. Ал бұрынғы бас директор Ченнен де, Омаровтан да ондай ақша алмағанын, ондай қолхатқа қол қоймағанын айтуда. Қылмыстық іс қозғалып, соның аясында екі бірдей сараптама жасалғанда құжаттағы қол Мәдиевтікі емес екені расталды. Демек бұл құжат та жалған! Ол аз десеңіз, сараптама барысында 2014 жылы жасалды деген құжаттағы мөрдің 2015 жылы қойылғаны белгілі болды», – дейді Жұмахан Айтмұрзаев.

Бірақ бұл тергеу ісі де көп ұзамай тоқтап қалыпты. Алматы қаласының прокуратурасы да, тергеу соты да кезекті мәрте қылмыстық іс заңды түрде қысқарған деп тұжырады.

Қаншама құжаттың қолдан жасалғанын тергеу сараптамасы дәлелдеп берсе де, қылмыстық істің сотқа жетпегені былай тұрсын, тергеу сотының пәрменімен қысқарып қалғаны қалай деген заңды сұрақ туады. «Asia Prom Resources» ЖШС өкілдері компанияның мүлкін бөтен адамдар қылмыстық жолмен, алаяқтықпен иемденіп кетті, бірақ бұған құзырлы орган өкілдері көз жұмып қарауда деп санайды. Полициядан, соттан, прокуратурадан әділет таппаған компания өкілдері енді кімнен араша, шындық сұраймыз деп жыларман. Екі ортада компанияға ақшасын салып баспана аламыз деп үміттенген үлескерлер де әділдік іздеп шырылдауда.

Тегтер: