17 Маусым 19:04

Ұйғыр ауданындағы төбелес ұлтаралық қақтығыс па?

Фото:

Алматы облысы Ұйғыр ауданында қазақ, ұйғыр жастарының арасында төбелес болып, 5 жігіттің пышақ жарақатымен ауруханаға түскені туралы ақпарат тараған болатын. 

Nege.kz сайтының тілшісі оқиғаның жай-жапсарын білмекке, Шонжы ауылының тұрғынына хабарласқан болатын. Тұрғынның айтуынша, ауыл жастарының арасында бұндай төбелестер жиі болып тұратын көрінеді. Төбелескен жігіттер Шонжы және Бахар ауылының 1999-2000 жылы туған азаматтары екені белгілі болды.

Оқиғаға қатысты Ұйғыр ауданының әкімдігіне және Шонжы мен Бахар ауылдық округтерінің әкімдіктеріне тілшіміз хабарласқан еді. Алайда әкімдік өкілдерінен жауап болмады. 

Осы жағдайдан кейін облыс әкімнің өзі Ұйғыр ауданына ат басын бұрып, тұрғындармен шұғыл жиын өткізгені туралы кейбір БАҚ хабарлаған. Алайда, облыс әкімі Амандық Баталовтың бұл сапары аталған оқиғамен байланысты емес екен. Мұны Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелден сұрап білдік. 

«Негізі облыс әкімінің Ұйғыр ауданына баруы аталған оқиғамен байланысты емес. Ол алдын-ала жоспарланған екі күндік кезекті жұмыс сапары болатын. Алайда ол осы оқиғаға тура келді. Облыс әкімі жиын өткізген болатын. Жиын барысында оқиғаға қатысты мәселе де көтерілді. Қазіргі таңда жарақат алған 5 адам ауруханада жатыр. Олардың екеуі жеңіл жарақат алғандықтан, үйлеріне қайтарылды", – деп жауап берді облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Төбелес шығарғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабының 4-бөлімі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс құзырлы органдардың назарында. Әкіммен өткен жиында сөз алған аудан ақсақалдары бұл оқиғадан ұлтаралық қақтығыс іздемеуді айтқан. 

«Жалпы жиын барысында ақсақалдар атап өткендей, жастар арасындағы төбелестен ұлтаралық қақтығысты, не болмаса басқа да саяси астарды іздеудің қажеті жоқ. Ол 1999-2000 жылы туған азаматтардың бұзақылық әрекеті. Оны тұрғындардың өзі осылай атап отыр. Бұл жерде оқиға жолға таласудан басталған. Қиылыстан бір-бірін өткізбеген жастар араздасып қалған. Қазір іс құзырлы органдардың қолында. Төбелес шынымен де қазақ және ұйғыр жігіттерінің арасында болған. Бірақ бұл жай ғана бұзақылық әрекет. Осы оқиғаға себепкер азаматтар заң бойыңша тиісті жазасын алады», – деді Ғалымұрат Жүкел.

Облыс әкімдігінің баспасөз хатшысының айтуынша, қазір Амандық Баталов «Жұмыспен қамту», «Жол картасы» аясында белгіленген жұмыс жоспары бойынша аудандағы нысандарды аралап жүр.

Тегтер: