2 Мамыр 11:19

Талдықорғанда майлы дақылдарды өңдейтін зауыт ашылды

Фото:

Агроөндірістік кешен күнбағыс, жүгері, майбұршақ, рапс сынды майлы дақылдарды өңдейді. Индустриялық аймақтағы 18 гектарды алып жатқан кәсіпорынды ашуға жалпы құны 5 млрд 800 млн теңге жұмсалған.

Алматы, NEGE. Талдықорғанда тәулігіне 400 тонна күнбағыс майы шығарыла бастады. Өндіріс орнының іске қосылуымен аймақтың 42 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды.

Зауыт қазір шикізатты Шығыс Қазақстан облысы мен Ресейден тасымалдап отыр. Алдағы уақытта жергілікті шаруалармен келісімшартқа отырып, Жетісу жерінде өсірілген дақылды өңдемек. Өнім отандық нарыққа шығарылады. Агроөндірістік кешеннің бас директоры Сергей Симонов: "Өндірілген өнімге отандық нарықта сұраныс көп. Сондықтан осы бағытта жұмыс істейміз. Болашақта Қытайға экспорттау жоспары бар. Зауытты осы жерде салуымыздың себебі, индустриалды аймақта кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Яғни, темір жол, су, электр, кәріз жүйелері тартылған. Жол салынды. Газы да бар. Сондықтан осы жерді таңдадық" деді.

Агроөндірістік кешен индустриалды аймақта ашылған алғашқы кәсіпорын. Жыл соңында дейін бұнда 6 өндіріс орны жұмыс істейтін болады. Соның екеуі инвестициялық жоба болып есептеледі. Ағымдағы жылы облыс бойынша 70-тен астам инвестициялық жоба жүзеге асуда. Олардың ішінде Кербұлақ ауданында «Алацем» цемент өндіретін зауыты, Панфилов ауданында комбикорм өндіретін зауыт. Ұйғыр ауданындағы құс фабрикасы жоспарлануда. Алматы облысында осындай 6 индустриалдық аймақ бар. Алдағы алты жылда онда 240-тан аса кәсіпорын ашу жоспарланып отыр.

Тегтер: