12 Шілде 18:23

Үкіметке үндеу: Қазақстанда шұғыл түрде уақытша ауруханалар салу қажет

Фото:

Қазіргі жағдайда кім кінәлі екенін іздеуге уақыт жоқ. Оны құзырлы орындардан сұрайтын кез келеді. Мен үкіметтен шұғыл түрде ел аумағында жаппай уақытша аурухана, күндізгі стационар жасақтауды қолға алуды талап етемін! Едел-жедел қимылдамасақ, елдегі ауыр ахуал ХХ ғасырдың басында қазақ халқын қынадай қырған зобалаңды қайталайтын нәубетке айналуы әбден мүмкін.

Неге шұғыл?

Қазір біз шұғыл түрде өкпені жасанды желдететін, оттегі беретін аппарат сатып алу жағына көп көңіл бөліп кеттік. Әрине, ол дүние де елімізде қасқалдақтың қанындай тапшы. Ірі қалалардағы көп ауруханада  бірді-екілі аппарат тек жансақтау бөлімінде тұр. Ал көп өңірде аудан бойынша ондай аппарат жалғыз екенін білесіз бе? Бірақ бұл індеттің осыншама жайылып кетуінің себебімен емес, оның салдарымен күрес қана! Өйткені науқастардың ахуалы қажет ем, дәрі тапшылығынан күрт асқынып, осындай аппаратқа тәуелді болуда. Керек ем-дом жасалған жағдайда, ауруханаға қанындағы оттегі көлемі 50-ді көрсеткен науқастардың басым бөлігінің үш күн ішінде жағдайы күрт жақсаратынын дәрігерлер қауымы растайды деп ойлаймын. Демек, өкпені жасанды желдету құрылғысының тапшылығы бұл тек айсбергтің бізге көрінген ұшы ғана. Бар түйткіл тереңде, төменде жатыр.

Қазір аурухана атаулы науқасқа толып кеткен. Дәрігерлер жетіспейді. Өзім көрген Алматыдағы провизорлық стационарда 200 науқасты 1 ғана дәрігер қарауда. Оның өзінің мамандығы – нарколог. Дәрігерлердің арасында да өлім-жітім көп. Аурухананы былай қойғанда, Алматыдағы жекеменшік медицина орталығында маусым айында 6 бірдей дәрігер осы індеттен көз жұмған! Оның себептеріне кейін тоқталамыз.

Ауруханаға аяғы жетпегендер, танысы жоқ қолы қысқалары үйде емделуге мәжбүр. Ал ондайлардың қарасы мыңдап саналады. Дәл осындай шарасыз күйге түскен адамдардың басында бірнеше үлкен мәселе туындайды. Біріншіден, ауырған адамдарға диагноз қою жағы қиын. Тіпті мүмкін емес. Емхана бәрін қабылдай бермейді. Диагнозы белгісіз ауруды қалай және қандай дәрімен емдеуге болатыны түсініксіз. Міне, осыдан келіп, әркім әлеуметтік желіден оқыған, көршісі, танысы айтқан емді қолданып жанталасуда.  Адыраспан, ветеринарлық препарат, қытайдың шөп дәрісінің шипасы сияқты кейде қисыны қисық рецепттер ел ішінде кең тарауда. Мәселенің байыбына бармай жатып, түрлі ем-дом, дәріні жарнамалап жатқан танымал тұлғалар мен белгілі блогерлер де осындай ұнамсыз іске үлес қосуда. Емдеу хаттамасына жүгініп ем алатындар саусақпен санарлық. Оның үстіне ондай хаттаманы денсаулық сақтау министрлігінің сайтынан іздеп табудың өзі қиын. Ал өзге елдерде мұндай хаттаманы әрбір медицинаға қатысы бар беделді институттың сайтының бірінші бетінен көресіз. Бұл аралықта қаншама адам ауруын асқындырып алуда?

Екіншіден, іздеген дәрі де табылмай, алтын уақытты жоғалтуда. Ал бұл вируспен күресте әр минуттың қандай қымбат екенін бәріміз білеміз!

Үшіншіден, үйден ем алғандардың бәрі бірдей дәріні бұлшықетке сала алмайды, тамырмен еге алмайды. Мен бірқатар емханада 300-400 теңге тұратын дексаметазон, метрогил сынды ерітіндіні 500-1000 теңгеге салдырып жатырмыз деген адамдардың сөзіне куә болдым.

Төртіншіден, халықаралық емдеу хаттамасында бұл ауруды емдеу барысында науқастың қан құрамының жағдайын, жүрек соғысы мен қысымының деңгейін, қандағы қант мөлшерін, қандағы оттегі көлемін (сатурация) ұдайы тексеріп отырудың маңыздылығы шегелеп жазылған. Өйткені науқастың жағдайына қарап, дәрінің мөлшерін көбейту немесе емдеу әдісін күрт өзгерту қажет болады. Мұны тек аурухана жағдайында жасау мүмкін. Міне, осы факторлар еліміздегі індеттің өршуіне тікелей себепкер болуда!

Осыған байланысты үкімет  ел аумағында, әсіресе, індет өршіп кеткен өңірлерде уақытша аурухана, күндізгі стационар жасауды шұғыл қолға алуға міндетті. Көптеген елдегі дәл  осы тәжірибе жоғары тиімділігін көрсетті. Оған күні кеше ғана соңғы науқасын емдеп жазып шығарған Дубай әмірлігіндегі уақытша аурухананың жетістігі дәлел. Бұл – ауруханадағы орын жетіспеу, науқастардың диагнозын дұрыс қою, олардың ем шарасын ұйымдастыру секілді жоғарыда жазылған проблемаларды еңсеруге мүмкіндік беретін бірден-бір дұрыс шара!

Ірі қалалардағы, аудан орталықтарындағы, үлкен ауылдық елдімекендегі көрме павильондары, сауда орталықтары, спорт нысандары, концерт залдары секілді үлкен қоғамдық орындар, қажет болса, мешіт секілді діни орындар да уақытша аурухана, күндізгі стационарға айналдырылуы керек. Ауруханалардың жанында үлкен алаң болса, мүмкіндік қарастырылса, шатырдан уақытша аурухана қосындарын ұйымдастыруды ұсынамын. Соның арқасында аурухана дәрігерлері күніне бір мәрте уақытша стационарларға келіп, жағдайды көруге, қажет болса кеңес беруге мүмкіндік алар еді.

Мұндай уақытша аурухана, күндізгі стационарларға тек ауруы жеңіл немесе орташа науқастар ғана жатқызылуы керек. Бір бөлігінде дерті орташа, бірақ аурухана жағдайында бақылауда болуды қажет ететін науқастар жатып ем қабылдайды. Олардан оқшау, кірер есігі де бөлек орында вирус жұқтыру жеңіл деп танылған науқастар күнделікті дәрісін ектіріп, қажет болса қан сынамасын тапсыра алар еді.

Оқшаулау аймақтарын басқару

Мұндай уақытша аурухана, күндізгі стационар жұмысын ұйымдастырғанда профилактика және инфекцияны бақылауға алу шаралары тыңғылықты ұйымдастырылуы тиіс.

Көптеген елде медицина мекемелерінде «үш аймақ және екі есік» дейтін қағида жұмыс істейді: зарары көп аймақ, жұқпа ену қаупі бар аймақ және таза аймақ. Бұл аймақтардың шекарасы айқын көрсетіледі. Басқаша айтсақ, мұндай мекемелер бағдаршамның үш түсі: қызыл, сары, жасыл түстегі аймақтарға бөлініп жұмыс істеуі керек. Және келген науқаста қайда барамын деген сұрақ тумайтындай деңгейде ұйымдастыру қажет.

Әр науқас міндетті скринингтен өткен соң, кімнің қайда баратыны айқындалып, науқастың қолына қандай түстегі аймаққа баруы керегін көрсететін қағаз беру керек. Мұндай жерлерде мобильді рентген аппараттарын, қан сынамасын, ПЦР сынамасын алатын орындарды орналастыру қиын болмайды деп ойлаймын.  Тіпті сол жерде жедел жәрдем бригадасы да тұруы керек. Мәселен жағдайы ауыр науқас бірден сол жерден ауруханаға жөнелтіледі. Орташа күйдегі адамдар сол жердегі арнайы аймақта қалады. Ал дерті жеңіл өтіп жатқандар күнделікті қажет ем-домын салып беретін бөлек аймаққа өтеді.

 

Қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру

Әскери дәрігерлерден бөлек, ветеринарларды, медицина университеті мен колледжінің соңғы курс студенттерін, еріктілерді осындай мекемеге шұғыл жұмылдыру қажет. Уақытша аурухана құрылысын әскердің, ішкі әскердің күшімен де жасауға болады емес пе? Әрі әскерилер мен полицейлер мұндағы қоғамдық тәртіпті сақтайды.

Бірінші кезекте осындай мекемелерде істейтін қызметкерлер тыңғылықты дайындықтан өтуге және емтихан тапсыруға міндетті. Олар тіпті қорғаныш киімдерін қалай қауіпсіз киіп-шешу керегін жатқа білуі керек. Әсіресе, науқастарды қабылдайтын зарар деңгейі өте зор аймақтағы қызметкерлердің қауіпсіздік шарттарын білу деңгейі жоғары болуы тиіс. Және оларда ең сапалы қорғаныш киімдері, маскалар болуы керек. Біздегі дәрігерлердің арасындағы өлімнің өте көп болуының себебі, медициналық білігінің төмендігінен бұрын оларға берілген қорғаныш киімдер мен маскалардың сапасыздығында! Тіпті қытай дәрігерлері қазақ әріптестерінің киген қорғаныш костюмдерін көрген соң, ауруханаға кіруден мүлде бас тартқаны жайлы оқиға да белгілі.

Таза аймақта істейтін қызметкерлерді сапалы маска, қолғаппен қамтамасыз ету жеткілікті. АҚШ-та вирустың жеңіл түрімен жатқан науқастарды емдейтін дәрігерлердің тек маска киіп жүргенін байқадық. Яғни, бар күшті зарар мөлшері жоғары, тәуекелі үлкен аймақта істейтіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырған жөн.

Сонымен бірге қызметкерлерді бірнеше ауысыммен бөліп жұмыс істету керек. Жұқпалы бөлімдегілер күніне 4 сағаттан артық ауруханада қалмауы тиіс. Қызметкерлердің иммунитеті нашарламауы үшін үкімет оларды сапалы дәрумендермен қамтамасыз етуге, жұмыста тамағын тегін беруге міндетті.

Дәрі-дәрмек және емдеу жағын ұйымдастыру

«СҚ-Фармацияның» иен даладай қоймаларындағы иесіз жатқан, қанша адам сабылып іздеп жүрген дәрілер, бірінші кезекте коронавирусты, коронавирусты пневмонияны емдеу хаттамасында көрсетілген препараттар осындай уақытша аурухана, күндізгі стационарларға жеткізілуі керек.  Полимеразды тізбекті реакция (ПЦР-тест), рентген секілді ауруды анықтау шараларынан басқа барлық сынама тегін жасалуы тиіс.  Ал жоғарыда айтылған скрининг шараларының бағасын субсидия есебінен едәуір төмендетуге болады. Ұлт қауіпсіздігіне қатер төндірген апат жағдайында науқастар дәріні осы жерде тегін алуға және ақысыз салдыруға құқылы! Дәрілердің дер кезінде жеткізілуі мен жеткілікті қолданылуын құзырлы орган өкілдері мен бірге еріктілер де қадағалап отыруы керек!

Өңірлерді толық қамту

Еліміздің шалғай өңірлері бұл жалпыұлттық күрестен сырт қалмауы керек. Жергілікті жерлердегі осындай уақытша ауруханалар жағдайы ауыр науқастарды қалалардағы емдеу мекемелеріне жолдауы үшін пойыздарды ауруханаға айналдыру керек. Оларды да уақытша аурухана қағидасымен жарақтандыруға әбден болады деп есептеймін.

Дәл осы шараны шұғыл түрде қолға алсақ, елімізді меңдеп кеткен індеттің бетін қайтара алатынымызға өз басым шығар күндей сенемін. Мұндай ауруханалар ауырып жатқан науқастардың мейлінше көп бөлігін еммен қамтуға, бөлінген қаржыны тиісті мақсатқа тиімді жұмсауға және елдегі шын ахуалдың қандай екенін айқындауға мүмкіндік береді деп санаймын.  Сол кезде бәлкім жабылып шетелден қымбат аппарат алмаспыз, сабылып дәрі іздеп қиналмаспыз.

Осы ұсынысыма дәрігерлер мен мамандардан бөлек, барша жұртшылықтың үн қосып, пікір білдіруін сұраймын. Өйткені бұл –ұлт қауіпсіздігіне төнген қатерді тоқтатудың бір амалы. Біз қазір көрінбейтін жаумен қиян-кескі майдан салып жатырмыз. Ал соғыста жеңіске жету үшін  қисынға келетін барлық амал-айланы қолдану керек.

Тегтер: