Экономикалық қылмыстарды декриминализациялау бойынша Мәжілісте талқылау өтті
«Экономикалық қылмыстарға қатысты заңдардың бірқатары заман талабына сай емес», – деп есептейді заңгерлер. Кеше Мәжілісте экономикалық қылмыстардың кейбірін декриминализациялау бойынша талқылау өтті.
Экономикалық заң бұзушылыққа қатысты заң жобасында бірқатар түзетулер мен өзгерістер қарастырылған. Олар – экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау және салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ тетігін енгізу. Заң жобасы аясында Қылмыстық Кодекстің төрт бабын қылмыстық сипаттан арылту қарастырылған.
Кредитті заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану бойынша қылмыстықтан әкімшілік заңбұзушылыққа ауыстырмай толықтай декриминализациялау, сондай-ақ, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасын бұзу туралы Қылмыстық кодексті Әкімшілік кодекске ауыстыру арқылы ішінара декриминализациялау қарастырылып отыр. Экономикалық контрабандаға қатысты және кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару бойынша баптарды әкімшілік заңбұзушылыққа ауыстырмай қылмыстық сипаттан арылту ұсынылып отыр.
Анықтап айта кетсек, қылмыстық жауапкершіліктің басталу шегі аса ірі мөлшерге дейін көтеріледі. ҚК-нің 234-бабы бойынша, шегі 10 000-нан 20 000 АЕК-ке дейін, ҚК-нің 236-бабы бойынша 5 000-нан 10 000 АЕК-ке дейін көтеріледі.
Заңнама және сот-құқықтық реформа Комитетінің төрағасы Снежана Имашеваның айтуынша, кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау заңнаманы ізгілендіру мақсатында жасалып отыр.
– Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бүкіл заңнама сипатындағы репрессивтіліктің төмендеуін білдіреді, бұл біздің қоғамның қазіргі кезеңдегі мүдделері мен талаптарына сәйкес келеді. Бұл түрмедегі адам санын азайту саясатын қарастырумен ғана байланысты емес, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жаза қолдану мүмкіндігін көздейді, – деді депутат.
Адвокат Дмитрий Куриченко экономикалық заңнама бойынша тіпті үстінен іс қозғалып, қамауға алынған адамдарды қылмыскер деп есептемейтінін айтты.
– Қылмыстық кодекстің 197-бабын қылмыс деп есептемеймін, есептеген де емеспін. Бірақ қазіргі уақытта бұл бап бойынша 733 адам қамауда отыр. Бұл іс бойынша 2500 арыз түскен, бірақ түгелге жуығы тоқтатылды. «Онда неге іс қозғалды, кейін оны тоқтату үшін бе?» деген сұрақ туындауы орынды.
Бұл жерде жемқорлыққа белгілі бір деңгейде жағдай жасалған деп есептеймін. Заң жобасы мұнай өнімдерін алу, игеру, сақтау және тасымалдау үшін шығу тегінің заңдылығын дәлелдейтін құжаттың болмауына қатысты. Бұл жерде шекті меже жоқ. 2015 жылы заңға өзгеріс енгізген кезде шекті межені алып тастаған.
Жарайды, шекті межені айтпай-ақ қояйық, яғни егер сіз канистраны багажда немесе қоймада сақтасаңыз немесе үйді жылыту үшін аулаңызда цистерна көмілген болса, әрине сізде құжат болмайды ғой. Себебі ол қандай құжат екенін ешкім білмейді. Сондықтан бүгін құзырлы органдар, Энергетика министрлігі мен Қаржы мониторингі агенттігі өкілдерімен бірігіп, шығу тегін анықтайтын құжат туралы заң әзірлеп жатыр. Ал 2011 жылдан бері адамдарды не үшін қамады? Қандай құжаттың болмағаны үшін? Және құжаттың болмауы неге қылмыс деп есептеледі?, – дейді адвокат.