Алексей Цой: жарты жылда 1772 адам пневмониядан көз жұмды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау министрі осындай мәлімет келтірді.
Алматы, NEGE. Жиында мемлекет басшысы министрден қазіргі елді алаңдатқан пневмония туралы және бұл сырқаттан қанша адамның қайтыс болғаны жөнінде сұраған.
Алексей Цой былай деді: «2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында пневмониямен тіркелгендер саны 98 546 адам болды, ал 2019 жылы 63 436 жағдай тіркелген. Яғни 55,4 пайызға өскен. Бұл цифрлар ресми емес мәліметтер бойынша әр медициналық мекемеде автоматты түрде көбейіп бара жатыр».
Ал пневмониядан көз жұмғандар туралы министр мынадай дерек келтірді: «Егер өткен жылғы жағдаймен салыстырсақ, биыл алты ай ішінде 1772 адам қайтыс болды. Ал 2019 жылы 1780 адам көз жұмған еді».
Сондай-ақ, Алексей Цой, өткен жылдың маусым айымен салыстырғанда, биылғы маусымда өлім көрсеткіші 2,3 пайызға артқанын айтты.