30 Наурыз 12:18

«Билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады» – Тоқаев

Фото:

Екі жарым ай бұрын, яғни қаңтардың 19-ы күні Мемлекет басшысы парламент мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасаған еді.

Астана, NEGE.  Сонымен қатар Президент енді мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланатынын айтқан еді.

«Осылайша, мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады», – деген сонда Тоқаев.

Сондай-ақ ол алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалатынын мәлімдеген. Ол сайлау да өтті. Екі айға созылған агитация мен сайлау алды бағдарламаларының таныстырылымын жасаған Мәжіліс пен мәслихат депутаттары да өз орындарына жайғасты.

VIII шақырылымға сайланған депутаттар

28 наурызда Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен VIII сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттарын тіркеу мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Отырысқа Парламент Мәжілісінің сайланған депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Отырыс ОСК Интернет-ресурсында да көрсетілді.

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Парламент депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткен жылдың маусым айында республикалық референдумда жалпыхалықтық дауыс беруден басталған үлкен сайлау циклін аяқтайтынын айтып өтті.

Төрағаның сөзінше, сайлауды өткізудің жаңа форматы азаматтардың саяси процеске қатысу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, тұтастай сайлау процесін жаңартты.

Мәжіліске 98 депутат тіркелді

Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісінің барлық 98 депутаты тікелей сайлау құқығы негізінде сайланғанын, яғни оларды тікелей ел азаматтар сайлағанын мәлімдеді.

Ол сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңның 24-бабына сәйкес Парламент депутатының өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретінде тіркеген кезден басталатынын атап өтті.

ОСК хатшысы Мұхтар Ерман VIII шақырылымына сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттарын Орталық сайлау комиссиясында тіркеу мәселесі бойынша тиісті шешімдердің жобасын әзірлегенін хабарлап, баяндама жасады.

Осылайша, ОСК қаулыларына сәйкес VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 98 депутаты тіркелді. Оның ішінде тіркелген алты саяси партияның партиялық тізімдері бойынша 69 депутат бар.

Атап айтқанда, "AMANAT" партиясынан 40 депутат, "Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясынан 6 депутат, "Ауыл" партиясынан  8, Қазақстан Халық партиясынан 5, "Respublica" партиясынан 6 және ЖСДП - 4 депутат және 29 депутат сайланды.

29 сәуір күні жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттары өз жұмыстарын бастап та кетті. Әрине, бұрынғы құрамнан қалған депутаттар саны да баршылық. Дәл сол күнгі Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Әлихан Смайылов басқаратын министрлер кабинеті жаңа Мәжілістің алдында отставкаға кетті. Ертесіне Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр лауазымына Әлихан Смайыловты қайта тағайындауға келісім берді. Солайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экс-Премьер-Министрді бұрынғы лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Енді таратылған үкіметтің құрамының қайта жасақталуы ғана қалып тұр.

Тегтер: