23 Қараша 20:32

Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы Еуроодақ сертификатын алды

Фото:

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы Еуроодақ сертификатын алды, – деп хабарлайды әуе айлағының баспасөз қызметі. 

Алматы, NEGE. Елордалық әуежай Еуропалық Одақ елдерінің аумағына авиациялық жүк тасымалдарын жеңілдетілген ұйымдастыру үшін қажетті шарт болып табылатын RA-3 (Regulated Agents Third country) сертификатын ресімдеу процесін аяқтады.

Сертификат кез келген авиакомпанияларға авиациялық қауіпсіздік бөлігінде қандай да бір шектеусіз астаналық әуе айлағы арқылы ЕО елдеріне жүк тасымалдау құқығын береді. RA-3 сертификаты сонымен қатар елордалық әуежайдың жүк терминалында жүктерді өңдеу процесі жүктердің барлық түрлері үшін Еуропалық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келетінін растайды.

«RA-3 мәртебесінің болуы көріністі толығымен өзгертеді: осы сәттен бастап ЕО елдеріне жүк тасымалдау құқығын барлық әуетасымалдаушылар автоматты түрде пайдалана алады, бұл кез келген (соның ішінде Еуропалық) әуекомпанияларға елордалық әуе қақпалары арқылы операцияларды еркін орындауға мүмкіндік береді», – деді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов.

Қазір Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы осындай сертификатқа ие Қазақстандағы жалғыз әуежай.

Тегтер: