Көз іші қатерлі ісігіне шалдыққан балаларға арнайы операция жасалатын болды
Министрлік ретинобластома диагнозы қойылған балаларға селективті химиотерапия жасайтын болып шешті.
Алматы, NEGE. Қазір олар тарифтерді бекітіп жатыр. Ізін ала квота арқылы науқастарды тегін емдеуге кіріседі. Әлихан қазір 4 жаста. Ес білгелі осы. Аурухана жағалаумен келеді. Дәрігерлер балпанақтай баланың көзін тұрақты түрде тексеріп отырады. Кезінде жанарын аман сақтап қалуға да болар еді. Тек ата-анасы қажет қаражатты жинап үлгермеген. Сөйтіп, баланың бір көзін ойып алып тастауға тура келді.
Қазір елде осындай ауруға шалдыққан 300-ге жуық бүлдіршін бар. Жыл сайын кемі 15 балаға ретинобластома диагнозы қойылады. Емдеудің жалғыз жолы – селективті химиотерапия. Біздің елде ондай операция жасамайды. Тек шетелде. Ал ондағы баға аспандап тұр.
Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Алуа Әубәкірова: "Ресейде бір продецураға шамамен 500 мың рубль кетеді. Ал Швейцария бір емге 60-70 мың доллар сұрап жатыр" дейді. Ресейлік мамандар осыдан 2 жыл бұрын біздің елге келіп, 4 балаға операция жасап кеткен. Қазір сол бүлдіршіндер шапқылап жүр. Нәтижесін көрген соң, селективті химиотерапияны біздің елде де жасайтын болып шешіпті. Тіпті министрлік клиникалық хаттамаға енгізген. Бірақ 2 жылдан бері сол мәселе сиырқұйымшақтанып келеді. Нақты шешім қабылдауға ешкім асықпай отыр. Бертінде ғана белгілі болды. Биылғы жылдан бастап көп күттірген операция ақыры өз елімізде жасалатын болыпты.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы Риза Боранбаева: "Биылғы жылдан бастап біз бұл терапияны өз елімізде жасайтын боламыз. Қазір министрлік тарифтерді бекітіп жатыр. Содан кейін ресейлік мамандар келіп, тағы бір шеберлік дәрісін өткізеді. Ізінше, бірден селективті химиотерапия жасауға кірісіп кетеміз" деді.
Мемлекет көз іші қатерлі ісігін тегін емдемек. Ол үшін науқас балаларға квота бөлінеді. Операцияны көктемнің соңына қарай жасауға кіріседі. Ал әзірге ретинобластомамен ауыратын балаларға жалпы химиотерапия қабылдай тұруға тура келеді.