28 Қазан 16:12

Пенжімдегі төбелес: «Бұзақылық» па, әлде «ұлтаралық қақтығыс» па?

Фото:

Алматы облысынан тағы да ши шықты. Панфилов ауданына қарасты Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасында болған жаппай төбелес әлеуметтік желіге тарап кетті. Қазақ пен ұйғыр ұлты арасында жиі болып тұратын «бұзақылық төбелес» неден шықты? Билік әрдайым дәл осылай баға беретін Ұйғыр және Панфилов ауданындағы оқиғалардың ауық-ауық тіркелуіне не себеп?

Полиция ақпаратына сүйенсек, 27 қазанда Панфилов ауданындағы орталық ауруханаға дене жарақатымен 16 жастағы оқушы жеткізілген. Тексеріс кезінде 9 және 10-сынып оқушылары арасында ерегес туып, төбелес болғаны анықталды.

«Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Жанжалға қатысушылардың бәрі анықталды. Қазіргі уақытта зардап шеккен баланың жағдайы тұрақты, қажетті медициналық көмек көрсетілген».

Тақырыпқа орай:   Алматы облысында жаппай төбелес болды

                                 Ұйғыр ауданы: Баталов НЕГЕ уәдесінде тұрмайды?

                                 Ұйғыр ауданындағы төбелес ұлтаралық қақтығыс па?

Дәрігерлердің айтуынша, 2005 жылы туған жасөспірім Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханаға түскен. Ол мидың ауыр жарақатын алған, оған екінші не үшінші дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылған.  

Осы оқиғадан кейін Пенжім ауылына жеткен бір топ билік өкілі жергілікті тұрғындармен жиналыс өткізді. Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев бастаған әкім-қаралар жиналған жұрттың пікірін тыңдап, басу айту үшін ертіп келген қоғам қайраткерлері мен ақындарға да сөз берді.

Т.Өмірәлиевтің айтуынша, бұдан астар іздеудің қажеті жоқ, бұл – жай ғана бұзақылық әрекет.

«Розыбақиев атындағы мектепте балалар төбелесіп, бір бала жарақат алды. Ол баланың жағдайын көріп шықтым. Түнде ота жасалыпты. Басындағы гематоманы алып тастады. Бұл жерде ешқандай ұлттық мәселе жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы штаб құрылды. Бұл жағдайдың болуына не алып келді? Бәрін тексереміз. Ауылдың азаматтарын жинап, пікірін біліп жатырмыз», – деді «Азаттық радиосына» берген пікірінде.

Сондай-ақ, 27 қазанда сағат 20:00-да 102 қызметіне Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасындағы төбелеске қатысқандардың бірі тұратын үйдің жанына 30 шақты адам жиналғаны туралы ақпарат түскен. Олар бірнеше жеке тұрғын үй мен бірнеше көлік құралының терезесін сындырған. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі (топтасып жасалған бұзақылық) бойынша іс қозғалды», – деп жазылған полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Мұнымен қоса Пенжім ауылындағы жеке меншік үй өртенгені туралы хабар да тараған еді. Алайда, Панфилов ауданының әкімі өрт шыққан үйдің бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін жеткізді.

«Бұл өрт дәл осы оқиғамен қатар болып тұр. Ал түнде ешқандай төбелес болған жоқ. Жастарды түнгі 12-ден асқанда тарқаттық. Енді олар қамауға алына ма, жоқ па, мұнымен полиция айналысады», – деді аудан әкімі.

Nege.kz тілшісі Алматы облысы полиция департаментіне хабарласты.

«Сағат 22:45-те Панфилов АПБ кезекші бөліміне Педжим кентіндегі жаңа салынған үйлер орналасқан жердегі үйден өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түсті. Өрт орнына аудандық полиция бөлімі мен ТЖБ кезекші нарядтары келді. Үй иесінің айтуынша, өрт пеш жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан орын алған. Сағат 23.30 шамасында өрт ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Бұл өрттің болған оқиғаға еш қатысы жоқ», – деп мәлімдеді баспасөз қызметінің өкілі.

Сонымен, Панфилов ауданына қарасты Пенжім ауылында 12 мың тұрғын бар. Оның 7 мыңдайы – қазақ, 5 мыңдайы – ұйғыр. Негізінен көкөніс өнімдері, жүгері шаруашылығымен айналысады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, екі ұлттың арасындағы қақтығыс жиі болып тұрады екен.

Жиналыста сөз алған тұрғын: «Бірінші рет емес, үшінші рет қайталанып отыр. Дәл осы іспеттес оқиға 2009 жылы да болды. Сол кезде біраз жігіттер «Енді бұлай қайталанбайды» деп уәде берген. Ол кезде ешкім сотталған жоқ. Ал мына оқиғада соққыға жыққан бала жазасын алсын. Қазір тоқтату керек, ертең мұның арты қиын болады. Қысқасы, қазақтың құқын таптайтын бапты алып тастауды сұраймын. Бұл тәртіпсіздікті қазақ бастаған жоқ. Отбасында ата-ана баласына дұрыс тәрбие беру керек», – деді ашынып.

Тағы бір тұрғынның пікірінше, қордаланған мәселені қазір шешіп алмасақ, ертең бітеу жара жарылады.

«Ұйғыр халқының өкілдері, балаңа «Сен ұйғырсың» деп емес, «Сен қазақстандықсың!» деп үйрет. Балаларыңды дұрыс тәрбиеле! Жастардан бұрын, әкімшілік пен мектеп ұйғыр халқын басқа шығартпай, бір саты төмен екенін айту керек еді. Қай мемлекетте тұрып жатқандарын білсін. Біз 30 жылдан бері ұлтаралық татулық дегенді насихаттап келеміз. Біз елімізде үстем болмасақ та, басқа ұлттарға өсуге мүмкіндік беріліп отыр», – деген ойын жасырып қалмады. Ол жергілікті ұйғыр өкілдерінің ішкі саясатына да күмән көзбен қарайтынын айтып қалды. Ол тағы былай деді:

«Юлдаш деген азамат бар. Сол кісінің ұйымында өңкей ұйғыр ғана жұмыс істейді. Бірде-бір қазақ жоқ. Басқа да ұйғыр ұлтының кәсіптік ұйымдарында бір қазақ бар ма екен? Олар неге қазақтармен жұмыс істемейді? Себебі, жолатпайды. Тағы қайталап айтамын, «Ұйғыр халқы ішкі саясаттарыңызды дұрыс жүргізіңіздер! Баланы бесіктен тәрбиелеңдер! Ал осы тұрғыда ішкі саясатты жүргізіп отырған биліктегілер зерттеу жүргізу керек деп есептеймін».

Мұны тыңдап отырған Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев те сөз арасында еліміздің ішкі саясаттағы жұмысының кемшін жағы бар екенін жасырмайтынын жеткізді. Осы кезде ортағы шығып сөйлеген ұйғыр ұлтының өкілі: «Бізге бар мүмкіндік беріліп отыр. Ұйғыр ұлты бір саты төмен екенін білуі тиіс. Біз жастарға, балаларға қай жерде тұрып, қай елдің суын ішіп жүргенін әркез айтуымыз керек. Бізге Елбасы бар жағдайды жасап берді. Біз сол үшін өзімізді бақытты санауымыз керек. Ұйғыр қазақтан бір саты төмен дегенге намыстанбауымыз керек. Отбасында, мектепте осы мәселеге қатысты жұмыс жүргізуіміз керек», – деді.  

Дәл осындай «бұзақылық әрекеттің» болып тұрғаны бүгін ғана емес. Бұған дейін Алматы облысының бірқатар елді мекенінде тіркелген оқиғалардың жай-жапсарына, түп-тамырына тереңірек үңілдік пе?

Он жыл бұрын Малыбайда ұйғыр азаматтардың қолынан қаза тапқан қазақ жігітінің өлімі, одан бергі жазда болған Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылындағы қазақ, ұйғыр жастарының арасында төбелесте 5 жігіттің пышақ жарақатымен ауруханаға түсуі... Егер мұның бәрін «ұлтаралық кикілжің» деуден қашқақтасақ та неге жергілікті халық бір-бірімен соншалықты араз? Қашанғы «жабулы қазан» жабулы күйде қала береді? Осы мәселенің бәріне нүкте қоя алмай отырған өзіміз емес пе?

Талай уақыттан бері күн тәртібінде тұрған Ұйғыр ауданын өзгерту туралы халықтың ұсынысы неге қолдау таппады? «Аудан атауын өзгерту мәселесін жоғарыға жеткіземін» деп уәде берген Баталов: «Біріншіден, сайлау науқаны басталайын деп жатыр. Сайлаушылардың тізімін, сайлау учаскелерін нақтылап қойдық. Сондықтан көшелерді де өзгерте алмаймыз. Қазір сайлаушылардың мекен-жайын өзгертуге болмайды. Содан кейін бұл мәселеге келеміз», – деген. Одан бері сайлау да өтіп, күз де келді.

Баталовтың әлі де мүмкіндігі бар. Егер жоғарыға Ұйғыр ауданының атын өзгерту туралы ұсыныс айтуға Баталовтың батылы жетпесе, «мақтаулы әкім» деген жарнамасын «жалған әрі бос мақтау» деп қабылдаймыз! 

Тегтер: