3 Қараша 16:22

Миттал – «жаналғыш», «АрселорМиттал Теміртау» – ажал ошағы

Фото:

Үнділік миллиардер Лакшми Митталдың иелігіндегі шахтада бүгін түнде қаза тапқан кеншілердің аты-жөні белгілі болды. Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Президент Қ.Тоқаев шахтерлардың отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдады.

«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырдым», – деп жазылған жеделхатта.

Фото: liter.kz

Шахтинскідегі Ленин атындағы шахтада болған апаттан бес адам ажал құшты: 1. Бойченко Дмитрий Игоревич (1991), 2. Санжаров Андрей Павлович (1980), 3. Инкин Денис Анатольевич (1984), 4. Кашкей Арман Кадиржанулы (1993) 5. Ынтыбеков Маргулан Серикулы (1996).

Қаза тапқандардың артында әке-шешелері, жұбайлары, өрімдей жас балалары қалды. Митталдың «ажал ошағы» атанған шахталарында қыршындар қашанғы қиыла береді?!

Соңғы 16 жылдың өзінде «АрселорМиттал Теміртау» шахталарында жүзге жуық адам ажал құшыпты!

Осындай бірнеше адамның өмірін қиған апаттардан соң Қазақстан билігі заңды күшейтетінін мәлімдеуден жалықпайды. Бірақ Митталға бәрібір сияқты.

NEGE порталы миллардер Лакшми Митталдың Қазақстандағы былығы туралы бірнеше зерттеу жариялаған.

«Арселор МитталТеміртау» 1997 жылы Қазақстан үкіметімен келісім шарт жасасып, Қарағанды облысындағы бірнеше көмір кенішінен таскөмір мен метан газын өндіру құқығын алған.

Фото: pikabu.ru

25 жылға берілген бұл келісімшарттың мерзімі биылғы жылдың 21 қаңтарында аяқталуы тиіс болатын. Митталдың алаңсыз жұмыс істеп, кеншілерін «көміп тастап» жатқанына қарағанда, келісімшарттың мерзімі ұзартылғанға ұқсайды. Ал мұның арты неге әкеліп соғып жатқанын бәріміз көріп отырмыз.

«Билік Митталмен келісімшартты ұзартуға құлықсыз» деген әңгімені де құлағымыз шалған. Бәлкім билік енді мықтап ойланар?

Алдымен Тринидад пен Тобагоны, одан соң Мексика мен Канаданы «жаулаған» үнділік миллиардер Лакшми Митталдың Қазақ жерінің бір бүйірін тесіп-сорып жатқанына да ширек ғасырдан асыпты...

Тегтер: