12 Қаңтар 18:29

Отставка: Үкімет «ескі шапанын» шеше ме, жоқ па?

Фото:

Сайлау өтті. Жеңген партия бар. Енді ол жаңа үкімет жасақтауы тиіс. Барлық демократиялық елдерде солай. Бізде ше?

Біздегі жағдайда үкіметті қайта жасақтауға айта қоярлықтай негіз жоқ. Қағаз жүзінде болмаса. Десе де, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаздың орта тұсында Мәмин үкіметіне ультиматум қойып, жағдайды қолға алмаса, отставкаға жіберетінін ескерткен-ді. Бұл Ақорданың қазіргі үкіметке көңлі толмайтынын байқатқан. Сайлаудан кейін үкіметті ауыстыруға заңды негіз бар. Бірақ гәп шешімді кімнің қабылдайтынында болып тұр.

Сонымен, Мәмин қызметінен кете ме? Кетсе, орнына кім келеді? Қазіргі экономикалық қиыншылықтарды еңсеруге кімнің қауқары бар? Шешім қабылданғанда қандай жағдайлар ескеріледі? Бұл сауалдарға саясаттың төңірегіндегі тұлғалар жауап береді: 

Тоғжан Қожалиева, саясаткер:

Шешімді кім қабылдағанын жаңа тағайындалған премьерден білеміз

– Менің ойымша, үш кандидат бар. Атап айтқанда, Нығматуллин, Байбек немесе Бозымбаев. Осы үшеуінің – бірі. Бозымбаев болса, онда Тоқаевтың өзі шешім қабылдаған болады.

Нығматуллиннің амбициясы күшті. Ал Байбек – Елбасыға жақын. Осы адамдардың үкіметті басқарғанына қарап, шешімді Ақорда не Кітапхана қабылдағанын байқаймыз.

Нығматуллин – тәжірибелі аппаратшы. Соңғы кездері жақсы насихаты жүрді. Байбектің кемшілігі – сайлаудағы боялған «пайыздар». Қазір Байбектің жарнамасы күшті. Бұл оған кері әсер етуі де ықтимал. Елбасы да мұның шын мәлімет емес екенін жақсы біледі.

Андрей Чеботарев, саясаттанушы:

Ақорда мен Кітапхана келіседі

– Мәмин «Нұр Отанның» атынан мәжіліске үміткерлердің тізімінде жүр. Бір нұсқа бойынша, ол парламентке кетуі ықтимал. Ол кезде үкіметтің жаңа басшысын тағайындау қажет болады. Бұл лауазымға Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмекшісі Қанат Бозымбаев сай келеді. Ол – көрнекті дағдарыс-менеджерлерінің бірі. Басқа үміткерлерді алсақ, қазіргі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті атауға болады. Осындай тұлғалар бар. Бәрін санап шығуға қажеттілік жоқ.

Мәмин өз орнында қалуы да ғажап емес. Өйткені пандемия әлі аяқталған жоқ. Тағы да мүмкіндік берілуі ғажап емес. Басқа қырынан алғанда, үкіметтің өзі нені өзгертуге болатынын бажайлап қарайтын шығар. Мен осы екі нұсқаны қарастырып отырмын. Әрине, бұл мәселе Ақорда мен Кітапхана арасында келісіледі. Онсыз болмайды.

Дос Көшім, саясаткер:

Мәминнің қалғаны немесе кеткені маңызды емес

– «Үкімет отставкаға кетеді» деген сөз классикалық демократиялық елдерде парламент сайлауынан кейін жеңіске жеткен партия өзінің үкіметін жасақтайды дегенді білдіреді. Соған байланысты айтылған сөз, соған байланысты өзгеретін үкімет. Бізде сондай мәлімдемелер айтылды. Бірақ «сол партия қайта билікке келсе, үкіметті отставкаға кетті деп санауға бола ма?» деген сұрақ туады. Үкімет басшысы сол партияның адамы, билік сол партияның қолында қалды. Олар қайта жаңартпайтын шығар. Бәрі сол «Нұр Отанның» адамдары. Сондықтан ештеңе өзгермейді. Мәселе кімдердің үкімет басына келетінінде емес, сол адамдарды кімдердің қызметке қоятынында.

Рас, тамаша мамандар бар шығар. Жақсы бағдарламалары бар шығар. Бірақ шешімді «Нұр Отан» қабылдайды емес пе? Мминнің орнында қалғаны немесе кеткені мүлде маңызды емес. Оның орнына кім келсе де, билікте отырған сол топтар. Мәселе жеке адамдарда емес, билік жүйесінде. Жүйе – нан жабатын қалып сияқты. Қалыпқа қамырды қалай салсаң да бірдей болып шығады.

Тегтер: