Бишімбаевтың соты: Байжанов қоңырау шалған дәрігер сотта куәгерлік етті
Астананың мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтіру ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.
Астана, NEGE. Бүгінгі сот отырысында Бақытжан Байжанов көмек сұрап, қоңырау шалған дәрігер Ерсұлтан Сәрсенбаев сотта куәгерлік етті.
Ерсұлтан Сәрсенбаев «Материнство детства» орталығында дәрігер болып жұмыс істейді. 2023 жылы қазанда қосымша табыс табу үшін BAU мейрамханасының бір бөлігін жалға алып, кальян шегетін орын ашқан.
Бақытжан Байжанов одан көмек сұрамақ болып қоңырау шалған. Ол дәрігерге аға-жеңгесінің түнімен ішімдік ішкенін айтқан. Байжанов Сәрсенбаевтан: «Ішімдік ішкен адамның ұзақ уақыт ұйықтауы мүмкін бе?» деп сұраған. Екінші рет сөйлескенде дәрігер Сәрсенбаев Байжановтан Нүкенованы тексеруге мүмкіндігі бар-жоғын сұраған. Алайда Байжанов VIP кабинаға кіре алмайтынын айтады. Содан кейін Сәрсенбаев мемлекеттік немесе жеке жедел жәрдем шақыруға кеңес береді.
Байжанов дәрігердің ұсынысын Бишімбаевқа жеткізеді. Бишімбаев Салтанаттың ұйықтап жатқанын және күту керек екенін айтады. Кейін шымкенттік көріпкелге телефон соғып, «шаршап қалған, оянады» дегенін естіп тынышталады.