27 Ақпан 10:52

Кредит алып баюға бола ма?

Фото:

Қазақстанда кредит алып байыған адамдар аз емес. Көбісі өз жағдайларын гиперинфляция дәуірінде, яғни 1991-1998 жылдар аралығында жақсартып алды. Олардың банктен алған қомақты қаржысы бір жылдан кейін түкке тұрмайтын тиын болып қалды. Жекешелендіруге қатысқан, банктен алған кредиттерін пайдаланып зауыттар мен фабрикалар, ғимараттар мен түрлі нысандар сатып алуға үлгерген және оған батылдығы мен өресі жеткен азаматтар осы күндері мол байлыққа кенеліп отыр. Ал қазір ше? Ондай мүмкіндік бар ма? Nege.kz сіз бұған дейін білмей келген, кредиттен баюдың бар құпиясын ашпақ. 

Осы жолдардың авторы қазір құны жерге тимей тұрған пәтерлердің кезінде 500 долларға сатылмай тұрғанын да көрген еді. Қазір олар 50 мың доллар тұратынын ескерсек, 20 жыл ішінде пәтер 100 есеге қымбаттаған. Сондықтан, есіңізде болсын - кейін құны өсетін мүлік алуға жұмсалған несие қалай болғанда да сізге пайда әкеледі.  

1. Несиені пайда әкелетін бизнеске бағыттау

Қаржы саласы мамандарының айтуынша, егер сізге бизнес бастауға алғашқы капитал керек болса, және бизнестің ай сайынғы табысы несие пайыздарынан асатын болса, онда кредиттен қайыр бар. Және ең тиімдісі, мемлекет тарапынан теңгемен берілетін субсидияланған несиелер. Мысалы мемлекеттік "Даму" қоры арқылы небәрі жылдық 6 пайызбен несие алып, жұмысты дұрыс жолға қойып, ауқатты адамдардың қатарына қосылуға болады. Мұның бір артықшылығы, Қазақстандағы жылдық инфляция көлемі 5-7 пайыз деңгейінде екенін ескерсек, сіз алған несиенің үстемесі инфляциядан аспайды. Демек, қаржы сізге тегін берілген деп есептеуге болады. Ал сіз баюдың жолын таппай отырғанда, 80 мың адам мемлекет арқылы несие алып, кәсіптерін бастап кеткен. Олардың арасында сіздің жақындарыңыз, дос-жарандарыңыз бен көршілеріңіз де бар. Қазір жұмысы жүріп тұрған жандар, көз тимесін және артық бәсекелес келмесін деп, жан-жағындағыларға кіріс әкеліп тұрған өз кәсіби туралы ашып айта бермейді. Сондықтан, жұпыны көрінгенмен, сізден басқа айналадағылардың барлығы жар салмай-ақ жағдайын жасап алуы мүмкін.       

Фото: datification.org

2. Несиені кейін қымбаттайтын активке бағыттау

Ставкасы 5-7 пайыз, тек қана теңгемен берілетін мемлекеттік ипотекалар түбі сізді байыта алады. Теңгенің 20 жылда қалай құнсызданғаны көз алдыңызда. Экономика заңы өзгермейді. Ресми мойындалған 5-7 пайыздық инфляция бар. Тіпті, ресми болжам бойынша теңге 10 жылдан кейін 70 пайызға құнсызданады. Ипотекаға кететін шығын - тек басындағы 20% алғашқы жарна. Қалғанын жалға беріп, жалдаушының өзіне төлеттіре аласыз. Ал теңге дереу құнсызданып жатса, банк алдындағы қарызыңыз болмашы ақша болып қалмақ.

Фото: kt.kz

3. Тиыннан тиын құрау

Бұл әдіс сізді керемет байытады деп айта алмаймыз. Бірақ ай сайынғы шәй-пұлыңызды айыратын мүмкіндігі бар. Көп азаматтар мұны білмейді. Хош делік, ипотекаға пәтер алатын мүмкіндігіңіз жоқ, мемлекет көмегімен бизнес бастауға бір жағынан ерініп отырсыз, әрі қорқыныш та бар. Онда пайызсыз несиелер бойынша кірісті зерттеп көріңіз. Қазір көптеген банктерде кредит карталары бар. Олар бойынша пайызсыз несие мерзімі бар. Біздің банктерде ол мерзім шамамен 50 күнге созылады. Демек банк сізге 50 күнге пайызсыз несие береді, сіз осы уақытта оны айналдырып ала аласыз. Ол үшін банктердегі "мерзімсіз салым" деп аталатын депозит түрін қарастырсаңыз болады. Оған кез-келген уақытта ақша салып, оны шешіп ала аласыз. Жылдық ставкасы орта есеппен алғанда 9%. Бір айлық кіріс көлемі - 0,75%. Демек, банктен 1 миллион теңге пайызсыз ала тұрып, мерзімсіз депозитке бір ай орналастырсақ, 7500 теңге табыс таба аламыз. Егер отбасының әрбір мүшесі осы іске жұмылса, айлық табысты 75-100 мыңға дейін жеткізуге болады. Тек есіңізде болсын, банк сынды депозитке кепілдік беретін ресми ұйымдарға ғана қаржы салуға болады. Түрлі ломбардтар, қаржы ұйымдары, пирамидалардан аулақ жүру қажет. Бұл жағдайда, бар ақшадан айрылып қалып, қарызға белшеден батуыңыз мүмкін.

Фото: kapital.kz

Тегтер: