31 Наурыз 15:12

Білім ұясында Наурыз мейрамы тойланды

Наурыз мейрамы
Фото: ғаламтордан

Наурыз – жаңа күннің бастауы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы.

Алматы, NEGE. Самарқанның көк тасын жібітіп, Жер-Ананың төсіндегі тіршілік иелеріне қайтадан жан бітіретін бұл күн, біз үшін бәрінен айрықша. Бұл мейрамды күллі түркітілдес халқы тойласа да, қазақ халқының Наурыз мейрамын атап өтуі  өзіндік дәстүрімен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында «Ата-бабамыздан қалған салт дәстүрді жалғастырып, ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа сіңдіріп, жақсылыққа жетелеуіміз керектігін айта кетті. Осыған орай 28 наурыз күні №52 жалпы білім беретін мектепте «Қош, келдің әз-Наурыз!» тақырыбында ұлыстың ұлы күні атап өтілді.

Наурыз мейрамы
ғаламтордан

Мектеп ұжымынан «Ұлттық киімдер», «Ұлттық тағамдар», «Ұлттық аспаптар», «Ұлттық әшекейлер», «Ұлттық ыдыстар» ауылы құрылып, келген қонақтарға ұлттық бұйымдар таныстырылды.

Халқымыз Наурыз айында аулалар мен суат бастарына тал егіп, бұлақ көздерін тазалап, Табиғат-ананың тазалығына аса мән берген. «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы ұстанған.

Осыған байланысты мейрамды табиғат ананың рөлінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі С.Р. Баржықбаева талдарға ақ бүркіп, аластау рәсімін көрсетуден бастады. Ұлыстың ұлы күнінің негізгі нақышының бірі – Қыдыр ата образы.

Ұлыстың ұлы күні
ғаламтордан

Ертеректе қазақ халқы наурыздың 21-інде ен даланы Қыдыр ата аралап, ақ батасын береді дегенге сенген. Келесі кезекте Қыдыр атаны шақырып бата берілді. Қыдыр ата рөлін математика пәнінің мұғалімі Әніс Ш.Б. сомдады.

Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелетін күні. Осы бір көріністі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі В.Е.Темралиева Күн образында, тарих мұғалімі У.А. Джумадилова Ай образында шығып, ай мен күннің теңескенін көрсетілім арқылы түсінікті жеткізді.

Ұлыстың ұлы күні
ғаламтордан

Сондай-ақ, бір топ мектеп ұжымынан құралған бишілер тобы ұлттық би билеп, өнерін ортаға салды. Шаңырағымыз биік болу мақсатында Ақ шаңырағымыз көтерілді. Мейрам сауық-сайрансыз болмайтыны белгілі. Мектеп оқушылары да ән айтып, домбыраның құлағында ойнап, өз өнерлерін паш етті.

Бұл іс-шарада халқымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін, атап айтқанда, сүйінші сұрау, ат қою, бата беру, жарамазан айту, бесікке салу, тұсау кесу дәстүрлерін қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігің мұғалімдері аса шеберлікпен көрсетті. Сонымен бірге дене шынықтыру мұғалімдері ұлттық ойындар ұйымдастырды. 

Наурыз мейрамы
ғаламтордан

Қазақтың тағамы Наурыз көже, бауырсақ, тағы басқа да тағамдар таратылып, дәмнен ауыз тигізу дәстүрі өз жалғасын тапты.

Орнасын жүректе – нұр, көңілде – құт,

Сарқылмас дәстүрімді өнеге тұт.

Ұлыстың ұлы күні қадірменді,

Қош келдің!

Әз, Наурызым, төріме шық! – дей келе төл мерекеміз – Наурыз мерекесі құт әкелсін!