Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы: кітаптары қайта басып шығарылды
20 қараша Алматы қаласында Бердібек Соқпақбаевтің «Менің атым Қожа», «Меня зовут Кожа» және «Балалық шаққа саяхат» кітаптарының таныстырылымы өтті.
Іс-шараға Қазақ мемлекеттік заң академиясының Баспа орталығының директоры Самал Бердібекқызы Соқпақбаева, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхамед, "Қазақстан" РТРК АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Қайнар Қалиақпарұлы Олжай, ҚР Академиялық Ұлттық кітапханасының директоры Әлібек Асылбайұлы Асқаров, кітап таратушылар Ассоциациясының президенті Қойтанов Әділ Қаженбайұлы, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Ерлан Жүніс, айтыс ақын Серік Қалиев қатысты. Келген қонақтар кітап жайлы пікірлерін білдіріп, жылы лебіздерімен бөлісті.
«Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына – 100 жыл толған күн, ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Қазіргі таңда оның кітаптарының желісімен фильмдер түсіріліп, ескерткіштер орнатылуда. Бұл мәртебеге жазушы сөзсіз лайықты. Сондықтан бізде үлесімізді қосып, үш кітабын жарыққа шығарып отырмыз», – деді Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхамед.
Іс шарада «Атамұра» баспасы шығарған «Менің атым Қожа» кітабының бұрынғы нұсқасы таусылғаны айтылды. Қожа есімді ізденімпаз, мейірімді баланың өмір сүру салты мен көзқарасы, қылықтары барша оқырманды өзіне тартары сөзсіз. Тәрбиелік мәні бар туынды әрбір адамды мейірімді болуға, әрқашан қолдауға мұқтаж жандарға көмектесуді үйретеді. Осы себептен, жазушымыздың қай бір кітабы болмасын, әлі күнге дейін өзекті. Сұранысы жоғары.
«Негізі кейбір кітаптар болады, қай заман, қай кезең болса да оқырмандар қуалап отырып іздейтін. Ол кітаптар өз құндылылығын жоғалтпай, керісінше уақыт өткен сайын сұранысы күшейе түседі. Бұл туынды сондай кітаптардың қатарынан деп ойлаймын», – деді кітаптың таусылуына қатысты Р.Құл-Мұхамед.
Көрмеде таныстырылған жаңа кітаптардың ерекшелігі – оның мұқабасында. Дизайн үшін «Менің атым Қожа» фильмінен бір эпизод таңдалып, арнайы Қазақстанның әйгілі суретшісі Досбол Қасымовқа тапсырыс берілген. Шыққан кітаптарды орыс тілге аударумен жазушының қызы Самал Соқпақбаева өзі айналысатынын айтты. Сондай-ақ, ол жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға барған сапары кезінде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері француз тілінде «Менің атым Қожа» басылымын жариялағаны туралы сөз қозғады.
«Францияда шыққан кітапті көрдім. Оны белгілі жазушы, өте талантты аудармашы аударған. Сол жақтағы француздар бұл кітапты оқу барысында басынан аяғына дейін күліп отырғанын естідім. Соған қарағанда менің ойымша, әкемнің жазғаны да, аударылымы да керемет шыққан», – деді Самал Соқпақбаева.
Автор: Зере НАРБЕКОВА