Империяның ыдырауы ҚазМұнайГаздың бөлшектенуі мемлекетке НЕГЕ тиімді?
"ҚазТрансОйл" мен "ҚазТрансГаздың" "ҚазМұнайГаз" қарамағынан "сытылып" шығып, дербес еншілес компаниялар ретінде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының "үйіріне" қосылуын сарапшылар "дағдарыста тұрған мемлекет үшін тиімді шешім" дейді. Бірақ ол халықаралық кредиттік ұйымдарды секемдендіріп алуы да ғажап емес.
"ҚазМұнайГазға" қатысты жасалған қайта құрылымдаудың басты мақсаты - компанияның экономикалық тиімділігіне қол жеткізу. Қайта құрудың есебінен біраз жұмыс орындарын босатуға болады", - дейді GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халық.
"Артық төленіп отырған бонустар, артық төленіп отырған жұмыс орындары, солардың барлығы реттелінеді. Демек, компания үшін бұл тиімді. Екіншіден, осындай шешімге әсер еткен саяси ықпалдар бар деп айтуға болады. Әрине, "Самұрық-Қазынаға" қатысты, жалпы квазимемлекеттік сектордағы шешімдердің барлығы саясатпен тікелей қатысты екенін өзіңіз де білесіз.
"ҚазТрансГаз" бен "ҚазТрансОйлды" "Самұрық-Қазына" қорына беру туралы ұсынысты Елбасымен кездесу барысында "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев көтерген болатын. Оның айтуынша, бұл басқару деңгейлерін азайтуға, ҚМГ IPO-ға шыққан жағдайда инфрақұрылымдық жобаларды мемлекет еншісінде сақтауға мүмкіндік береді.
"Осы екі компанияның табысына мұнай бағасының құбылуы әсер етпейді. Құбырлардан мұнай мен газ жіберу тарифтері өзгеріссіз қалып отыр. Сондықтан "ҚазТрансГаз" бен "ҚазТрансОйл" тұрақты кіріс таба береді. Бірақ олар бағынышты "ҚазМұнайГаздың" өзі қарызға белшесінен батып отырғандықтан, екі компанияның бар табысы жұтылып кетуде. Сондықтан оларды "Самұрық-Қазынаға" қарату арқылы, мемлекет табысты өзі алып отырғысы келеді" - дейді, экономист Расул Рысмамбетов.
"Бірақ, мәселенің екінші жағы да бар. "ҚазМұнайГаз" халықаралық кредиторларға қарыз. Компания "ҚазТрансГаз" бен "ҚазТрансОйл" түсірген кірістің көмегімен қарыздың біраз бөлігін жауып отыр. Сондықтан бұл шешімді кредиторлар болдырмай тастауы мүмкін".
Қазір "ҚазМұнайГаздың" қарызы 6 млрд доллардан асады. Қарызы былтырдан бері айтарлықтай төмендемеген. Табыстың EBITDA көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 43,7%-ға құлдырап кеткен.